Шерзат Полаттың ісі: Екі куәгер қызды жалған ақпарат бергені үшін жазалау сұралды
Коллаж: Stan.kz
Шерзат Полаттың ісі бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні қасақана жалған куәлік бергені және ауыр қылмысты жасырып қалғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокаттың айтуынша, екі қыз да қылмыс болған жерде болған, бірақ жалған ақпарат беріп, ауыр қылмыс туралы хабарламаған.
"Тергеу барысында Нұрбекова Шынасылдың кәмелетке толмаған Шерзатқа пышақ сұққанын көргенін айтқан. Алайда сотта ол бұл сөзінен айнып, ештеңе көрмегенін жеткізді. Сот оған жалған куәлік бергені үшін жаза қарастырылғанын ескертті", – деді адвокат Шекеев.
Оның сөзінше, көліктің видеотіркеу құрылғысынан алынған бейнематериал куәгер қыздардың шындықты жасырғанын дәлелдейді.
"Бейнежазбада Нұрбекова сабырлы қалыпта, күліп, төбелесті талқылап, телефонмен сөйлесіп отырғаны көрінеді. Оларға айыпталушылар тарапынан ешқандай қысым болмаған. Сондықтан Нұрбекова мен Жақсыгелдінің әрекеттерінде қылмыстық құрам бар деп есептейміз", — деді адвокат.
Шекеев соттан Эльмира Нұрбековаға Қылмыстық кодекстің “Қасақана жалған куәлік беру” және “Ауыр қылмыс туралы хабарламау" бойынша қаулы шығаруды сұрады. Оған қоса Дана Жақсыгелдіге қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша хаттама толтырып, іс материалдарын Алматы облысының прокуратурасына жолдауды өтінген.
-
"Сот цирк емес": Шерзат Полат ісі бойынша адвокат белгісіз себептермен істен шеттетілгенін мәлімдеді
Айыпталушылардың бірі Қалиахметтің қорғаушысы Баймұханова да бұл өтінішті қолдады.
"Әріптесімнің бастамасын толығымен қолдаймын. Менің қорғалушым Қалиахмет айыпталушылар қатарында, ол ішінара кінәлі. Ал осы екі қыз айыпталушылармен бірге болып, бәрін көріп, олармен бірге жүрсе де бостандықта. Бұл әділетсіз. Егер кінәлары болса, олар да жауапкершілікке тартылуы керек", – деді Баймұханова.
Алайда кейбір қорғаушылар бұл өтінішке қарсы шығып, соттан қаулы шығармауды сұрады.
Сот төрағасы Ержан Жанұзақов бұл мәселені кейінірек кеңесу бөлмесінде қарайтынын мәлімдеді.
"Бұл мәселе кеңесу бөлмесінде талқыланады", – деді ол.
Еске салсақ, Шерзат Полаттың өліміне қатысты сотта адвокаттар айыпталушылардан 600 миллион теңгеден аса моралдық өтемақы талап еткен.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
