"Селтик" пен "Қайрат" ойыны Чемпиондар лигасында рекорд орнатты
Фото: fckairat.com
Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде "Селтик" пен "Қайрат" арасындағы ойын 56 182 жанкүйер жинап, рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматының "Қайраты" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Шотландияның "Селтигіне" қонаққа барып, Глазгодағы "Селтик Парк" аренасында ойнады. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Бұл матч трибунаға 56 182 көрермен жинап, осы кезеңдегі ең көп жанкүйер жиналған ойын ретінде тарихқа енді.
Бұл көрсеткіш қазақстандық клубтардың қатысуымен өткен ойындар арасындағы жаңа рекордқа айналды. Бұған дейін ең жоғары нәтиже де "Селтик Паркте" тіркелген болатын. 2017 жылы "Астана" мен "Селтиктің" кездесуін 54 016 жанкүйер, ал 2016 жылы осы командалардың ойынын 52 952 көрермен тамашалаған еді.
2025/26 маусымының плей-офф кезеңіндегі алғашқы ойындардағы көрермендер саны:
"Селтик" – "Қайрат" 56 182
"Рейнджерс" – "Брюгге" 43 731
"Црвена Звезда" – "Пафос" 43 411
"Фенербахче" – "Бенфика" 41 258
"Базель" – "Копенгаген" 25 847
"Ференцварош" – "Қарабах" 19 675
"Будё-Глимт" – "Штурм" 7 896
Айта кетейік, жауапты матч 26 тамыз күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді.

"1 жастағы науқасқа етеккір келді": Қазақстандық гинеколог жыныстық жетілудің жасы қысқарып жатқанын айтып дабыл қақты
