Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Салқын суға салсаң, бояуы шығады": Отандық шоу-бизнес жұлдыздарының шайы халықтың көңілінен шықпай қалды

жұлдыздар шайы

Фото: Stan.kz 

Бүгінде отандық шоу-бизнес жұлдыздары тойдан бөлек табыс әкелетін қосымша кәсіппен айналысады. Соңғы кезде өнер өкілдерінің жеке брендпен шай шығаруы жиілеп кетті. Дүкен сөрелерінен әншілердің өнімін табу қиын емес. Алайда шай плантациясы жоқ елде шай бизнесінің дамуы көптің қызығушылығын тудырып отыр. Stan.kz тілшісі еліміздегі шай индустриясының аяқ алысын талдап көрді. 

Эстрада жұлдыздарының сөзіне сенсек, бүгінде түйіршіктелген қара шайға халықтың ықыласы ерекше көрінеді. Олар бірауыздан халықтың сұранысын қанағаттандырып отырмыз дейді. Алайда халық шайға бояу қосқан дегенді жиі айтады. 

“Музарт” тобының әншісі Сәкен Майғазиев өзінің шайын таныстырғанда халық жаппай тауар алуға кезекке тұрды. Одан кейін бірінен кейін бірі өнер өкілдері шай шығара бастады. Желі қолданушылары бір уақытта әншілердің шайын қызу талқыға салды. Көпшіліктің сөзінше, шайларының тіл үйірер дәмі болмаған. Кейбір оқырман шайдан басқа елге пайдалы дүние шығаруын талап етті. 

“Қайрат Әділгерейдің “Жұмыстың шайын” алған едік, сүйікті актеріміз ренжімес, дым дәмі жоқ”, “Әншілердікі жай әшейін атын шығару”, “Сәкеннің шайын салқын суға салсаң, қып-қызыл болып бояуы шығады”, “Қазақ шайды жақсы көретін болғасын не шығару керегін біледі”, “Біздікілер қорап шығарып, шай шығарғандай жарнама жасайды”, “Бояу шайды ішіп мәз болып жүрміз”, “Әншілер шайға ат қоюды қатырады”, “Шайдан басқаға шамалары жетпейді”, “Шұлық пен киім шығарса пайдалы болатын еді”, “Еліміздегі шай плантациясы қайда екен?!”, “Қазақ байыса шай шығарады”, “Анама Жанар Айжанованың шайын сыйлап едім, бояу болып, іше алмады. Қоқысқа тастадық. Обал-ай”, – деп жазды көпшілік.

Халықтың өзі идея тастады                            

Пандемия кезінде жеке кәсіпке бет бұрған өнер өкілдерінің бірі – Қайрат Әділгерей. Актердің сөзінше, бизнес бастауға ұсынысты халықтың өзі айтқан. 

“Карантин кезінде дубляж студьясында жұмыс істедік. Менің көрермендерім идеяны өздері айтты. “Үнемі жұмыста отырасыз, “Жұмыстың шайы” деген шай шығармадыңыз ба?!” деп жазды. Содан ойлана келе, осы кәсіпті бастадым. Атауын да халық қойды”, – деді актер.

 “Келінжан” арқылы танымал болған актриса Нұргүл Мыңғатова да “Балқия” деген шай шығарды. Актрисаның сөзіне сеніп, шайын алғандардың пікірі екіге бөлінген. Бірі кәсіпке қолдау білдірсе, енді бірі сыйлыққа апарып, ұятқа қалғанын жазды. 

Айта кетейік, актриса өнердегі құрбысы Дариға Бадықовамен бірге “Келін шай” дегенді шығарды. Көп ұзамай кино жұлдызы жеке кәсіп ашуды жөн көрген. 

 Тез байып кетемін деп ойладым

Шай шығарып керемет табысқа кенелеміз деп ойлап, қателескен әншілер де бар. Кезінде хитке айналған “Димаш” шай, “Төреш” шайды бүгінде дүкен сөрелерінен табу қиын. Осыдан 10 шақты жыл бұрын “Жігіттер” тобының әншісі Айдар Тұрғамбек шай бизнесін алғаш бастағандардың бірі еді. Бүгінде шай бизнесін тоқтатқанын айтты.

“Бір жігіттің ұсынысымен шай өндірісін бастадық. Адам пенде, бір байып қалғысы келеді. Жалпы кәсіпкердің бәрі оңай байып жатқан сияқты көрінеді ғой. Солай байып көреміз деп аштық, бір жылдай істедік. Соңғы жағында менің ісім емес екенін түсіндім. Өйткені менің ойым басқада болды. Өнерімнің қалып бара жатқанын түсіндім және де отбасыма уақыт бөле алмай қалдым. Әйелім де:"Уақытыңыз жоқ боп кетті. Үйде тұрмай кеттіңіз ғой", деп айтты. Соңында бұл нәрсені істемей-ақ қояйын деп шештім. Алла болашақта өзі маған іс нәсіп қылар. Бірақ шай емес екен деп, рахметімді айтып, ол жерден кеттім”, – деді Айдар Тұрғамбек.

   Аллергия мен демікпесі бар адамдарға қауіпті

Халықтың пікірінен кейін нутрициолог маманы Арайлым Мұратқызынан бояу шайдың адам ағзасына тигізетін зияны мен оны ажырату жолын сұрадық. Диетолог маманның сөзінше, кейбір шай құрамында хош иісті қоспалар да шайға рең береді екен. 

“Елімізде жеке брендпен шығып жатқан шайлардың 100 пайыз импорт екені түсінікті. Үндістан, Шри-ланка, Қытай, Кения, Пәкістаннан жеткізіледі. Бізде тек “орап” береді, шикізат емес. Оның шикізаттың сапалы болғаны маңызды. Біз Еуразиялық Экономикалық Одақ мүшесі болғандықтан, елімізге кіретін шайларға қойылатын талаптар бар. Олар Кеден одағының техникалық регламенттерінде жазылған. Соған сай шайда ешқандай бояғыштар болмауы керек. Хош иістендіргіш қоспалар болуы мүмкін. Бірақ, олар міндетті түрде шайдың қорабында жазылуы керек. Жалпы, шайды неге бояйды. Соған жауап берейін: 1 келі шайдың жапырағынан 400-500 кесе шай шығаруға болады. Ал егер сіз бояу қосатын болсаңыз, ол көрсеткіш 800-1000 кесеге өседі. Бояу мен хош иісті қоспа арқылы шикізатты жасыруға болады”, – дейді маманы. 

Одан кейін тағамтану өкілі кейбір шайлар аллергия беруі де мүмкін екенін атап өтті. Жалпы, балаларға шай бермеу керегін қатаң ескертті. 

“Тұтынушыларды шошытпас үшін айта кетейін, сау адамға бірнеше кесе бояу шай ішкеннен ештеңе болмайды. Ал балаларды абайлау керек. Әсіресе, аллергия мен демікпесі бар жандарға қауіпті. Реакция беруі мүмкін. Жалпы, балаларға шай берудің қажеті жоқ. Шайда кофеин бар. Бала үшін ең жақсы сусын – су. Қарапайым тұтынушы сапасыз, боялған шайды қалай ажыратады?! Негізінде, ең сауатты әрі дұрыс әдіс – зертхана. Дегенмен үйде де тексеріп көруге болады. Салқын суға шай салыңыз. Егер су боялса, демек күдіктену керек. Дымқыл қағаз майлыққа бірнеше түйір шай тастаңыз. Сапалы шай қағазды бүлдірмейді. Ең абзалы – зертхана жағдайында тексеру. Әлеуметтік желілерде жарнамаланып жүрген жұлдызды шайлардан Кеден Одағының регламенттеріне сай екенін көрсететін декларация талап етуіміз керек. Кейбір өндірушілер декларацияны көрсететін QR кодты қорабына қойып қояды. Қысқаша айтқанда, сатып аларда декларация және шайдың шикізаты қай елден екенін сұрауға болады”, – дейді Айгерім Мұратқызы. 

Құжат жасату бағасы – 250 мың теңге

Елімізде 15 жылдан бері "Қазақстанда жасалған" деген маркамен өнім шығаруға көмектесіп келе жатқан компанияның бірі –  "КазБад" ЖШС-нің менеджері диетологтың сөзін толықтырды. Компания дизайнмен айналыспайды, бірақ шағын қалташаға салып, дайындап береді. Сол кезде құжатты да қолыңа ұстатады. Жалпы, бір шай шығару құны – 1200-1500 теңге айналысында екен.

“Шайдың бір қалташасы – 200 теңге болады. Дизайнын өзіңіз қалауыңызша жасап әкелесіз. Грамына қарай есептейміз. Одан кейін тауардың құжатын да дайындаймыз. Біздің компанияда декларация бағасы – 250 мың теңге. Кеден Одағының бекіткен құжаты. Ол 3 жылға беріледі және екі аптада жасалады. Тауарға құжат жасату сіздің бизнесіңізді алға сүйрейді. Өзіңізге сенімді боласыз. Табысыңыз артады. Әлеуметтік желі арқылы, дүкендер мен интернет арқылы сату мүмкіндігіне ие боласыз”, – деді компания өкілі.                         

Шай плантациясы жоқ елде өндіріс болмайды

Экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновтің пікірінше, шай плантациясы жоқ елде өндіріс болмайтынын алға тартты. Бірақ маркетинг пен қаптау саласын дамытуға мүмкіндігіміз жетеді екен. 

“Шай шығару тренді экономикаға үлкен әсер етпейді. Себебі шикізат бәрібір сырттан әкелінеді, бізде тек қаптау мен бренд жасалады. Дегенмен бұл құбылыс жастарды осындай кәсіпке қызықтырып, кәсіпкерліктің осы түрін меңгеруге жол ашып жатыр деуге болады. Шай плантациясы жоқ елде өндіріс болмайды. Біз дайын жапырақты импорттап, оны брендтеп, сатамыз. Өзімізді "шай шығаратын ел" деп айта алмаймыз, бірақ маркетинг пен қаптау саласын дамытуға болады. Әншілер үшін мұндай бизнес – атын ақшаға айналдырудың бір жолы. Әнін тыңдаған адам "оның шайын да ішіп көремін" деп алады деп ойлайды. Бірақ жеке брендтің ұзақ өмір сүруі өнім сапасы тікелей әсер етеді. Одан бөлек, ол әнші немесе танымал адамның тек жарнамалаушы объект екенін қарапайып тұтынушылар бірден түсінеді. Мысалы, өзіңіз айтқандай, Сәкен Майғазиевтің бренді халықтың көңілінен шықпады. Бұл жерде халық маркетингтің құрбаны болған жоқ, керісінше өз таңдауын көрсетті. Өнім сапасы мен сенім болмаса, ешқандай маркетинг ұстап тұра алмайды. Ал сапасы төмен өнімді жарнамалау әнші, блогерлердің имиджіне кері әсер ететінін ескеру керек”, – деді экономист. 
STAN.KZ
Сейсенбі, 16 Қыркүйек, 2025 19:17
Талқылау