"Энергетикалық сусынмен пышақтың жүзін жуды": Шерзаттың ісі бойынша екінші куәгер Жақсыкелді сотта куәлік берді
Қанды қылмыс болған күні сотталушылармен бірге болған қыздардың бірі Дана Жақсыкелді сотқа куәгер ретінде шақырылып, оқиғаның қалай болғанын баяндады. Куәгер Ілиясов Нұрқияс, Сакиев Равиль, Шынасыл Абзал, Тоқтаубаев Азамат, Тоқтаубаев Нұрболды танитынын мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Дана Жақсыкелдінің айтуынша, екінші куәгер Эльмира екеуін Сакиев Равиль дәмханаға шақырған.
“4 қазанға қараған түні құрбым екеуімізді Равиль “Эйфория” кавесіне шақырды. Біз Эльмира екеуіміз жолығып сол жаққа бардық. Барғанда кафенің алдында Абзал, Нұрқияс, Равиль үшеуі тұрды. Біз амандасып кафенің ішіне кірдік. Дастарханға отырдық. Одан кейін билейтін орынға шықтық. Біз шыққанда ұлдар үстел басында қалды. Олардың арасына Нұрбол деген бала қосылды, кейін кетіп қалды. Сосын кафе сағат 12:00-де жабылатын болғандықтан ол жерден шықтық. Қайтқалы тұрғанбыз. “Қыздар, сендерді апарып тастайық” деп Нұрқияс айтты. Сөйтіп Нұрқияс, мен, Равиль, Эльмира Mercedes Benz W140 көлігіне отырдық. Шыңғыс рөлде болды. Алдында Азамат отырды. Жолдан дүкенге кіре салайық деді. Бізде де темекі біткен еді. Сөйтіп Қамажай дүкеніне бардық. Дүкеннің алдында бір топ ұл тұрды. Нұрқиястар сөйлесіп қайтайық деп көліктен түсті. Біз 1-2 минуттан кейін темекі алуға дүкенге кірдік. Бірінші Эльмира, кейін мен кірдім. Темекі сұрадық, бірақ сатпаймыз деді. Дүкеннен мен бірінші шығып кеттім, артымнан Эльмира шықты”, – дейді куәгер.
Оның сөзінше, екеуі дүкеннен шыққан бетте төбелес басталып кеткен.
“Біреу құлап жатқандай болды. Сөйтіп мен қолымды сілтеп “жүріңдер, қайтамыз” деп айғайладым. Содан мен машинаның артына кеттім. Қателеспесем, Равиль қасымда тұрды. Кейін атыс басталды. Сол кезде сақалды, бойы ұзын, сұр киімдегі бір жігіт бізге қарай мылтықпен оқ атты. Бірінші аспанға атты, кейін екі рет бізге қарай атты. Кейін төбелес көшенің арғы бетіне кетіп қалды. Сол жақта төбелес болды. “Қамажай” дүкеніне келгенде сыртта 6-7 баладай тұрды. Төбелесті кім бастағанын білмеймін. Төбелес көшенің арғы бетінде болғандықтан мен көліктің ішінде 5 минуттай отырдым. Кейін шығып 2-3 метр жүріп, “қайтайық” деп ұлдарға айғайладым. Бірақ ешкім естіген жоқ. Сосын қайта көлікке барып отырдым. Төбелес туралы хабарлау ойымда болмады. Мылтықты өмірімде бірінші рет көрдім, атылғанын да бірінші рет естідім. Өз өмірім үшін қорықтым. Төбелесті кім бастағанын білмеймін. Бір-біріне балағат сөздер айтқанын естідім. Машинаның артында тұрғанда Эльмираның Равильді ұстап тұрғанын байқадым. Одан көліктің ішіне кіріп кеттім. Кейін не болғанын білмеймін. Ол менің жаныма біраздан кейін келді”, – деді Дана Жақсыкелді.
Куәгер төбелес аяқталған соң тағы бір дүкенге соғып, әңгіме барысында сотталушылардың бірінің қолынан екі суық қаруды көргенін айтты.
“Қайтайық” деп айғайлап, көлікке отырған соң бәрі келе бастады. Сөйтіп машинаға бірге отырдық. Сонымен қайтайық дедік. “Қазір” деп тағы “Три семерки” дүкеніне бардық. Сөйтіп дүкенге Шыңғыс, Эльмира, Нұрқияс үшеуі кірді. Эльмира дүкенге кіріп энергетикалық сусын алып шықты. Энергетикалық сусын ішті ме, жоқ па білмеймін. Бірақ оны көліктің капотына қойды. Абзал “капотта тұрған энергетикалық сусынды бере салшы” деп сұрады. Ол еңкейіп тұрды. Қолын сүртіп тұрса керек. Энергетикалық сусын алып келген соң “құя салшы” деді. Құйып жатқан кезде, басында көрмедім. Кейін пышақтың жүзін байқадым. Не үшін жуғанын білмеймін. Темекі алып шықты. Олар көлікке отырған сәтте ештеңе байқамадым, бірақ жол жүріп бара жатқанда алдыңғы орындықта мылтық тұрғанын көрдім. Одан кейін біз Рысқұлов ауылына қарай шықтық. Себебі Нұрқиясқа біреу хабарласып “сол жаққа қарай тартылыңдар” деді. Сонда жолдан бір жерге тоқтап Шыңғыс көліктен мылтық пен пышақты алып түсті. 5 минуттан кейін қайтып келгенде қолдарында ештеңе болмады”, – деді Дана Жақсыкелді.
Беттестіру кезінде Шынасыл пышақты саусақ іздерін кетіру үшін жуғанын мойындаған.
Куәгер оқиға кезінде не себепті жедел жәрдем мен полицияға хабарласпағанын түсіндірді.
“Бір жағынан ондай төбелес болып кетеді деп ойлаған жоқпын. Телефоным өзімде болды, бірақ қуаты бітіп қалды ғой деймін, есімде жоқ. Өз өмірім үшін қорықтым, сол үшін ешкімге хабарласқан жоқпын. Мылтықтың даусын естігенде қорқып, не істерімді білмей қалдым”, – дейді Дана Жақсыкелді.
Сондай-ақ ол Шерзаттың анасының “жедел жәрдем шақырыңдаршы” деген сөзін естімегенін, оны екі жақтап ұстап тұрғанын көрмегенін айтты.

"Дәрігерлер ішіңдегі балаңды алдыр деді": Астаналық азамат екі бүйрегі де істен шыққан әйелінің еміне көмек сұрайды
