Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшылар Үндістандағы ұшақ апатына себеп болуы мүмкін нұсқаны атады

Фото: AP

Сарапшылар Үндістандағы ұшақ апатына себеп болуы мүмкін нұсқалардың бірін атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі үндістандық NDTV телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сарапшылардың пікірінше, Air India әуе компаниясының ұшағы құстармен соқтығысу салдарынан апатқа ұшырауы мүмкін. Дегенмен апаттың нақты себебі тергеу нәтижесінде анықталады.

"Алғаш қарағанда, бұл құстармен соқтығысу жағдайына ұқсайды, салдарынан ұшақтың екі қозғалтқышы да істен шыққан", – деді капитан, бұрынғы аға ұшқыш Саурабх Бхатнагар.

Ұшқыштың пікірінше, ұшақтың әуеге көтерілуі мінсіз өткен, бірақ кейіннен ұшақ төмендей бастаған, бұл қозғалтқыш қуатының жоғалуынан немесе ұшақтың көтеруші күшті жоғалтуынан ғана болуы мүмкін.

"Әрине, нақты себеп тергеу барысында анықталады", – дейді сарапшы.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны туралы жазған едік. Ұшақ бортында 242 адам болған. Оның ішінде Үндістанның 169 азаматы, Ұлыбританияның 53 азаматы, жеті португалиялық және бір канадалық, 2 ұшқыш пен 10 экипаж мүшесі болған. БАҚ-та ұшақта болған 242 адамның барлығы қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.

Алайда кейінірек New Times of India агенттігі ұшақ сынықтарын тазалау жұмыстары кезінде бір адам тірі табылғанын хабарлады.

Тірі қалған адам 11A орнында отырғаны белгілі. Ол жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Жолаушының жағдайы туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 18:29
Талқылау