Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 жастағы науқасқа етеккір келді": Қазақстандық гинеколог жыныстық жетілудің жасы қысқарып жатқанын айтып дабыл қақты

1,5 жастағы қызға етеккір келді

Фото: Ru.freepik.com

Балаларды және ересектерді қабылдайтын гинеколог маман қазір қыздарға етеккірдің ерте, 8-9 жаста келетінін айтып дабыл қақты. Тіпті 1,5 жасында етеккір келген қыздың қабылдауда болғанын айтты. Stan.kz тілшісі балалар гинекологы Айжан Алипановадан бұл үрдістің қаншалықты қалыпты екенін және себеп-салдары туралы сұрады.

“Мен балалар гинекологы ретінде байқағаным – қазір қыздарға 8-9 жастан бастап етеккір келе бастады. Жыл сайын мұндай жағдайлардың саны артып келеді, қазір етеккірдің 9 жастан бастап келуі ДДСҰ бойынша қалыпты жағдай болып есептеледі. Бұған не әсер етуі мүмкін? Экология ма? Гаджеттер ме? Тамақтану мә әлде эволюция ма? Ең кішкентай науқасымның етеккірі 1,5 жаста басталған еді”, – деп жазды желі қолданушысы.

Алайда кейін қыздан гормон өндіретін ісік анықталған. Сөйтіп науқасқа операция жасалған соң етеккір тоқтаған.

Гинеколог-эндокринолог дәрігер, балалар гинекологы Айжан Алипанова да етеккір келетін жастың бара-бара қысқарып келетінін айтып, әріптесімен келісті.

“Соңғы жылдары қыз балаларда етеккірдің қалыптыдан ертерек басталуы жиі байқалады. Сол себепті ата-аналар балалар гинекологының қарауына жиі жүгінеді. Ғалымдар мұның себебін экологияның әсерімен, дұрыс емес тамақтанумен, артық салмақпен, гормон тепе-теңсіздігімен, стресс және гаджетке тәуелділікпен түсіндіреді”, – дейді дәрігер.

Қалыпты жағдайда:
    •    Сүт бездерінің өсуі 8 жастан басталады;
    •    Етеккірдің келуі 9 жастан кейін болады;
    •    Етеккірдің толық реттелуі 3 жыл ішінде қалыптасады.

Әрбір ата-ана қызының жыныстық дамуын төрт негізгі белгі арқылы бақылай алады:
    1.    Сүт бездерінің өсуі;
    2.    Етеккірдің келуі;
    3.    Қолтық астында түктің пайда болуы;
    4.    Қасағада түктің өсуі.

Маманның айтуынша, егер бұл белгілердің бірі 7 жасқа дейін байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Себебі жыныстық жетілудің уақытынан бұрын басталуы баланың бойының өсуін тежеп, гормондық бұзылыстарға әкелуі мүмкін.

“Қазір ең соңғы УДЗ аппараттарының көмегімен қыз баланың жыныс мүшелерінің даму деңгейін 30 апталық кезден бастап бақылауға мүмкіндік бар. Менің тәжірибемде ең ерте етеккір келген науқасым небәрі 1 жаста болды. Мұндай патологиясы бар қыздар міндетті түрде балалар эндокринологының бақылауында болып, гормонды терапия қабылдайды. Ата-аналарға айтарым: әрбір қыз бала – болашақ ана. Сондықтан оның денсаулығына аса жауапкершілікпен қараңыздар”, – деп ескертті дәрігер.

Сондай-ақ оның айтуынша, пластикалық ыдыстар мен косметикадағы фталаттар мен бисфенол A сияқты химикаттар гормондарға ұқсас әсер жасап, ерте жыныстық жетілуге, етеккірдің ерте келуіне ықпал етеді.

“Кейбір ерекше жағдайларда орталық немесе перифериялық жүйелердегі генетикалық мутациялар, гипофиздік немесе басқа ақаулар балаларда ерте жыныстық жетілуді тудыруы мүмкін, бірақ бұл сирек кездеседі. Бұл 90-95% жағдайда медицинада нақты себебі анықталмаған”, – дейді Айжан Алипанова.

Ұсынылатын алдын алу шаралары:
    •    Теңгерімді, калориясы аз диета және дене белсенділігі салмақты бақылап, ерте жетілудің алдын алады.
    •    Химикаттарға (EDC) әсерді азайту — пластикті азық-түлікте қолдануды шектеу, органикалық заттарды таңдау.
    •    Психологиялық қолдау — стресс факторларын азайту, отбасылық эмоциялық климатты реттеу.
    •    Медициналық тексерулер — күмән туғанда баланы маманға уақытылы көрсетіп, қажет болса гормонды терапия жүргізу.

 

STAN.KZ
Жұма, 22 Тамыз, 2025 17:31
Талқылау