Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шешенстанда COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбаған азаматтар дүкендер мен мешіттерге кіргізілмейтін болды

Шешенстанда COVID-19-ға қарсы вакцинацияланбаған азаматтарға дүкендер мен мешіттерге баруға тыйым салынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы республика премьер-министрінің орынбасары, коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі жедел штабтың жетекшісі Вахит Усмаев Грозный мемлекеттік телерадиокомпаниясының эфирінде айтты.

"Мешіттерге барған кезде міндетті түрде вакцинация туралы сертификат қажет", – деді ол.

Усмаев дәл осындай талап барлық сауда нүктелеріне, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және спорттық ойын-сауық нысандарына қолданылатынын атап өтті. Алайда ол екпе алмаған тұрғындар азық-түлікті қалай сатып алатынын айтқан жоқ.

"Сондай -ақ, қоғамдық көліктерде жолаушылардан бетперде, арнайы анықтама мен вакцинация паспорты сұралады", – деп қорытындылады ол.

Бұған дейін Шешенстан кейбір тұрғындар үшін міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцинация енгізген болатын. Осылайша, денсаулық сақтау, білім беру және сауда қызметкерлерінің, сондай-ақ көлік және туризм саласындағы қызметкерлердің кемінде 90 пайызын вакцинациялау қажет.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер, республиканың сайлау комиссиясының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарында және косметикалық қызмет саласында жұмыс істейтіндер міндетті түрде вакцинациялануы тиіс.

Талқылау