«Шаншар» театрының әртісі Жүсіп Ақшора: Уәлибек болмағанда осы күнге жетпес едім
Бүгінде «Шаншар» театрының әртісі Жүсіп Ақшораны білмейтін қазақ кемде кем. Жүсіп Темірәліұлы әртістік шеберлігімен халықтың ықыласына бөленіп, көрерменнің көңілінен жол таба білген жан, деп жазады Қазақпарат.
Жиырма жылдан астам уақыт «Шаншар» әзіл-сықақ театрында еңбек етіп келе жатқан ол өнер жолындағы алғашқы қадамын сатиралық емес, драмалық театрдан бастаған. Сахнада жүріп, талай образды ерекше сомдап жүрген актерді әңгімеге тартқан едік.
– Жүсіп Темірәліұлы, жалпы, өнер саласына қалай келдіңіз?
– 1978 жылы Жетісай қаласындағы Мәдени ағарту техникумына оқуға түстім. Техникумда оқып жүрген кезімізде Мұхтар Шаханов студенттермен кездесуге келді. Содан Димаш деген апайым маған «өлең оқисың» – деді. Мен бірден бас тарттым. Себебі, оған дейін үлкен сахнаға бір рет болса да шығып көрмегенмін. Алайда, апайым алған бетінен қайтпады. Сөйтіп Мұхтар ағамыздың «Ғұмыр» деген өлеңін оқыдым. Қалай оқығанымды өзім де білмеймін. Сахнада тұрған кезімде қолдарым қарысып қалды. Ертесіне аталған кездесу Құрманбек Жандарбеков атындағы қазақ музыкалық драма театрында жалғасын тапты. Бұл өлеңді театрда да оқуға тура келді. Оны Мұхтар Шахановтың өзі айтыпты. Осы күннен кейін студент болып жүріп, театрға жұмысқа кіріп кеттім. Міне, өнер жолын осылайша әзіл-сықақтан емес, драма театрдан бастадым.
– Уәлибек Әбдірайымов екеуіңіз осыдан жиырма жыл бұрын «Шаншар» театрын аштыңыздар. Бұл театр қалай құрылды?
– Жетісайдағы оқуымды бітіргеннен кейін өз ауылыма (Отырар ауданы, Көксарай ауылы) келіп, мәдениет үйінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Сол жерде жыл сайын аудандық көркем өнерпаздар ұжымдарының байқауына қатысып жүрдік. Уәлибек сайыста әділқазы болып отыратын. Ол кезде Уәкең аудандық Мәдениет үйінің директоры еді. Содан мені өзінің «Отырардың тамашасы» атты әзіл-сықақ театрына шақырды. Арасы отыз шақырым жерге екі жылдай қатынап, сонда жұмыс істеп жүрдім. Кейіннен мені аудандық мәдениет үйіне ауыстырып алды. Содан екеуміз Шардара, Бәйдібек, Созақ, Отырар осы төрт ауданды аралап, әзілдерімізді қойып жүрдік. Одан бөлек қойшыларға концерт қоюға шығамыз. Осылай бес жыл жүрдік. Сөйтіп, облыстық сайысқа қатыса бастадық. Онда үш жыл қатарынан бірінші орын алдық. Кейіннен өзіміз театр ашайық деп шешіп, оның атын «Шаншар» деп қойдық. Облыстық телеарнадан үш рет эфирге шықтық. Содан басталып кетті.
– Сізге қандай рөлді ойнау оңай және қай рөлді ұнатпайсыз?
– Ішіп алған адамның рөлін қиналмай орындаймын. Рахат қой. Белгілі тәртіп жоқ. Қисалаңдап жүре бересің. Негізінде, оның да қиыншылығы бар. Бірақ маған оңай. Ал жаныма жақын емес образ жайлы айтсам, әйелдің кейпіне кіргенді ұнатпаймын. Анық ойнау керек болса, амал жоқ ойнаймын ғой. Бір рет екіқабат әйелдің рөлін сомдағанмын.
– Сахнада Уәлибек Әбдірайымов екеуіңіз бір-біріңізді толықтырып тұрасыздар. Шыныңызды айтыңызшы, өнер жолында Уәкең кездеспегенде осындай жетістіктерге жете алар ма едіңіз?
– Уәлибек болмағанда осы күнге жетпес едім. «Арманшыл адам қиялдап жүргенде, тәуекелшіл адам жолдан өтеді де, кетеді» дегендей, Уәлибек -тәуекелшіл. Ал мен – қиялшылмын. Осы сөзімнен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады…
– Әзілді қалай табасыздар?
– Халықтың арасынан образ жинап жүреміз. Әзіліне қарап, заманына баға беруге болады. Сондықтан боямасыз өмірден сөйлегіміз келеді. Біз қоғамдағы қарапайым адамдардың көре алмай тұрған күлкілі жайттарды байқап қоюымыз керек. Кейін соны қиялмен суреттеп, сахнаға алып шығамыз. Яғни, біздің қаруымыз – қиял. Сондықтан қиялымызды жоғалтып алмауға тырысамыз. Көбінесе, бізде әзілді Уәлибек пен Ғалымжан Қаппаров жазады. Кей-кездері көрші өзбек ағайындардан да алып жатамыз. Алайда, оны өзімізге лайықты етіп өзгертіп аламыз.
– Қазіргі халықты күлдіру оңай ма? Жалпы, бүгінгінің әзіл-сықақ театрларына көңіліңіз тола ма?
– Мойындау керек, бүгінгі күнде біз көрермендерді ертіп жатқан жоқпыз, оларға еріп жатырмыз. Солардың ыңғайына берілудеміз. Бұл дұрыс емес. Бүгінгі күнде астарлы ой, салмағы бар әзілдер аз. Қазіргі халық астарлы әзіліңді емес, тікелей әзіліңді тыңдағысы келеді. Біз оған жол бермеуіміз қажет. Театрлар жайына келсем, «алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деп айтып кеткендей әрқайсысы қолдарынан келгендерін жасап жүр. Арасында таланттылары көп. Мен солардың ішінде Нұржан Төлендиевті ерекше атап өтер едім. Нұржан жан-жақты. Өте ізденімпаз. Керек образдарды жақсы табады. Әзіл-сықақ театр саласында өсіп келе жатқан буынның одан алары көп.
– Актерлік жалақыңыз сізді қанағаттандыра ма? Әлде, қосымша табысыңыз бар ма?
– Қанағаттандырады ғой. Уәлибек бәрімізге көмегін беріп жатыр. Бірақ, ақша деген қанша көп тапсаң да жетпейді. Ең алдымен адамға қанағат керек екен. «Шаншардан» бөлек, «Әзіл-сықақ» театрында істеймін. Киноға түсіп, телеарнаға шығып жатамыз. Тойға да барамыз. Айтар едім, барлық ойды ақшамен байланыстырып қоюға болмайды. Бізді ерекше махаббатпен жаратқан Алламызды тануды ұмытып кетпеуіміз қажет. Өзімізге ақыл жетпей жатса да, біреуге айтуға құмармыз ғой. Дегенмен, қысқа өмірде рухани дүниемізді барынша кеңейте түссек, нұр үстіне нұр болар еді.
– Біз сізді тек сахнадан ғана танимыз. Ал өмірде қандайсыз? Мәселен, қоғамдық көліктерде көп жүресіз. Жаяу жүретініңізді де жұрт жақсы біледі. Әлде, осылай жүрген өзіңізге ұнай ма?
– Көлікті жақсы жүргізе алмаймын. Оның үстіне жаяу жүрген денсаулығыма да пайдалы. Көше кезіп, жаяу жүрген сәтте ойыңа көп нәрсе келеді. Қиялың оянады. Адам туғанда және өлгенде теңеледі, екі ортада әртүрлі дәрежеде болады. Бірақ адамның адамнан артықшылығы жоқ қой. Сол себепті қарапайым халықтың бірі ретінде жүргім келеді. Ал жұрт мені қоғамдық көліктен көріп қалып, «жаяу жүрсіз ғой» деп жатады. Мен болсам, «жаяу емес, автобуспен жүрмін» деймін. Негізінде менің жүзіме қараса, жаяу жүргенге бола беретін сияқты. Ал енді Уәлибек пен біздегі Нұржанды айта алмаймын… (күлді). Негізі үйде «Toyota Camry» – 25 автокөлігіміз бар. Бірақ, ол балалардан артылмайды.
– Балалар демекші, отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз.
– Үш ұлым, бір қызым, бір әйелім бар. Үлкен ұлым Малайзияда сәулетші мамандығы бойынша білім алып келді. Екінші ұлым үйленген. Қызым жоғары оқу орнында, ал кенжеміз биыл 10 сыныпты бітіреді. Әйелім үй шаруасында. Балалардың тәрбиесімен айналысады. Өзім де балаларыма мүмкіндігімше тәрбие беріп отырамын.
– Күйбең тіршіліктен шаршаған сәттерде не істейсіз?
– Үйде тынығамын. Ойға батамын. Жүрегіме жақын, есімде бар өлеңдерді оқып жатамын. Әйелім «түк істемей неге жатырсың?» десе, «ойланып жатырмын» деймін. Өзі-ақ сосын күліп жібереді. Әйел заты ойлануыңа да мүмкіндік бермейді ғой.
– Әңгімеңізге рахмет!
Тағы да оқыңыз:
Досы «Димаш орысша білмегендіктен қазақша сөйлейді» деп сынайтындарға жауап берді
Димаштың жаңа әнін тыңдаған көрермендер еріксіз жылап жіберді (видео)
Қытай қызы ұсақ моншақтардан жасаған Димаштың портреті әуежайдан неге өтпей қалды?
Павлодарда дүние-мүлкі түгел өртенген үйде құран кітабы аман қалған (фото)