Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық бойжеткен үй иесінің пәтерге кез келген уақытта ескертусіз кіріп келетініне ашуланды

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Астанадағы жалдамалы пәтерде тұратын Шапағат Сабырбекқызы есімді бойжеткен үй иесінің ескертусіз кіріп келуінен кейін пәтерден кетуге мәжбүр болған. Қыз желідегі парақшасында үй иесінің мұндай әрекеті оған жайсыздық тудырғанын айтады. Stan.kz дәл осындай жағдайларда не істеу керек екенін заңгерден сұрап білді.

Шапағат Сабырбекқызы бірнеше қызбен бірге елордада пәтер жалдап тұрған. Ол пәтер иесінің орта жастағы, намаз оқитын ер адам екенін атап өтті. 

"Кейде тұрмыстық мәселелер бойынша (жарық сөніп қалды, су ағып тұр және тағы басқа) оған хабарласамыз. Ол әрдайым өз кілтімен есікті ашып кіріп кетеді, тіпті үйде біреу болса да. Бұл бізге әрқашан ыңғайсыздық туғызатын, бірақ кешегі жағдай мүлде шектен шықты. Бір күн бойы жартылай жалаңаш жүрдім. Үйдің іші суи бастаған соң жылырақ киінейін дедім. Сол-ақ екен, 10 минуттан кейін асүйден қақырған дыбыс естідім. "Қыздар келді ғой" деп ойлап, "Иә-ә, кіріңдер" дедім. Ал есік ашсам, үй иесінің өзі тұр екен. Түнгі 23.00, ойлаңызшы! Ол маған хабарлама жазған екен, оны байқамаппын. Бірақ тіпті хабарламаны көрсе де, тек қыздар тұратын үйге өз кілтімен кіруді шектен шығу деп есептеймін", – деп жазды Шапағат Сабырбекқызы.

Бойжеткеннің айтуынша, оның құрбылары бастапқыда бұл жағдайға қатты уайымдаған. Алайда олар орта жолда қызды жалғыз қалдырған көрінеді.

"Әрдайым есікті іштен құлыптап жүретінбіз. Бірақ иесі олармен жеке хат жазғанда, олар бәрі жақсы деп жауап берген. Бұдан соң жалғыз қалғандай сезіндім. Осыдан кейін үй иесі таңертең маған хат жазып, бәрі "заңды әрі ресми болуы үшін" жеке куәлігімді жіберуімді сұрады. “Тіркеу мен қауіпсіздік үшін пәтерде тұратындардың барлығының жеке куәліктері керек" деп жіберген. Жауап ретінде одан "Алдымен сен өзің жіберші, менің тыныштығым үшін" дедім. Ол "Сен менен жалға аласың, сондықтан сенің деректерің тек менде болуы керек" деді. Сөйтіп жіберуден бас тарттым. Сол кезде ол бүгін-ақ үйден шығуды сұрады", – деді астаналық бойжеткен.

Қазір бойжеткен достарының үйіне уақытша қоныстанып, жақын уақытта көшетін пәтер іздеп жатыр екен. 

Осы ретте заңгер Фархад Курбазаровтың пікірінше, үй иесінің алдын ала ескерту жасамай, жалға алынған тұрғын үйге кіруі Конституциясының 25-бабымен және Азаматтық кодекстің 146-бабымен кепілдендірілген тұрғын үй құпиялығы құқығын бұзатынын атап өтті.

"Мұндай әрекеттер "Өздігінен билік жүргізу" (Самоуправство) ретінде бағалануы мүмкін және адам Қылмыстық кодекстің 389-бабымен жауапқа тартылуы мүмкін. 

Жалға алушының құқықтарын қорғау жөніндегі ұсыныстар:
•    Бұзушылықтарды тіркеу.
•    Заңсыз кіру фактісін растайтын дәлелдерді жинау: фотолар, видеолар, жалға берушімен жазысқан хаттардың скриншоттары.
•    Егер куәлар болса (көршілер немесе басқа тұрғындар), олардан жазбаша куәлік алу.
Құқық қорғау органдарына жүгіну:
•    Тұрғын үй құпиялығының бұзылғаны туралы полицияға арыз беру.
•    Барлық белгілі фактілерді көрсету және жинақталған дәлелдерді ұсыну қажет”, – деді заңгер.

Маманның айтуынша, заңнамада үй иесінің жалға берілген пәтерге келу тәртібін нақты реттейтін арнайы нормалар қарастырылмаған. Сондықтан бұл мәселе жалдау шарты арқылы реттелуге тиіс.

“Шартта келу жиілігін, мысалы, айына бір рет; жалға алушыны алдын ала ескерту тәртібін, мысалы, бір апта бұрын хабарлау керек. Соның ішінде келу уақытын, мысалы, кешкі сағат 22:00-ге дейін деп жалға алушы болмаған жағдайда келу мүмкіндігін көрсетуге болады", – деді заңгер Фархад Курбазаров.

Мүлікті жалға беру шарты бір жылдан ұзақ мерзімге жасалса, жазбаша түрде рәсімделу керек дейді заңгер. Фархад Курбазаровтың сөзінше, егер тараптардың бірі заңды тұлға болса, мерзіміне қарамастан шарт жазбаша жасалуы қажет.

Айта кетейік, пәтер иесіне келуді мүлде тыйым салуға болмайды. Жалға алушы үй иесін немесе оның өкілдерін пәтерге кедергісіз кіргізуге міндетті. Бұл арқылы үй иесі жалдау шарттарының сақталуын тексере алады. Мысалы, пәтерде расымен жалға алушының өзі тұрып жатқанын анықтай алады. Дегенмен егер үй иесі пәтерді тұрақты түрде тексеріп отыруды қаласа, шартта пәтерге келудің тәртібі мен уақытын нақты көрсету керек.

STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 18:52
Талқылау