Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржылық жағдайы нашарлаған қазақстандықтар алимент төлеуден босатылады: Әділет министрлігі өзгерістерді түсіндірді

кошелеk

Фото: Freepik.com

Қазақстанда енді қаржылық жағдайы нашарлағанда алимент төлеуді тоқтатуға болады. Жоғарғы cот алимент өндіріп алуға қатысты нормативтік қаулысына өзгеріс енгізді. Stan.kz тілшісі әділет министрлігінен нақты қандай жағдайда және қалай алимент төлеуді кейінге қалдыруға болатынын сұрап көрді.

Жоғарғы cот алимент өндіріп алуға қатысты нормативтік қаулысына өзгеріс енгізді. Бұған дейін сот алиментті азайтуға тыйым салатын нормативтік қаулыға сүйеніп келген. Бұған алимент төлеушілер қарсылық білдірген еді.

Сонымен қатар “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексте алимент мөлшерін азайту мүмкіндігі бар. Нормативті қаулы мен кодекстегі екі нәрсе бір-біріне қарама-қайшы болып, адамдарды шатастырды. Нәтижесінде Жоғарғы сот қаулыдағы тыйымды алып тастады.

Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, енді алименттерді өндіру және оларды төлеуден босату мәселелері бойынша дау болған жағдайда сотқа талап қою керек.

“Онда борышкер науқастанып қалғанын немесе басқа да себептермен жұмыссыз қалғанын, отбасылық ауыр мәселе болғанын дәлелдеп, соның кесірінен алимент төлей алмайтынын көрсету керек. Сол кезде алимент бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуға құқылы”, – делінген хабарламада.

Алимент көлемі қалай есептеледі?

"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға сәйкес, алимент соммасын сот орындаушы тоқсан сайын яғни үш ай сайын анықтайды. Борышкер қанша жалақы алатынын немесе кірісі туралы ақпарат ұсынады. Жұмыс істемесе, оны да көрсетуі керек. Әйтпесе берешегі елдегі орташа жалақысын негізге алып тағайындалады.

Қазір Қазақстанда орташа жалақы 423 133 теңге болса, бір балаға алимент 105 784 теңге, екі балаға 140 903 теңге, ал екі немесе одан да көп бала үшін 211 567 теңге болады.

Алимент төлемегендерге қандай шара қолданылады?

Үш айдан астам уақыт алимент төлеуден жалтарып жүргендер Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасына кесіледі. Одан бөлек кешіктірген берешек сомасына тұрақсыздық айыпақы есептеледi.

Сондай-ақ алименттен жалтарып жүргендерді құрықтау үшін "Қорғау" жүйесі шықты. Сол арқылы полиция қызметкерлері борышкерлердің атына тіркелген көліктің қайда жүргенін анықтап, көлікті айып тұрағына қояды. Көлік борышкер қарызын толық өтегенше тұрады. Егер алимент сол күйі төленбесе, сот шешімімен мүлік аукционға қойылып сатылады. 

Әділет министрлігі алимент бойынша құқықтық консультацияны 119 нөмірі бойынша еліміздің стационарлық телефонына немесе құқықтық ақпарат орталығына, сондай-ақ 119 Kenesbot Telegram-арнасы арқылы алуға болатынын айтты.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 22 Тамыз, 2025 15:55
Талқылау