Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сел тұрмақ цунамиден қорғану шараларын қабылдаған елдер бар": Депутаттар су тасқынынан зардап шеккендердің жанайқайын жеткізді

Еліміздің 10-нан астам өңірін су басып, тұрғындар зардап шегіп отыр. Осыған байланысты "AMANAT" партиясының мүшесі Мақсат Толықбай мәжіліс депутаттары атынан сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот

Депутаттың сөзінше, еліміздің тең жартысы су астында қалып жатқаны жылдағы әдет.

“Көктем келеді, үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. "Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз", – делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ.

Осыған байланысты мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық. Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта осы өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстаймыз. Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой, – деп шүйлікті Толықбай. 

Мәжілісменнің сөзінше, мәселе – жергілікті әкімдіктер мен үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз.

“Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал біздің кей аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ.

Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен еш нәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік”, – деп атап өтті ол.

Депутат ғалымдарға жағдай жасалмай, еш нәрсе түзелмейді дейді. 

“Жоғарыда айтқанымдай, біз күні кеше мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық. Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан  су шайып өткен бірнеше үйге "AMANAT" партиясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті.

Себебі Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті прокуратура жобалық құжаттамасынан кінәрат тауып, тоқтатып тастаған.

Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал”, – дейді ол.  

Сонымен қатар Мақсат Толықбай баспанасы жермен-жексен болып, бала-шағасымен босып кеткен ағайынның тағы бір арыз-арманын жеткізді.

“Рас, Мемлекет басшысының: "Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі", – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе?

Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек”, – деп атап өтті мәжіліс депутаты. 

Талқылау