"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
Фото: Instagram pro.pravo.kz парақшасынан алынды
Адвокат Анна Чернова RAMS Qazaqstan құрылыс компаниясына тиесілі Grand Vie тұрғын үй кешенінен 85 миллион теңгеге пәтер сатып алған қазақстандықтың үйдің сапасына шағым білдіргенін жазды. Тұрғынның мүддесін қорғайтын адвокаттың айтуынша, қымбатқа алған пәтер уәде етілген "элиталық" стандартқа сай болмай шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адвокаттың айтуынша, пәтерде терезелер қисық орнатылған, сапасы нашар әрі дұрыс жабылмайды.
"Бұл терезелер ескі қоймадан әкелгендей әсер қалдырды. Оларды ауыстыру үшін тағы 4 миллион теңге жұмсауым керек. Бірақ не үшін? 85 миллион теңге төлеп, тағы да ақша құюым керек пе? Бұл компания элиталық тұрғын үй сататынын айтып, сендірген. Перфекционист адам ретінде жүйкем сыр бере бастады", – дейді ол.
Чернованың сөзінше, құрылыс компаниясы бұл жағдайдан хабардар. Бірақ мәселенің шешімін табуға тырыспай жатыр екен. Енді ол сотқа жүгінуге мәжбүр.
Фото: Kozachkov Offside Telegram-арнасынан алынды
Журналист Михаил Козачковтың айтуынша, бұл бір ғана жағдай емес. Ол Kozachkov Offside Telegram-арнасында осыған ұқсас оқиғаны жариялады. Ол жариялаған құжатқа қарасаңыз, пәтердің көрінісі элиталық тұрғын үй санатына сәйкес келмейді.
"Бетон бағаналары қисық, еден кесектермен толтырылған. Еденнің кей жерлерінде тесіктер пайда болып, ол арзан желіммен жапсырылған. Пәтердің түрі жарнамада көрсетілгеннен мүлдем басқаша. Есік пен терезе жақтаулары зақымдалған, бұрандамен бекітіліп, әйнегі жарылып, резеңке таспалары жыртылған. Балкондағы қоршау қабырғаға жақын емес, бірнеше сантиметр алыс тұр. Пәтер “қалай болса солай” қағидасымен салынған секілді", – дейді журналист.
Шағым білдіруші Нұрсұлтан Әлібаевтың айтуынша, қабырғаларды (төбелерді), терезе және есік блоктарының құрылымдарын, еден төсеніштерін, жылыту радиаторларын, құбырларды және желдету жүйелерін тексеру кезінде жоғарыда аталған ақаулар анықталған.
Ал юрист Анна Чернованың айтуынша, пәтер сапасыз салынса, құрылыс компаниясы оны қайта салып, өтемақы төлеуі керек.
"Жалпы, RAMS компаниясына қатысты шағымдар жүйелі сипатқа ие болған секілді. Меніңше, пәтер сапасыз құрылса қайта салып немесе өтемақы төлеу керек. Клиенттер біреудің қатесі үшін бағалаушыларға жүгініп, сотқа жүгірмеуге тиіс. Алаңдаушылық туғызатын тағы бір жоба – RAMS Beyond. Бұл – актер @burakozcivit жарнамалаған 40 қабатты ғимарат. Ол Алматыда, Тимирязев – Сейфуллин қиылысында салынбақ", – дейді заңгер.
Чернованың айтуынша, Абай даңғылынан жоғары аумақта биіктігі 35 метрден асатын ғимарат салуға рұқсат жоқ. Мұндай шектеу жайдан-жай енгізілмегені анық дейді юрист.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі RAMS Qazaqstan құрылыс компаниясынан мән-жайды сұрап білді. Компания мәселе шешілгенін айтып, ресми жауап беруден бас тартты.
Айта кетейік, бұған дейін Алматының жаңа әкімінің бауырлары ірі құрылыс салушылар болып шыққанын жазған едік.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
