Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада АЭС құрылысына қатысты соңғы қоғамдық талқылау өтті

АЭС салуға қатысты референдум алдындағы соңғы талқылау Астанада өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанада АЭС салуды қолдау немесе бас тарту идеясы бойынша соңғы қоғамдық талқылау басталды. Оған атом саласының сарапшылары, мемлекеттік орган өкілдері, қоғам белсенділері қатысып жатыр.

Спикерлердің сөзінен кейін оларға қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық аспектілер бойынша сұрақтар қоюға болады.

Бұған дейін Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Семей, Шымкент және еліміздің басқа облыстарында қоғамдық талқылаулар өтті.

АЭС-ке қатысты жиында Астана тұрғыны пікір білдіріп, Семей полигоны зардабын айтты.

“Семейді ұмыттыңдар ма, зардабын әлі тартып жатырмыз. Тұрғындар Байқоңырдағы зардапты да әлі тартып жатыр. Уланып жатыр. Соны неге айтпайсыңдар? Осы үшін ұрпақтың қарғысына қаласыңдар”, – деді ол.

Екі минут сөйлеген соң қарияның микрофонын өшіріп, оны залдан шығаруға тырысты.

Қазақстан атом электр станцияларының бас директоры Тимур Жантикин бұл ойларға жауап беріп, АЭС саласында болашақ бар екенін айтты. 

"Көпшілігі станция жарылады деп қорқатын шығар, бірақ атом энергетикасының болашағы шағын модульдік станцияларда деп ойлаймын. Бүгінгі таңда шағын модульдік станциялардың анықтамалық көкжиегі (олардың тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау үшін станциялардың жеткілікті саны мен қызмет ету мерзімі) – 2030 жыл. Бірақ дайындықсыз салу ақылға қонымсыз. Сондықтан күтеміз, үлкен станция орнатамыз, содан кейін шағын станцияларды дамытамыз", – деді ол.

Сөзінше, Қазақстанда АЭС-те жұмыс істей алатын мамандар көп.

Сонымен қатар ұлттық ядролық орталығы бас инженерінің орынбасары Денис Зарва Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы 8 жылдан 10 жылға дейін созылуы мүмкін деп түсіндірді.

Еске салсақ, Алматыда АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылауда тұрғындар шу шығарған еді. 

Талқылау