Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Сауда орталықтарында сырғанаған: Бұрынғы бапкері Денис Теннің мәнерлеп сырғанауға қалай келгенін айтып берді
Ресейлік танымал бапкер Елена Водорезова әйгілі мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенмен алғашқы таныстығы туралы айтып берді. Балалардың арасынан мұндай дарындылықты жиі байқай бермейсің, деп еске алды ол.
Бұл туралы бапкер Денис Тенді еске алуға арналған «Тает лед» басғдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.
Бапкер Елена Водорезованың сөзінше, ол Денисті алғаш рет 2003 жылы Мәскеуде өткен «Хрустальный конек» сайысында көрген.
«Кенеттен кішкентай, күлкілі баланы көрдім. Мұндай бала бізде болған жоқ. Ол мүлдем ештеңе істей алмайтын еді. Алайда әртістігі сөзбен айтып жеткізгісіз. Құдды кішкентай гаухар тас дерсің.
Мұнан кейін ол анасымен бізге келді. Осы жақта сырғанағысы келетінін айтты. Мен олардан: «Сіздер қайда тұрасыздар? Қай жерде сырғанап жүрсіздер? Бапкерлеріңіз кім?» – деп сұрадым. Сөйтсем ол сауда орталықтарындағы кішігірім мұзайдында сырғанап жүрген екен. «Бізде Алматыда мұзайдыны жоқ», – деді анасы.Яғни мәнерлеп сырғанау деген мүлде болмаған жерде осындай керемет дарын пайда болды», – дейді Водорезова.
Өз сөзінде ресейлік бапкер Денистің өте дарынды болғанын атап өтті.
«Ол – өте дарынды. Мәнерлеп сырғанауда баланың сырғанап, ән шырқауы сирек кездеседі. Мұнан кейін оның музыка, сценарий жазатынын білдік. Ол көп дүние ұсынатын. Кей тұстарында келісетінмін де», – дейді ол.
Сондай-ақ, Дениспен түрлі сайыстарға барған кезде бірге пәтер жалдап тұрған күндерін еске алды.
«Біз бірге жүрген кезде, ақша жоқ болғандықтан екі бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Бір бөлмесінде мен, келесі бөлмеде Денис пен анасы болды. Мен оның өзі сабақ оқып отырғанын, өзі тілді меңгеріп жүргенін көрдім. Мұнан кейін ол ЖОО-ға өзі түсті. Мен анасынан: «Бұл қалай?» – деп сұрдым. «Ол бәрін алып жүреді», – деген еді анасы Оксана», – дейді бапкер.
Елена Водорезова Денистің спорттық мансабында, мәнерлеп сырғанаушы ретінде қалыптасуында анасының рөлі айрықша екенін басып айтты.
«Ол анасымен осы жаққа көшіп келді. Пәтер жалдап тұрды. Анасы оның ең жақын досы, менеджері еді. Олар үнемі бірге жүретін. Отбасына өте қиын болды. Себебі Оксана Дениспен бірге көп уақыт Ресейде жүрді. Ал әкесі үлкен ұлымен үнемі Алматыда болды. Яғни отбасы екіге бөлінді. Бұл өте қиын», – дейді Водорезова.
Водорезованың бұл пікіріне әйгілі бапкер Татьяна Тарасова да қосылды. Ол Денистің анасы Оксана Алексееваның аналық сезіміне қайран қалғанын мойындады.
«Мен мұндай анаға қайран қаламын. Ол ұлына өзін, өмірін толықтай арнады. Бұл оған ешқандай кедергі келтірмейтін», – дейді бапкер Татьяна Тарасова.
Айта кетсек, ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Алексей Ягудин досы, әріптесі Денис Тенге арнап “Тает лед” бағдарламасын түсірді. Жобада Ягудина Денис Теннің достары, жаттықтырушылары, әріптестерімен сөз өрбіткен. Олардың қатарында Максим Маринин, Татьяна Тотьмянина, Максим Траньков, Татьяна Волосожар, Илья Авербух, әртіс Санжар Мадиев, режиссер Игорь Цай, Теннің алғашқы жаттықтырушысы Елена Водорезова мен атақты тәлімгері Татьяна Тарасова бар.
Бағдарлама түсірілімі Алматы, Мәскеу және Сочи қалаларында өткен.
Естеріңізге сала кетсек, 19 шілде күні Алматыдағы Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында көлік айнасын ұрламақ болған екі азамат Денис Тенге шабуыл жасады. Кикілжің нәтижесінде күдіктілер спортшының аяғына пышақ сұғып алған. Нәтижесінде Денис Тен көп қан жоғалтып, аурухананың жан сақтау бөлімінде көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұған дейін министрдің орынбасары қолға түскен азаматтардың шынайы қылмыскерлер екенін мәлімдеген еді. Сондай-ақ, ІІМ өкілі Денис Теннің өліміне күдіктілердің бірі Арман Құдайбергеновтің бұған дейін жасаған қылмысы үшін не себепті тұтқындалмағанынтүсіндірді. Мұнан кейін аталған іске қатысты үшінші күдікті ұсталды.