Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәриям" жекеменшік мектебінде болған атышулы зорлау ісі жабылып қалған: Ал білім ордасы атауын өзгертіп, жұмысын жалғастыруда

Өткен жылы Алматыдағы "Мәриям" (қазіргі атауы "Integral") жекеменшік мектебінде төрт ай бойы жоғары сынып оқушылары бірінші сынып оқушысына сексуалдық зорлық көрсеткені туралы ақпарат тарап еді. Білім мекемесінің басшылығы зорлау фактісін жоққа шығарып, барлығын өтірік деп хабарлаған. Бұл іс осы уақытқа дейін бірнеше рет жабылды. Stan.kz ақпарат агенттігі аталған істің немен аяқталғанын білу үшін Оқу-ағарту министрлігі мен оқиға туралы хабарлаған Дина Таңсәріге сұрау жіберіп көрген еді. 

Фото: Ktk.kz

“НеМолчи” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, полиция тергеуді толыққанды жүргізе алмай отыр. Себебі сараптамаға жолданған баланың киімі жуылған күйінде қайтарылған.

"Бұл іс бірнеше рет жабылды. Олар адвокаттың шағымына байланысты істі қайта ашты. Мәселе мынада, олар конференция өткізіп, мәлімдеме жасағаннан кейін, баланың әкесі айғақтарды жинап, полицияға тапсырған. Әкесі киімде шәует іздері бар екенін айтты. Мұның бәрі көзге көрініп-ақ тұр.

Олар барлық айғақты полицияға тапсырды. Полицейлер оны қабылдап алып, сараптамаға жіберді. Сараптамадан кейін киім жууылған күйінде қайтарылды. Киімнен кір жуғыш ұнтақтың иісі шығады. Сол себепті олар тергеуді толыққанды жүргізе алмай отыр. Киімді кім жуды, неге жуды белгісіз.  Әдетте, сараптама толық анықтай алмайды. 

Ал Мариям мектебі атын "Integral"  деп өзгертті. Онда сол баяғы қызметкерлер жұмысын жалғастыруда. Оқу орнының директоры да, ешкім жазаланбады. Бұл жерде баланың отбасы оларға ешкім мән бермегендіктен зардап шегіп отыр. Әкесіне және балаға өте ауыр", - деді “НеМолчи” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі. 

Ал жәбірленушінің адвокаты Айнара Айдарханова бұл істен әлі күнге дейін еш нәтиже болмай жатқанын жеткізді. 

“Іс жабылды. Тамыз айында тоқтады. Іс бойынша еш нәтиже болмай жатыр. Қай жағынан алып қарасақ та жүрмейді. Оқу ағарту министрлігіне жүгіндім. Комиссия келіп тексеру жұмыстарын жүргізді. Мектептің әлдебір жақта мықты тіреуі бар сияқты. Негізі бұл жекеменшік мектеп, шағын және орта бизнес. Биыл шағын және орта бизнеске мораторий енгізілгендіктен тексеру мүмкін емес”, - деді адвокат. 

Алайда оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектеп атауы өзгергенін және іс бойынша тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. 

“Математика-лингвистика мектебі 1998 жылдан бастап жұмыс істей бастады. 2022 жылы "Integral мектеп-балабақшасы" жеке мекемесі болып атауын өзгерткен. Зардап шеккен балаға психологиялық көмек көрсетілді. Баланың медициналық және психологиялық жағдайы бақылауда ұсталып отыр. Қазіргі уақытта тергеу, тексеру амалдары жүргізілуде”, – делінген ведомство хабарламасында. 

Айта кетейік, "Мәриям" мектебін 1997 жылы доцент Бақытжан Нұрматов  ашты. Бастапқыда бұл жер оқу орталығы болды. Мектеп білім беру қызмет нарығында 21 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бірақ электронды үкімет деректеріне сәйкес, ол 2006 жылы ғана бастапқы тіркеуден өткен.

Оқу орнының екінші негізін қалаушы – Бақытжан Нұрматовтың қызы Найля Махамедова. Жекеменшік мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты бойынша жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы "Мәриям" (қазіргі атауы "Integral") жекеменшік мектебінде бірінші сынып оқушысын бірнеше күн қатарынан жоғары сынып оқушылары зорлап келгені туралы жазған едік.

Әкесі Қанат Ахметов баласының өзгелер тарапынан қорлық көргенін қалай байқағанын айтып берді. 

"Ол ойнап отырып, бір кезде "Әке, егер олар тағы да осылай қайталаса, мен олардың бәрін өлтіремін" деді. Көзіне жас алып, бірден пышаққа жүгірді. Мен бірден артынан барып, оны кім қорқытып жүргенін сұрай бастадым. Артынша мұғалімге телефон соқтым. Баламнан оның мойнына пышақ тақап, біреулер қорқытқанын білдім. Бірақ мен оны тек біреу қорқытты деп ойладым, артық ештеңе ойыма келмеді", - деді Ахметов.

Бұл істі полицияға баланың әкесі хабарлаған. Іс туралы хабарлаған "Не Молчи" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі президентке ашық хат жолдап, онда мемлекет басшысынан барлық кінәлілерді жазалауға көмектесуін сұраған еді.

Талқылау