"Шекарадан қалаға дейін жаяу жетіп, қажыған": Ақтөбеге келген ресейліктер көрген қиындықтарымен бөлісті
Ақтөбелік еріктілер қиын жағдайда қалған 850 адамды баспанамен қамтамасыз еткен. Шекарада тоңып қалжыраған ресейліктер бастарынан өткен оқиғаларымен бөлісті. Олардың көбісі Ресейдің түрлі қалаларынан Орал арқылы Ақтөбе қаласына жеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” порталына сілтеме жасап.
“Зепло Хелп” еріктілері ресейліктерге үш бөлмелі уақытша баспана тауып берген. Жағдайға байланысты келушілер ағымы көп болғандықтан мұнда тіпті керует кіре беріске дейін қойылған. Қазір мұнда уақытша тұрақтағандардың бірі қашықтықта жұмысын істесе, бірі пәтер іздеп күн кешуде.
Осы жатақхананың тұрғынының бірі үш айлық сәбилерімен Мәскеуден келген. Сөздерінше, келген кезде қонатын жер таппай көшеде қалуға сәл қалған екен.
“Біз келген кезде жалдайтын жер таппай далада қала жаздадық. Қайта еріктілерге рахмет. Олар бізге бірнеше күн көмектесіп, қолдау көрсетті. Жаңалықты ести сала Мәскеуден кетуді шештік. Мен өзім осы кезге дейін еріктілікпен айналыстым. Екінші шешен соғысы кезінде босқындарға көмектескендіктен, мұның қаншалықты қиын жағдай екенін жақсы білемін. Әрине, кез келген адам мұндай жағдай бізде болмайды деп ойлауы мүмкін. Бірақ бізді ертең не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бізді ешкім қорғамауы да мүмкін. Ақтөбелік мейірімді жандарға алғысымды білдіремін. Біздің жағдайымызды көріп қол ұшын созғандарына мың алғыс”,- деді ресейлік Джанат.
Ал Артем Ярославльден келген. Ол шекарада 53 сағат тұрып Орал арқылы Ақтөбеге жеткен.
“Мен соғыстың болуына қарсымын. Майданға барып украиндықтарға оқ ата алмаймын. Мен үшін бұл үлкен қателік. Шекарадан өткізе ме жоқ па білмедім. Сол жердегі жандармен достасып, бірге Оралға дейін келдім. Кейін өзім Ақтөбеге жол тарттым. Мұнда келіп кешке дейін пәтер іздедім, алайда таппадым. Кейін қас қарайған кезде жұбайым маған еріктілердің номерін жіберді. Сол арқылы хабарласқанымда олар мені жылы қабылдады. Сол үшін алғысымды білдіремін. Жалпы мамандығым инженер. Қазір баспана мен жұмыс іздеу үстіндемін. Әзірге қалай болары белгісіз”,- деді Артем.
Мұнда келушілердің әрбірінің оқиғасы азаптарға толы
“Зепло Хелп” еріктілері 150-ге жуық адамды шекарадан алып кетуге көмектескен. Олар сонымен қатар тегін SIM карталар таратып, кезекте тұрған адамдарды тамақтандырған. Бір аптаның ішінде еріктілер 850 адамды баспанамен қамтамасыз етті. Олардың арасында келушілер мен жергілікті тұрғындар бар.
“Ең алдымен, баспана бағасының қымбаттауынан қиындық көріп отырған жергілікті отбасыларға көмектесеміз. Қазір басқа да баспаналар іздеу үстіндеміз. Бірақ пәтер ақысы үшін өзіміздің жергілікті тұрғындардың далада ұалмауын бақылауға тырысамыз. Ол үшін пәтер иелерімен хабарласып, олардың заңсыз әрекет етіп жатқанын түсіндіретін заңгерлермен жұмыс істеудеміз”, - деді “Зепло Хелп” еріктілер тобының ұйымдастырушысы Екатерина Голотина.
Уақытша жатақхананың ережесі бойынша адамдар 1-3 күн аралығында тұра алады. Алайда осы уақыт аралығында олар баспана таба алмаса уақыты ұзартылатын болады. "Зелло Хелп" командасы адамдарға тұратын жер мен билеттер тауып беруге белсенді түрде көмектесуде. Қазір түнеушілер саны азайды.
“Мұнда келушілердің әрбірінің оқиғасы азаптарға толы. Бізге еріктілер бір жас жігітті әкелді. Оның жағдайы келген кезде ауыр болды. Аяғын әрең басып тұрған азамат, әбден қалжыраған. Біздің дәрігерлер оған көмек көрсеткеннен кейін біз оны тамақтандырып, төсегіне жатқыздық. Ол сел мезетте ұйқыға кетті. Ол шекараға жетіп, ұзақ кезекте тұрған. Кейін қалаға дейін сағаттап жаяу жүрген. Жолда тіпті демалатын жер таппапты. Көліктер болса бір адамға 5 мыңнан 50 мың рубльге дейін сұраған. Бұл дегенің 100 шақырым жол. Меніңше, басқалардың қиындығын пайдаланып тапқан ақша береке бермейді. Сонымен қатар полиция бізге ақшаларын ұрлап кеткен жігіттерді әкелді. Оларға да көмек бердік. Тағы бір келген отбасының екі баласы бар екен. Кішкентай қызы шекарада желден тоңғаны сонша беттері жарылып кеткен. Өзі өте арық, нәзік жеткіншек көрпеге жамылған күйі шықпады. Оны еріктілер қатарындағы қыздардың бірі өз үйне әкетті. Балалардың осындай жағдайға түсуін көру өте қиын”,- деді Екатерина Голотина.
Еркітілер басшысы Ақтөбе тұрғындарының осы орайда көп көмектескенін алға тартты.
“Осы орайда ақтөбеліктер ауызбіршілік танытып үйлерінен тамақ дайындап әкеліп беріп жатыр. Көрпе, төсек орындарын беріп, қазір тіпті кафе асханалар да түскі, кешкі асқа қолдау көрсетуде. Мұндай ұиын жағдайға түскендер біздің жақсылығымызды ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын”,- деп қосты Екатерина.