"Сені аналық жүрегіммен қарғаймын": Ақтөбеде қалыңдығын буындырып өлтірген азаматқа сот үкімі шықты
Ақтөбеде қалыңдығын буындырып өлтірген ер азаматқа шығарылған сот үкімімен арызданушы тарап келіспеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қылмыскер 10 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Ақтөбеде өткен соңғы сот ісі бәріне де қиынға түскен сияқты. Әсіресе қатыгез азаматтың 10 жылға ғана абақтыға қамалуы марқұм болған бойжеткеннің анасына жеткілікті болмаған көрінеді.
"Қарғыс атсын сені! Аналық жүрегіммен қарғаймын! Мен тоқтамаймын. Бұл саған аз. Қызымды ешкім қайтара алмайды. Қайда барамыз? Кімнен сұраймыз? Жалғыз қызымды өлтіріп, он жыл ғана алып отыр", - деп қынжылды қыздың анасы.
Ақтөбедегі Әсем Эльбрусованың өлімі бүкіл қала тұрғындарын дүрліктірді. Өткен жылдың тамыз айында қыздың денесі жалдамалы пәтердің ішінен табылған, оның қылқындырылып өлтірілгені анықталыпты. Сүйіктісін өлтірген ер адам полицейге барып өз қылмысын мойындапты. Кездескендеріне бір жарым жыл болған олар тіпті үйленбекші болып сөз байласыпты. Дегенмен екі жұптың үйінде ыдыс-аяқ жиі шайқалып жүріпті. Осындай күндердің бірінде қызғаныштың себебінен ашуға булыққан ер азамат қалыңдығын буындырып өлтірген. Сот азаматты 10 жылға темір торға қамап, жәбірленуші тарапқа материалдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеу туралы тоқтамға келген. Алайда бұл үкімге марқұмның туыстары келіспейді. Айтуларынша бұл тым жеңіл жаза екен.
"Біз бірнеше рет хаттамаға жүгіндік, бірақ олар қанағаттандырылмады. Ашық түрде негізсіз деп танылды. Менің екі адвокатымның сөздері ескерілмеді. Олар пікір білдірген кезде сот оларды елемеді. Біз апелляцияға жүгінеміз", - дейді марқұмның туысы Зүлфия Эльбрус.
Бұған дейін Ақтөбеде күйеу жігіт бойжеткенді отбасымен таныстыруға алып кетіп, алайда оны буындырып өлтіргені айтылған еді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
