Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Щучинскіде жарылыс кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 2 миллион теңгеден өтемақы беріледі

Фото: Видео кадрларынан

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов Щучинскіде жарылыс кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына 2 миллион теңгеден өтемақы берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов трагедиядан кейін көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтты.

“Қаза тапқан жеті адамның әрқайсысына біржолғы 2 миллион теңге төленеді. Жарақат алғандарға – 1 миллион теңгеден беріледі. Қаза тапқандар арасында бір кәмелетке толмаған бала бар. Әкімнің айтуынша, жергілікті билік жерлеуді ұйымдастырып, марқұмдардың туыстарына жерлеу рәсімдеріне көмек көрсетеді”, – делінген хабарламада. 

Сотқа дейінгі тергеу қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлімі "Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне себеп болу" бойынша жүргізілуде. Бұл бап бойынша 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.



Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Щучинскіде болған жарылысты тергеу үшін ведомствоаралық комиссия құру туралы бұйрық берді. Комиссия құрамына:

  • Ішкі істер министрлігі,
  • Денсаулық сақтау министрлігі,
  • Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі,
  • Энергетика министрлігі,
  • Өнеркәсіп министрлігі,
  • Әділет министрлігі,
  • Сауда министрлігі басшылары, сондай-ақ Ақмола облысы әкімдігінің өкілдері кірді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оларға оқиғаның себептерін жан-жақты әрі объективті түрде зерттеп, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін нақты шаралар әзірлеу тапсырылған.

Еске салайық, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.

STAN.KZ
Жұма, 27 Ақпан, 2026 14:39