Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысының ірі кәсіполрындарында 1200-ден астам заңбұзушылықтар анықталды

17 маусымда Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасында еңбек заңнамасының сақталуын, оның ішінде ірі кәсіпкерлік субъектілерінің 2019 жылдан бастап 2022 жылдың өткен кезеңіне дейінгі еңбектік қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін тексеру нәтижелері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алқа жұмысына облыс әкімінің орынбасары Н.Жұмаділов және уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Шығыс Қазақстан – Республикадағы ең ірі өнеркәсіптік өңірлердің бірі. Онда өсу қарқыны бойынша бірінші орынды тау-кен өндіру саласы алады. Оның негізгі кәсіпорындары "Казцинк" ЖШС және "Востокцветмет" ЖШС екені белгілі. 

"Сондықтан Бас прокуратурамен келісім бойынша өткен жылдың желтоқсан айында прокуратура аталған кәсіпорындарды тексеріп, еңбек заңнамасының, өртке қарсы және өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитарлық талаптардың көптеген бұзушылықтарын анықтады", - деп атап өтті облыс прокуроры Алмат Байшолақов.

Соңғы 4 жылдағы ресми деректерге сәйкес облыс бойынша 688 жазатайым оқиғаның 174-і немесе ¼ -І тау-кен өндіру өнеркәсібі ұйымдарына тиесілі.

Өндірістік жарақаттану саны бойынша дәстүрлі түрде тау-кен металлургия саласы көш бастап келеді, онда барлық жазатайым оқиғалардың 25%  (174) және қаза тапқандардың 10%  (7) тіркелген.

23 мың адам жұмыс істейтін "Востокцветмет" және "Казцинк" ЖШС тексерулерімен еңбек жағдайларының сәйкес келмеуі, өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын елемеу, жарақаттану фактілерін жасыру, өндірісті жаңғыртудың болмауы және т.б. 1200-ден астам заң бұзушылықтар анықталды. 

Тексеру көрсеткендей, жоғарыда аталған өнеркәсіптік кәсіпорындардың кеніштеріндегі әрбір үшінші жұмыс орны қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.

"Востокцветмет" ЖШС-нің Орел кенішінің кеншілері 700 метр тереңдікте +42 градус температурада жұмыс істеді, ал норма +26 градус құрайды, онда күкірт газының мөлшері де асып түсті.

Малеев кенішінде ("Казцинк) және Ертіс шахтасында "Востокцветмет") 100% тозған 120-дан астам жабдық жұмыс істеген.
Әрбір шахтада жарықтың, ауаны тазарту жүйесінің, бекітпелердің болмауы тіркелген. Барлық бұзушылықтар бойынша прокуратура қадағалау актілерін енгізді.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі - жасырын жарақат. Талдау барысында облыс кәсіпорындарында осындай 16 факті анықталды. Негізінен, жұмысшылар жұмысынан айрылудан қаауіптенеді, сондай-ақ, басқа себептер болуы мүмкін. Өндірісте жазатайым оқиғаны жасыру зардап шеккен қызметкерді заңда көзделген қолдау шараларынан айырып, жұмыс берушіні жауапкершіліктен босатуға әкеп соғады.

Анықталған бұзушылықтар бойынша облыстың прокуратура органдарымен 6 қадағалау актісі енгізілді, 1 қылмыстық іс және 22 әкімшілік іс қозғалды, оның ішінде 13 млн.теңгеден астам айыппұл, 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың барлығы дерлік жойылды. 

Шахталардың жеті кенжарында қосалқы шығу жолдары төселді, 15 қауіпті жерде бекіткіштер орнатылды, қысыммен жұмыс істейтін 39 ескірген жабдықтар (Тишинский, Шубинский, Риддер-Сокольный кеніштері) жаңғыртылды, сараптамадан өтті және жұмысқа қайта қосылды. Алғаш рет өнеркәсіптік қауіпсіздік Департаментінің талап-арызы бойынша температуралық режимнен асқан екі кенжардың қызметі сот шешімімен тоқтатылды.

Алқа отырысына қатысқан "Казцинк", "Востокцветмет"  ЖШС-нің өкілдері еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуына бақылауды күшейтіп, кәсіпорындардың жағдайын жақсарту, оның ішінде қаржыландыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз деп сендірді.

Сондай-ақ, отырыста кәсіптік аурулардың алдын алудың проблемалық мәселелері талқыланып, оның қорытындысы бойынша еңбек және денсаулық сақтау Министрліктеріне тиісті хаттар дайындау туралы шешім қабылданды.
Облыс полиция Департаменті өз кезегінде еңбекті қорғау ережелерін бұзу туралы қылмыстық істер бойынша тергеу тәжірибесіне терең талдау жүргізетіні туралы баяндады.

Қорытындылай келе, облыс прокуроры уәкілетті мемлекеттік органдарға еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жағдайын жақсарту бойынша қажетті шаралар қабылдауды, өндірісте жарақаттанудың алдын алу мен бақылауды күшейтуді тапсырды.

"Азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігі жұмыс берушілер үшін де, бақылаушы органдар үшін де негізгі басымдылық болуы тиіс", - деп атап өтіп, соңында, 2022 жылдың қорытындысы бойынша осы саладағы жағдайды талдауға оралуды тапсырды.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.  

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 29 Маусым, 2022 16:14
Талқылау