Шерушілердің "жеңісі": Иран билігі елдегі жаппай наразылықтан кейін хиджаб кию тәртібін қайта қарайтынын айтты
Иран билігі лде исламдық киім үлгісін сақтауға жауапты "әдеп полициясын" таратқанын мәлімдеді. Әйелдердің дресс-кодымен байланысты екі айға созылған наразылықтан кейін Тегеран осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Иран бас прокуроры Мұхаммад Жапар Монтазери әдеп полициясының сот жүйесіне "еш қатысы жоқ" екенін атап өткен. Иран жұрты бұл мәлімдемені оң қабылдап, оны қатаң діни ережелерден "алшақтау" деп бағалады. Кейбірі мұны шерушілердің "жеңісі" деп те атаған.
Алайда билік заңды қалай өзгертетінін айтпады. Бас прокурор "өзге жаңалықтарды бір-екі аптадан кейін сарапшылар тобының баяндамасы дайын болған соң естисіздер" деді.
Журналист және белсенді Масих Алинеджад билік осылайша жаппай наразылық акцияларын тоқтатып, халықты адастырғысы келетінін айтқан.
Айта кетейік, Иран билігі бұған дейін хиджаб кию ережелерінің қайта қарауға жатпайтынын бірнеше рет мәлімдеген.
- Иранда футболдан ұлттық құрама тарихындағы Роналдудан кейінгі бомбардир Али Даеи өлім жазасына кесілді
- "Биыл қан жылы": Иранда наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардың жаңа толқыны басталды
- Иран қызыл жалау көтерді, енді Сауд Арабиясына шабуыл жасауды көздеп отыр – БАҚ
Иранда 1983 жылдан бері әйелдерді хиджаб киюге міндеттейтін заң жұмыс істейді. Алайда қоғамда бұл мәселеге қатысты ортақ ұстаным жоқ.
Консервативтік және реформашыл топтар арасында үнемі қызу талқылау жүріп жатады. Консервативтік топ өкілдері хиджаб киюді міндеттеуді жақтаса, ал реформашыл топ өкілдері хиджаб мәселесін әйелдердің өзі шешуі тиіс деп санайды.
Иранда наразылық қыркүйек ортасында Махса Әминидің қазасынан кейін тұтанған. Полиция оны көшеде хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстаған. Туыстарының айтуынша, 16 қыркүйекте Әмини ауруханада ауыр соққы салдарынан қайтыс болған. Ал билік марқұмның аурудан көз жұмғанын айтты. Әмини өлімінен кейін Иран қалаларында жаппай наразылық тұтанып, әйелдер қарсылық ретінде шашын қырқып, хиджабтарын өртей бастады. Наразылар әйел құқығын қорғауды, полиция озбырлығын доғаруды, Иранды демократияландыруды, үкіметті отставкаға жіберуді талап етті.
Ақпаратқа қарағанда, наразылық кезінде 200-ден астам адам қаза болған. Құқық қорғаушылар кемінде 469 адамның өлтірілгенін мәлімдеді. 64-і – кәмелетке толмаған жасөспірім.