Министр Серік Жұманғарин қосылған құн салығы бойынша жалған ақпарат айтып, сынға ұшырады
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің басқа елдерде Қосылған құн салығы өсімінің шегі туралы жалған ақпарат бергені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Exclusive сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
"Казахстанская правда" газетінде премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің салық реформасына енгізілген жаңа түзетулер туралы сұхбаты жарияланды. Серік Жұманғарин сұхбатында шетелдегі қосымша құн салығын төлеудің шекті мәндері аз екенін айтқан.
"Тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету ұсынылып отыр. Бұл ретте кірісі 15 миллион теңгеге дейінгі кәсіпкерлердің 80 пайызы микро және шағын бизнес санатына жатады. Салыстыру үшін: Ресейде бұл шекті көрсеткіш – 10 миллион теңге, Өзбекстанда – 30 миллион, Қырғызстанда – 30 миллионға жуық”, – деді Жұманғарин.
Exclusive.kz сайты бұл ақпаратты тексеріп, министрдің қателескеніне көз жеткізді.
Іс жүзінде Ресейде Қосылған құн салығынан босату екі миллион рубль (шамамен 11,5 миллион теңге) айналымға дейін қолданылады. Бірақ бұл мән Қазақстандағыдай бір жыл үшін емес, алдыңғы үш күнтізбелік ай ішіне есепке алынады. Өзбекстанда Қосылған құн салығы шегі 30 миллион теңге емес, қазақстандық валютамен есептегенде 38,7 миллион теңге. Қырғызстанда сегіз миллион сом шекті межеге, яғни шамамен 45,7 миллион теңгеге дейін Қосылған құн салығын төлемей жеңілдетілген салық жүйесі жұмыс істейді.
Сонымен Серік Жұманғарин бір сөйлемде үш рет қате жіберген. Журналистер министрдің қателігіне назар аударған күннің ертеңіне сұхбаттың бұл фрагменті "Казахстанская правда" сайтынан алып тасталды.
"Вице-премьердің сұхбаты біздің жарияланымнан кейін түзетілді! Бізде бәрі қалай жасалатынын түсіндіңіз бе? "Міне, мәжбүрлеп әрекет еткізу деген осы", – деді сайттың бас редакторы Қарлығаш Еженова Facebook парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Серік Жұманғарин қосылған құн салығымен қоса жалақы, жәрдемақы мен зейнетақы да өседі деген еді.