Шығыс Қазақстан облысында әйел танысын зорлады деп айыптап ақырында өзі істі болды
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру кезінде зорлау туралы жалған хабарлау фактісін анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында 2024 жылдың ақпан айында азаматша Ш өзінің танысы К-мен пәтерде масаң күйінде онымен өз еркімен жыныстық қатынасқа түскені анықталды, ал келесі күні ол құқық қорғау органдарына танысы өзін зорлағанын айтып, жалған мәлімдеме жасаған.
Әйелдің қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жазықсыз адам қылмыстық қудалауға ұшырап, Өскемен полиция басқармасының күштері жалған қылмысты тергеуге жұмсалды.
Қыз зорлады деп айыпталған Жанқош Тұраровқа қатысты қылмыстық іс қайта қозғалды
“Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде "жалған жәбірленуші" “ауыр қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған хабарлау” бабы бойынша қылмыс жасаудағы өз кінәсін толық мойындады және кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді”, – делінген хабарламада.
Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда әйел үйіне жасырын кіріп, өзін зорлаған ер адамға сотта кешірім берген еді.