Шығыс Қазақстан облысында 23 жастағы азамат көршісімен жанжалдасып, оның терезесіне оқ атқан
Шығыс Қазақстан облысында 23 жастағы азамат көршісімен жанжалдасып, оның терезесіне оқ атқан. Нәтижесінде мүлт кетіп басқа тұрғынның терезесін сындырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицияның мәліметінше 23 жастағы жас жігіт көршісімен жанжалдасқан. Ол сол күні кешке жәбірленушінің үстіндегі қабатта тұратын көршісімен төбелескен. Күдікті сыртқа шығып, өкпеге бой алдырып, мылтығын нысанаға бағыттаған. Бірақ оқ басқа көршісінің терезесіне тиген.
Алтай ауданының полиция бөліміне қала тұрғыны хабарласып, кешкі уақытта белгісіз біреу оның пәтерінің терезесіне оқ атып, сол арқылы 50 мың теңге көлемінде шығын келтіргені жеткізілген.
“Ұсталған азаматтың үйін тінту барысында полицейлер 12 калибрлі екі патрон, бір ұңғылы ИЖ-18 ЭМ-М аңшы мылтығы және 12 калибрлі үш гильза, бірдей калибрлі 8 патрон тәркіледі. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бабының санкциясында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі жаза қарастырылған”, – делінген хабарламада.