Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шейхпен кездестіріп, мансапта көтерілуіңе көмектесеміз": Экстремистік діни лидерлердің психологиялық тактикасы қандай

Қазақстанда 17 жас және орта жастағы 27 адам экстремистік діни ағымдардың құрамына кіріп, терроризмге қатысты қылмыс жасаған. Бұлардың бәрі – жоғары немесе арнаулы орта білімі бар жұмыссыз азаматтар. Өкінішке қарай, діннен сауаты жоқ жандар радикал ұйымдардың арбауына түсіп, қоғамға зиян келтіріп отыр. Экстремистік діни лидерлердің психологиялық тактикасын және олар адамдарға қалай манипуляция жасайтыны туралы Stan.kz тілшісіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының психолог маманы, дінтанушы Ақмарал Абдукеева толығырақ айтып берді.

Фото: Stan.kz / Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Психолог Ақмарал Абдукееваның айтуынша, қазір жастардың көбі әлеуметтік желілер арқылы немесе жақын ортасының ықпалы салдарынан экстремистік діни ағымдарға тартылады.

"Лаңкестік әрекет аймақтарына барған адамдардың 85%-ы әлеуметтік желілер арқылы экстремистік топтардың диллерлеріне алданып қалған. Статистикаға сәйкес, қазір әрбір төртінші қылмыскер – колледж студенттері, яғни 17 жасқа толмаған жасөспірімдер. Діни лидерлер және террористік топтардың жетекшілері жастарды жалдауға көп көңіл бөледі. Себебі оларға компьютерлік технологиялар, спорттық және әскери дағдылар бойынша кәсіби білімі бар жас шығармашыл адамдар қажет", – деді Ақмарал Абдукеева.

Дінтанушының сөзінше, экстремизм – адамның немесе топтың мақсаттарға жету үшін экстремалды әрекеттер жасап, зорлық-зомбылық құралдарын ұстануы.

"Экстремизмнің келесі түрлері ажыратылады: саяси, ұлттық, діни. Ұлттық экстремизм "өз халқын", оның экономикалық мүдделерін, мәдени құндылықтарын қорғау ұрандарымен, әдетте, сол аумақта тұратын басқа ұлт өкілдеріне зиян келтіреді. Діни экстремизм деп бір немесе басқа діндердің келіспейтін өкілдеріне төзбеушілік түсіндіріледі. Кейінгі жылдары "Ислам экстремизмі" мәселесі шиеленісе түсті. Ал саяси экстремизм деп қолданыстағы конституциялық жүйеге қарсы қозғалыстар мен ағымдарды айтамыз", – деді дінтанушы.

Ақмарал Абдукееваның айтуынша, экстремистік діни ағымдарға тартылған адамдардың негізгі бөлігі – діни сауаты жеткіліксіз адамдар. 

"Олар Алла Тағаланың нені қалайтынын анық білеміз" деген радикалдарға сенеді және кейбір аяттардың мәнін өзінше түсіндіреді. Сонымен бірге олар дінді қолданып, тек өздеріне сәйкес келетін жазба мәтіндерін пайдаланады. Солардың бірінде – Құранды мысалға келтіріп, тура жолдан адастырады. Мысалы, радикалдар көбіне "жиһад" ұғымын кәпірлерге қарсы соғыс, исламды уағыздамайтындарды жоюға шақыру деп түсіндіреді. Негізінде, Құранда "жиһад" – бұл ең алдымен адамның ішкі теріс қылықтарымен күресуі, өзін түзеуі, рухани тазару және гуманистік құндылықтарды жетілдіруі", – деп түсіндірді дінтанушы Ақмарал Абдукеева.

Фото Ақмарал Абдукееваның жеке архивінен алынған

Бұдан бөлек, ол экстремистік діни жетекшілердің психологиялық тактикасына тоқталды.

"Діни жетекшілер өз ізбасарларының эмоцияларын манипуляциялау, топта ерекше және маңыздылық сезімін тудыру, мойынсұнушылық пен мойынсұнуға шақыру, сыртқы әлемді демонизациялау және "басқаның" жауын құру сияқты міндеттерді орындайды. Олар сондай-ақ адамдарды өздерінің сенімдері мен әрекеттерінің дұрыстығына сендіру үшін үгіт-насихат, ақпараттық бақылау және рухани қысым көрсету тактикасын қолданады. 

Бұл шарттарды бұлжытпай істеген адамға өзін діни мәселелер бойынша беделді кісілердің бірі "шейхтің өзі" оған қызығушылық танытқанын хабарлайды. Шейхпен кездестіріп, мансапта көтерілуіңе көмектесеміз деп арбауына түсіреді.

Ақмарал Абдукеева бас прокуратураның мәліметін мысалға келтіріп, 2023 жылы Қазақстанда экстремизм мен терроризмге байланысты қылмыстар үшін 122 адам қылмыстық жауапқа тартылғанын айтты.

Дінтанушы лаңкестік топтардың арбауына түсіп қалмау үшін мынадай шарттарды орындау керек екенін айтты.

  1. Жаңа таныстық кезінде адамға қатты сенбеңіз. Сақ болуға тырысыңыз.
  2. Егер сізге бейтаныс нөмірден түсініксіз мазмұны бар хабарлама келсе, оған жауап бермеңіз.
  3. Әрдайым өзіңізге дәл қазіргі сәтте не керек екенін және не болып жатқанын түсініңіз. Бақылаушы қабілеттерін дамытыңыз, басқа адамға сұрақ қоюдан арланбаңыз: "Маған мұны не үшін айтып отырсыз?", "Бұл сізге не үшін керек?".
  4. Интернеттегі шолулардан бастап, ішкі істер министрлігінің есептеріне дейін тақырыпты толық зерттеп алыңыз. Кез келген ақпаратты екі рет тексеріңіз.
  5. Көшеде сізге жақындап, діни ұйымның жиналысына қатысуды ұсынатын уағызшылармен диалогқа түспеңіз.
  6. Егер сізге парақша, брошюра немесе діни журнал ұсынылса, оларға рахмет айтып, сыпайы түрде бас тартыңыз.
  7. Миссионерлік уағыздаушылардың мақсаты сізді олардың ілімдерін қабылдауға сендіру екенін есте сақтаңыз. Сіздің мақсатыңыз – соны анықтау және экстремистік діни ұйымның торына түсіп қалмау.
  8. Егер сізге экстремистік әрекетке бару ұсынылса, келіспеңіз. 
  9. Егер қауіп төнсе, бұл туралы жақындарыңызға айтып, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуын сұраңыз.
Талқылау