Сенат депутаты Хасан Қасымбаевпен туыстығы барын мойындады
Алматы облысының парламент сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Талғардағы "Хутор" қылмыстық тобының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевпен туыстығы туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин/instagram.com/zhanbolatzhorgenbaev
Әлеуметтік желіде сенатор Жанболат Жөргенбаевтың Хасан Қасымбаевтың алыс туысы екені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ “оның болып жатқан жағдайға әсер етуі мүмкін” деген сөздер желдей есті. Яғни, сенатор Хасан Қасымбаевтың ағасы, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаевты қызметінде қалдырып, жұмыстан шығармауын өтінген болуы мүмкін деген ақпарат та бар.
“Иә, әлеуметтік желіде “Талғар ауданындағы ағайынды Қасымбаевтарға қатысты жағдайға әсер етті” деген жазбалар мен видеоларды көрдім. Мен ешкімге өтініш жасамағанымды, қазіргі Талғар ауданы әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Қасымбаевтың өз орнын сақтап қалуы үшін ешқандай шара қолданбағанымды ресми түрде мәлімдеймін. Оның үстіне, мен Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу барысына ықпал еткен жоқпын және ықпал етуге тырысқан да емеспін”, – дейді депутат Жанболат Жоргенбаев.
Сондай-ақ ол Хасан Қасымбаевтың алыс туысы болып келетінін мойындады.
“Туыстыққа келер болсақ: иә, облыстың көптеген тұрғындары сияқты Хасан Қасымбаевтың менің алыс туысым екенін растаймын. Өздеріңіз білесіздер, қазақтың ағайын-туысы көп. Бірақ біз тұрақты түрде араласқан емеспіз. Көбіне оны үлкен отбасылық жиындарда немесе қазаға көңіл айта барған кезде, барлық алыс туыстар жиналған кезде көріп қалатынмын. Маған қатысты мәлімдемелердің бәрін жала деп есептеймін және жала жапқандарға заң жүзінде шара қолданамын”, – дейді Жанболат Жөргенбаев.
Бұған дейін сенатор Жақып Асанов Хасанмен туыстығы және "Хутор" бандасымен байланысы туралы айтқан еді.
Еске салсақ, "Хутор" бандасының жетекшісі деген Хасан Қасымбаев ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Кейін оның Ережесіз жекпе-жек спортшысын аяусыз ұрып жатқан видеосы тарап, не үшін ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар күні кеше, Хасан Қасымбаевтың анасы ұлының жазықсыз екенін айтып, президенттен көмек сұрады.