"Енді жұмыс істеудің мәні жоқ": Елімізде жүздеген кәсіпкерлер локдаунның салдарынан құрдымға кетті
Ірі сауда орталықтарындағы кәсіпкерлер мен жекеменшік білім беру мекемелерінің басшылары Алматыда да карантин шектеулерін алып тастауды сұрап отыр. "Пандемияда онсыз да пайдадан қағылдық" деген бизнес өкілдері шығынға баттық деп ашынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұл орталықтар қала қауіптің "қызыл" аймағына кіргелі қызметін тоқтатқан.
Қаланың қақ ортасындағы ірі сауда кешені Алматы қауіптің "қызыл" аймағына кіргелі қызметін тоқтатқан. Ғимарат қаңырап бос тұр. Оның ішіндегі бутиктер, ойын-сауық және тамақтанатын орындардың есігіне қара құлып салынғанына екі аптаға жуықтады. "Пандемияда онсыз да пайдадан қағылдық" деген кәсіпкерлер қызметімізді жандандырып үлгермей, қайта жабылдық деп күйінеді.
"Орта және шағын бизнес қазір банкроттың аз-ақ алдында тұр. Карантиндегі қиындықты көтере алмай жабылып қалған компаниялар да көп. Мәселен, менің қол астымда 100 адам жұмыс істейді. Оларды үйіне жіберуге мәжбүр болдым. Сауда орталығы ең қауіпсіз жер деп ойлаймын. Қалада кесел кеулеп тұрғанын түсінеміз. Шектеу шаралары енгізілсін, бірақ сауда үйі толық жабылмаса жақсы болар еді", - деді кәсіпкер Анна Яковлева
Бизнес өкілдері жалға алу құны, коммуналдық төлем мен қарамағындағы қызметкерлерінің жалақысын төлей алмай тығырыққа тірелген. Осы тұста нәпақадан айырылған сатушылар мен жұмысшылар да мұңын шақты.
"Карантинге байланысты жұмысымды қысқартты. Қиналып кеттік. Жалғызбасты анамын, қызым бар, пәтер жалдап тұрамыз. Басқа кіріс көзі жоқ. Осы жұмысқа ғана қарап отырмын. Мен сияқты жұмысшылар көп. Олардың да отбасы, бала-шағасы бар. Барлығы пәтер жалдайды", - деді аспаз Гүләйым Жұманова.
Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы шыққалы қаладағы жекеменшік білім беру мекемелері де қып-қызыл шығынға баттыпты. Мегаполистегі тіл курстары, мектепке даярлау мен балаларды дамыту орталықтарының басшылары жастардың білім деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік берілсін дейді.
"Жеке білім беру орталықтары мемлекеттегі білім беру жүйесінде маңызды орын атқарады. Біріншіден, балалар мектептегі факультативті сабақтан толық игере алмай, қосымша түрде бізден ала алады. Біз шетелдік тәжірибені қолданамыз. Жұмысымыз жабылса, жұмыссыздыздық көбейеді. Біздің сұрайтынымыз, мектептер мен мемлекеттік балабақшалар сияқты 15 емес, ең құрығанды 10 баламен жұмыс істеуге рұқсат берсін", - деді кәсіпкер Нұртай Әбдікәрім.
- "Жұмыс беріңдер": Теміртаудағы дәмханалар мен мейрамханалар ерекше акция бастады
- Ауыл жастарында қандай мүмкіндіктер бар? Ауылдан шыққандар өздерінің артықшылықтары жайлы айтты
Қалада тірлігі тұралаған осындай 800-ге жуық жекеменшік білім беру мекемесі бар. Барлығы санитарлық ережелерді қатаң сақтауға дайын. Тек шаһардың бас санитар дәрігері шешімін өзгертсе деп тілейді.
Онлайн оқу басталғалы ұл-қыздарын қосымша сабаққа әкелетін ата-аналар да жеке білім беру орындарының маңызын ерекше атады.
"Онлайн оқу басталғалы көп мұғалім сабақты жеткізе алмайды. Біздің балалар ондайға үйренбегеннен кейін қабылдауы өте қиын. Балалар оффлайнға үйренген.Менің балам физиканы жек көретін. Ал осындай орталыққа келгелі оның қызығушылығы артып олимпиадаға қатысты. Мұндай орталықтардың қолданатын әдістемесі ұнайды. Балаларды қызықтыра біледі", - деді ата-ана Жанар Ақбасова.
Қаланың санитар мамандары карантин талаптарын жеңілдетуге әлі ерте деп отыр. Жауапты департамент өкілдері жұқпалы дерттің таралу қаупі сейілгенде ғана қаулыға өзгеріс енгізілетінін айтады.
"Вирустың негізгі таралатын орындары қоғамдық жерлер, сауда орталықтары, сауда үйлері, басқа да қоғамдық тамақтану орындары, сән салондары. Сондықтан жауапкершілік екіжақты екенін қайталап айтқым келеді. Шағын бизнес субъектілері коронавирус таралу индексі төмендемейінше, шектеулер алынбайды", - деді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Алматы қауіптің "қызыл деңгейіне" 10 наурызда кірген. Сол уақыттан бері қалада эпидахуал нашарлап науқастар күрт көбейді. Мамандар ауру асқынып тұрған шақта шектеу шараларын алып тастау өте қауіпті деген пікірде. Сондықтан олар кәсіпкерлерге сәл шыдам танытуды сұрайды. Соған қарамастан "шығынға баттық" деп шырылдаған бизнес өкілдері Жандарбек Бекшин "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын" әділетті шешім шығарады деген үмітте.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
