"Шашынан жұлып, ұрып-соқпадым": Әйелі мен балаларын үйден күштеп шығарған Марат Әйтенов сот алдында жауап берді
Елордада Шымкенттің экс-әкімінің ағасы Марат Әйтеновке қатысты сот отырысы болып жатыр. Сот отырысында күдікті бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға мүлдем дене жарақатын жасамағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Биыл шілде айының басында әлеуметтік желіде Марат Әйтеновтің отбасын қуып жатқаны туралы видео жарияланған еді. Бейнекадрлар жұрттың үлкен наразылығын тудырды. Осылайша Шымкент қаласының экс-әкімінің ағасы заңсыз әрекеті үшін ұсталды. 15 шілдеде сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды. Осыдан кейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Судья “қылмыстық теріс қылық бойынша мән-жайды айтып беруге келісесіз бе” деп Айтеновке сұрақ қойды. Сондай-ақ бұл іске 15 куәгер айғақ беруге тартылғанын айтты.
Алайда жауапкер ақпаратқа толық жауап бермейтінін мәлімдеді.
"Шашынан жұлып, жұлқылаған емеспін. Балаларыма жақсы тәрбие берген әкемін. Зорлық көрсеткен емеспін. Ұрған жоқпын. Сараптама кезіндегі көгеру белгілерін 1 немесе 3 тәулік аралығында Әтешова өз-өзіне жасаған болу керек. Құрметті сот, аяқ-қолын қатты ұстағаным рас. Ашуын басу үшін жерге құлап, басын жармауы үшін қолыммен қатты ұстағаным рас. Мен оны сүйреген жоқпын. Өзі құлайын деп жатқанда ұстап қалғаным рас. Ал шашынан тартқаным туралы, бұл жалған. Керісінше, балаларымның анасына ешқандай теріс пиғылым жоқ. Себебі бар ойым балаларымды қауіп-қатерден сақтап қалу болды", – деді Марат Әйтенов.
Жауапкердің адвокаты Амитов Әйтеновтен неліктен Дана Айтешованы сыртқа шығарып жібергенін сұрады.
"Сот шешімін орындауға кедергі жасап жатқаннан кейін қауіп-қатерден сақтап қалуға тырыстым. Себебі сол кезде сот орындаушылары үйде болған еді. Оқиға орнына сот орындаушысы Алмасбектің талабы бойынша үйге келдім. Әкелік борышыңды орындауың керек, балаларыңды қауіпсіз жерге алып кетуің керек деп айтты. Үйге барған кезде балаларымның жағдайы адам көргісіз күйде болды. Балалардың өзі кімнен көмек сұрайтынын білмей жылап отырды. Бұл жағдайлардың бәрін өз көзіммен көрдім", – деп түсіндірді Марат Әйтенов.
Марат Әйтеновтың айтуынша, оқиға орнына балаларды қорғау уәкілдіктерінен өкілдер болған. Балаларды қауіпсіз жерге апару керек деген өтінішті Дана Әтешова ескермеген.
Еске салайық, бұған дейін 26 шілдеде Астана сотында Дана Әтешоваға бұрынғы күйеуі, Шымкент қаласының экс-әкімі Марат Әйтеновтің ағасына қатысты әдепсіз сөздер айтқаны үшін ескерту жасалғанын жаздық.