Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шетінен қирап жатыр": Шымкентте көпқабатты үйдің қабырғасы сөгіліп, қисайып кеткен

Шымкентте көпқабатты тұрғын үй қауіпті мекенге айналып барады. Қаланың қақ ортасындағы 60 пәтерлі баспананың қабырғасы сөгіліп, бір жағына қарай қисайып тұр. Бұл көріністен зәре-құты қалмаған тұрғындар биліктің бейғам жатқанына өкпелі. Үй бастапқы қалпынан 15 сантиметрге дейін ауытқып кетіпті. Сондықтан, тездетіп амалын қарастырмаса, үйінді астында қалып қоямыз ба деп үрейленіп жүр. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. 

«Осылай жүргенімізге 3 жыл болды. Әкімдікке де, басқа жаққа да барамыз. Барлығы «мақұл-мақұл» дейді. Тексереміз, көреміз дегенімен, ешқандай қозғалыс жоқ», - дейді ашынған тұрғындар.

Бәйдібек Баймұратовтың Шоқан Уәлиханов көшесіндегі үйде тұрып жатқанына 25 жыл болыпты. Алғаш сатып алған уақытта бұл баспана қаладағы ең мықты деген үйлердің бірі болатын еді, дейді. Алайда соңғы үш жылдан бері отағасы түгілі, мұндағы жұрттан маза қаша бастаған. Салынғанына 45 жыл толған үй біртін-біртін артқа қарай қисайып барады.

«Түнде жатқан кезде тырс-тырс етіп тықылдайды. Сонда ол шөгіп жатқан болар. Бұл үйдің бәрі кетті. Екінші подъезд деген жарылып бітті», - дейді тұрғындардың бірі Бәйдібек Баймұратов.

Үйдің бір жағына қарай қисая бастағаны сол-ақ екен, қабырғалар сөгіле түскен. Әсіресе, 3-інші қабаттан жоғары қарай анық байқалады. Бетон плиталар ажырап, баспалдақтар қабырғадан бөлінген. Бұл көрініс биыл пайда болыпты. Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса, күндердің күнінде үйінді астында қалуымыз мүмкін, дейді тұрғындар.

«Өткен жылы мұнда жөндеу жұмысын жүргіздік. Көршілер болып, барлығын жаңаладық. Енді міне, жыл өтпей жатып-ақ, тозығы жеткендей күйге түсті. Шетінен қирап жатыр», - дейді тұрғын Ирина Галиева. 

Пәтер иелері төтенше жағдайлар басқармасы мен әкімдікке бірнеше мәрте хат жазыпты. Осыған сәйкес, тұрғын үй инспекциясының мамандары ажырап кеткен нүктелерге өлшем белгілерін қоймақшы болған. Үйді техникалық зерттеу және сейсмикалық күшейту жұмыстарына деп бюджеттен 360 мың, кейінен 870 мың теңге сұратыпты. Бірақ қазынада қаржы жоқ деп, кейінге қалдырылған екен.

«Төбені 3 мәрте жаптық. Ақшаны өзіміз жинадық. Енді үй ауған сайын шатырдағы қара қағаздар жыртылып, су қайтадан ағып жатыр. Қашанғы жаба береміз? Жұрттан ақша сұрауға да ұялады екенсің. Зейнеткерлер де бар», - дейді Бәйдібек Баймұратов.

Үш жылда Шымкенттегі 157 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс болған екен. Алайда қала өз алдына республикалық маңызға ие статус алғандықтан, аяқ астынан қазына қаржысы қайта саралануға жіберілген. Сөйтіп, ауқымды жұмыстар кейінге шегеріліпті. Соның ішінде Уәлиханов көшесіндегі 202 үй де бар.

«Бұл мәселені шешуді қолға алдық. Еңбекші аудандық әкімдігі қаржыға тапсырыс берді. Бюджеттен ақша бөлінсе, әлгі үйге техникалық зерттеу жүргізіледі. Соның қорытындысына сәйкес, қандай жұмыстар атқарылатыны белгілі болады», - дейді Шымкент қалалық тұрғын үй, комманулдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз.

Шенеуніктің сөзінше, әкімшілік процедуралары шамамен 40-45 күнге созылуы мүмкін. Осы күндер аралығында мердігер үйдің қазіргі жағдайымен танысып шықпақ. Тек содан кейін жұмыс басталуы тиіс.

Талқылау