Шенеуніктердің құмар ойнауына тыйым салу: Петиция нәтижесі жарияланды
Қазақстанда шенеуніктерге құмар ойындарын ойнауға тыйым салу бойынша петицияны қарау нәтижелері жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
2024 жылдың 11 маусымында жарияланған петицияны туризм және спорт министрлігі қараған. Петиция авторы "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов.
Министрлік мәліметінше, петицияда баяндалған мәселелерді талқылау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, құрамына парламент депутаттары, петицияның авторы, азаматтық белсенділер, ойын бизнесі және лотерея қызметі салаларындағы мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.
Жұмыс тобы петиция бойынша екі отырыс өткізіп, екінші отырыста жұмыс тобының мүшелері шешім жобасын көпшілік дауыспен мақұлдап, петицияны қолдады.
Айта кетейік, 2023 жылғы 4 қыркүйектегі қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекет басшысы лудоманияның алдын алу, оның ішінде құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімін кеңейту жолымен кешенді шаралар қабылдауды тапсырған еді.
Осыған байланысты заң жобасына мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметкерлерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойын мекемелеріне баруға және бәс тігуге тыйым салу енгізілді. Ережеге бұзған жағдайда қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылады.
“Жоғарыда айтылғандардың негізінде министрлік жұмыс тобының бірауыздан ұсынысын ескере отырып, петицияны қолдайды және оны толық көлемде қанағаттандыру қажет деп санайды”, – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда шенеуніктерге құмар ойындарына тыйым салуды талап ететін петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік.