Шетелдік онлайн дүкеннен алған тауарға 15% салық енгізілмек: Мұндай өзгеріс Қазақтан нарығына қалай әсер етеді
Қазақстанда шетелдік онлайн дүкендерден тапсырыс беріп, тауар алатындар үшін қосымша салық енгізілмек. Еуразиялық экономикалық комиссия әкелінетін өнімге салынатын салықтардың мөлшерін 5-тен 15%-ға дейін өзгертуді қарастырып жатыр. Мұндай өзгерісті саудагерлер қалай қабылдап отыр және салық тауар бағасының өсуіне әкелмей ме? Stan.kz ақпарат агенттігі осы сауалдарға жауап алып көрді.
Фото: Unsplash.com
Шетелдік онлайн дүкендерден алынатын тауарларға мұндай салық неліктен салынбақ?
Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлеріне:
- 5% баж салығы белгіленуі мүмкін. Олар: ет, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, көкөніс, астық және жарма өнімдері, алкогольді және алкогольсіз сусындар. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп өнімдері, асыл тастар, құрылыс материалдары мен көлік құралдары.
- Жануарлар мен өсімдіктердің, жемістер мен жаңғақтардың, кофенің, шайдың және какаоның, жануарларға арналған жемшөптің, химиялық заттардың, соның ішінде дәрілік заттардың, баспа өнімдерінің, тоқыма бұйымдарының, қара және түсті металлургия өнімдерінің, электр құрылғылары мен оптика импортына 5% ең аз мөлшерлеме қолданылады деп болжанды.
- Басқа санаттар үшін онлайн платформалар арқылы сатып алынатын тауарлардың импорты бойынша мөлшерлеме 10% болуы мүмкін.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Еуразиялық экономикалық одақтың мемілекет басшылары 2023 жылдың 25 желтоқсанында 2017 жылдың 11 сәуіріндегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды.
Енгізілген өзгерістердің мақсаты:
- сыртқы электронды сауда шеңберінде көленкелі экономикамен күресу мақсатында кедендік реттеуді ұйымдастыру;
- сыртқы электронды сауда шеңберінде сатып алынған тауарларды реттеу ерекшеліктерін айқындай отырып, жеке санатқа бөлу;
- электронды сауда операторы институтын (бұдан әрі – Оператор) енгізу;
- кедендік декларацияның жаңа түрі – электронды сауда тауарларына арналған декларацияны қолдану;
- Еуразиялық экономикалық комиссия электронды сауда тауарларына қатысты жаңа бірыңғай кедендік баж енгізу;
- кеден қоймасының кедендік рәсімін пайдалана отырып, Оператордың қоймасынан жеке тұлғаларға тауарларды жіберу.
“Сатушылар үшін бұл ыңғайсыз”
Шетелдік онлайн дүкендерден тауар алып, сататын Айша Асхатқызы мұндай салық кез келген адамға ыңғайсыз болатынын айтып отыр. Оның сөзінше, тауарды шетелден алдыратын адамдар үстінен онсыз да көп таппайды.
"Салық қойғандары шынымен өте ыңғайсыз. Жарайды, Қытай, Түркиядан көп зат алдырып, сатасың ғой. Бірақ қазір адамдардың бәрі өздері де тапсырыс жасай алады. Мұндай кәсіп жасайтындардың өзі соншалықты бір пайда көрмейді. Адам өзі арзанға сатып алса, оның үстіне оған салық қойып қойса, не болады? Мысалы, шетелден зат алдыруға 200 еуро лимит қойып қойды, жеткізуінің өзі қымбат", – деді ол.
Бұдан бұрын Айша сияқты байерлер кез келген заттың құны 1000 еуродан асса, салық төлейтін. Қазір қысқарған, 200 еуродан асса, салық төлейді.
"Мысалы, Pinduoduo, Taobao, 1688 – қытайдың маркетплейстары. Қазір бұлардан сатып алсақ, салық төлемейміз. Бірақ бұдан бөлек банк комиссиясы бар. Мысалы, Kaspi арқылы алсаң, 6% комиссиясы бар. Сондықтан қымбат тұратын заттарды бұл банкпен алмауға тырысамыз, себебі көбірек төлейміз. Екінші орында АҚШ-тың маркетплейстары. Олар көбіне Amazon, eBay. Бұларда да комиссия болмаған. Бұлай салық қою себебі біздің елде адамдардың тендерге көп қатысуынан шығар дедім. Дегенмен тендерге қатысушылар да жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, олардың бәрі салық төлейді. Сондықтан мұндай өзгерістерді неге енгізіп жатқанын түсінбедім", – деп шағымданды байер.
Салықтың проценті өскен соң Қазақстанда тауар қымбаттай ма?
Қаржы аналитигі Арман Бейсембай мұндай салық енгізілсе, әлбетте азық-түлік пен өзге де тауарлар қымбаттайды деп отыр. Әсіресе, киім-кешек, косметика сияқты тауарлар көбірек қымбаттауы мүмкін, себебі дәл осы тауарларға 10% салық қарастырылып жатыр делінген.
"Бұдан соң әрине тауар қымбаттайды. Себебі солардан сатып алып, қайта бізге сататындар ұтылғысы келмейді де, төлеген салықты тұтынушыдан өндіріп алады. Демек енді алып жүрген тауарларымызға бұдан да көп төлейміз. Үстіндегі ақшаның бәрін тұтынушы төлеуге мәжбүр болады. Не нәрсеге салық салады, сол тауардың бәрі қымбаттайды. Болжаудың да қажеті жоқ, бәрі айдан анық нәрсе. Енді шетелдік дүкендер мен брендтерден тауар алғысы келетіндер бұл қызметке қазіргіден де көп төлейді", – деді қаржы аналитигі.
Шетелдік онлайн дүкендерден тауарды тапсырыспен алдыру – жаңа экономика. Электронды коммерция белсенді түрде ірі сауда орындарын ығыстырып жатыр, бұл рас. Baker Tilly Qazaqstan Advisory халықаралық компаниясының деректеріне сенсек, Қазақстанда бөлшек электронды коммерция нарығы 2023 жылы 79% өсті. Өткізу көлемі 2 триллион 400 миллиард теңге болды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі электронды коммерцияның үлесі 12,5%-дан асты.
Қаржы министрлігі 5-тен 15%-ға дейін өзгертулер қарастырылып жатыр деген ақпаратты түсіндірді
Дегенмен Қаржы министрлігі тауарлардың санаттарына байланысты 5-тен 15%-ға дейін өзгертулер қарастырылып жатыр деген мәліметті жоққа шығарды. Министрліктің мәліметінше, хаттаманың 1-бабының 6-тармағымен Кеден кодексінің 46-бабына "Жеке тұлғалар сатып алынған электронды сауда тауарларына кедендік бажы және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайда салық төленуге тиіс" деген толықтыру енгізілген.
“Осыған орай, комиссия алаңында тек кеден бажының мөлшерлемесі туралы ғана ұсыныстар қарастырылып жатыр және "тауарлардың санаттарына байланысты 5-тен 15%-ға дейін өзгертулер қарастырылып жатыр" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Екіншіден, хаттамадағы нормалар бойынша, ЕАЭО аумағына әкелінетін электронды сауда тауарлары кедендік декларациялаудан шыққаннан кейін коммерциялық сатылымға қолданылмауға тиіс және олар тек жеке қолданыста болуы керек”, – деп жауап берді Қаржы министрлігі Stan.kz ақпарат агенттігіне берген жауабында.
Коммерциялық (алып-сатарлық сауда) қолданымға арналған тауарлар үшін жалпы негізде тауарларды декларациялау тәртібі қолданыста жүргізіледі. Сондықтан коммерциялық қызметпен айналысатын тұлғалар өз қызметін заңды түрде тіркеп, қолданыстағы кедендік заңнамаға сәйкес тауарларды Қазақстан аумағына әкелуге тиіс.
“Айтылғанды ескере отырып тұжырымдасақ, сыртқы электронды сауда шеңберінде әкелінетін тауарлар тек жеке тұлғалардың жеке қолданысы үшін шетелдік онлайн дүкендерінен (делдалдарсыз) тапсырыс беріп, заңды түрде алуына арналған”, – деп түйіндеді министрлік.
Ал Сауда және интеграция министрлігінің Stan.kz-ке жауабында бүгінде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің № 107 шешіміне сай, халықаралық почта жөнелтімдері шеңберінде Қазақстанға әкелінетін тауарларға бажсыз әкелу шегінен асқан жағдайда (200 евро мөлшеріндегі құн нормалары және 31 кг мөлшеріндегі салмақ нормалары) кедендік баждар мен салықтардың бірыңғай мөлшерлемесімен 15% мөлшерлеме бойынша, бірақ 1 кг салмақ үшін 2 евродан кем емес салық салынатыны айтылған.
“№ 107 шешімге сай, мұндай тауарлар жеке пайдалануға арналған және кәсіпкерлік қызметке арналмаған. Тиісінше оларды Қазақстанның ішкі нарығында одан әрі өткізу көзделмейді. Сонымен қатар қазір Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде электронды сауда саласын реттеу бойынша жұмыс істеліп жатыр”, – деп жауап берді вице-министр Жанель Кушукова.
Осы жұмыс шеңберінде тауарларды электронды алаңдар арқылы сатудың екі тетігі көзделеді:
1) бірыңғай мөлшерлеме бойынша кедендік баж төлей отырып, интернет-алаңнан тікелей жеткізу жолымен;
2) ҚР Салық кодексіне сәйкес салықтардың және ЕАЭО Бірыңғай кеден одағының мөлшерлемелері бойынша кедендік баждардың сомаларын төлей отырып, кеден қоймасынан бұрын әкелінген тауарды өткізу арқылы жүзеге асырылады.
Яғни, жеке тұлға интернет-алаңында сатып алу кезінде тікелей немесе қойма арқылы жеткізуді таңдау опциясына ие болады. Егер тауарлар кеден қоймасынан жеткізілсе, онда мұндай тауарлар кедендік тазартуға ұшырайды, өйткені бұл тауарлар коммерциялық пайда алу мақсатында әкелінеді. Шетелдік интернет-алаңдардан тікелей жеткізілген жағдайда электронды сауда шеңберінде тауарларды әкелуді реттеу 2023 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы іске асыруға әзірленетін нормативтік құқықтық актіге сәйкес жүзеге асырылады. Осылайша, электронды сауда шеңберінде сатып алуға тыйым салынатын тауарлардың тізбесі әзірленеді.
“Айта кетері, осы тізбені әзірлеу кезінде халықаралық почта жөнелтімдерімен жіберуге тыйым салынған тауарлардың тізбесі негізге алынады, сонымен қатар электронды сауда тауарларынан алынатын баж мөлшері анықталады. Тұтастай алғанда, электронды сауданы реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс оның дамуы экономиканың осы сегментін жеке тұлғалардың шетелдегі жекелеген тауарларды біржолғы сатып алу форматынан сыртқы электронды сауданың форматы мен құрылымына да, Одақ елдерінің экономикалық дамуына да әсер ете бастаған толыққанды коммерциялық қызмет форматына айналуымен байланысты”, – деп түйіндеді вице-министр
Айта кетейік, екі жыл бұрын шек 1000 еуро, яғни 500 мың теңгеге жуықтаған еді. Санкциялар мен көптеген елдерден Ресейге жеткізілетін тауарлардың қысқаруына байланысты шек уақытша көтерілді. Осы жылдың наурыз айының соңында норма қолданысын тоқтатты.