"Ақпараттарды бейқам жариялап жібереді": Қазақстандағы әр оныншы ата-ана балаларының қатесінен ақшасынан айырылған
"Лаборатория Касперского" компаниясы балалардың онлайн қауіпсіздігі жөніндегі бөлімінің басшысы Андрей Сиденко ата-аналардың нені ескеру керек екенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: mel.fm
Цифрлық өмірде жастар үшін тәртіп болуға тиіс. Оларды травлядан, қауіпті челлендждерден, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін әрекеттерден, әсерлі ролик жасау немесе екіұшты тапсырмаларды орындау үшін тәуекелге бару тілегінен қорғау үшін.
"Бірнеше жыл бұрын ата-аналардың көбі балаларының интернетте не қарап жатқанын ойламайтын. Әке-шешелер "ол жанымда, жылы жерде, мектептегі бағалары жақсы" деп санайтын. Ал жақындарының ішкі жан дүниесінде не болып жатқанын ойлаған жоқ. Қазір жағдай өзгеріп жатыр, біз балалардың желіде не істейтінін, оларға қандай қауіп төнетінін зерттеп жатырмыз. Интернет өзі – поэзияға, шығармашылыққа және әлемді танып-білуге көмектесетін құрал ғана. Алайда кибербуллинг сияқты теріс құбылыстар да бар, онымен тіпті әлемдік жұлдыздар да бетпе-бет келеді. Балалар кейде басқаларға қандай күйзелістер туғызатынын түсінбейді. Қорқыту мен ауыр сөздермен әр ересек адам күресе алмайды, ал жасөспірімдер әлдеқайда сезімтал. Бұл кейде ауыр психологиялық жарақатқа әкелуі мүмкін", – деді "Kaspersky лабораториясы" компаниясының балалардың онлайн қауіпсіздігі жөніндегі бөлімінің басшысы Андрей Сиденко.
Сиденко Қазақстанда жүргізілген сауалнаманың қорытындысынан алаңдатарлық мәліметтерді келтірді.
“Әр жиырмасыншы ата-ана өз баласының интернетте басқа пайдаланушыларды қоқан-лоқыға қатысқанына қатысты кем дегенде бір жағдайды біледі. Ата-аналар өздерінің балалары немесе олардың достары әлеуметтік желілерде бұл мақсатта топтар құрғанын да біледі. Келтірілген сандар көп болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ көптеген жағдайда әрбір осындай оқиғаның артында бір адамның трагедиясы жасырынуы ықтимал. Ересектерді мұндай жағдайларға назар аударуға шақырамын", – деп ескертті Сиденко.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың жартысынан көбі (56%) балаларының өздері жүргізетін жеке парақшасы бар екенін айтты. Тіпті мектепке дейінгі балалар да аккаунт ашады: 4-6 жастағы әр жетінші баланың өз парақшасы бар.
Балаларының жарияланымдары туралы білетін ата-аналардың айтуынша, әр екінші бала өз парақшасына жеке суреттерін салады, кейбіреулері пәтерінің жағдайын көрсететін суреттерді жариялайды.
- Әр төртінші баланың мобильді телефон нөмірі көрсетілген.
- Жас пайдаланушылар өздерінің қызығушылықтары мен хоббилері, жасы, мектеп нөмірі, туыстарының аттары, геолокациясы, үй адресі туралы ақпаратты бейқам түрде жариялайды. Яғни бұл барлық мәлімет жаман ниетті адамдарға көмек ретінде қызмет етуі мүмкін деп ескертеді сарапшылар.
Сондықтан ересектерге балалардың әлеуметтік желілердегі профильдерін жабық ұстауды, парақшаға тек шынайы өмірде білетін достарының ғана кіре алатынын ұсынды.
Желіде тағы бір қауіп – ақша жоғалту. Әдетте, бұл жеткіліксіз цифрлық сауаттың салдарынан болады. Балалардың жасаған қателері әрдайым онлайн алаяқтықпен байланысты емес. Мысалы, бала ата-анасының банк картасымен тегін сынақ мерзіміндегі ақылы жазылымды рәсімдеуі мүмкін. Егер оны уақытында тоқтатпаса, одан кейін ақша алуды жалғастырады. Сонымен қатар ересектердің аккаунтынан онлайн дүкенге тауарларды салып қоюы мүмкін.
Сауалнама нәтижелері бойынша көптеген жас пайдаланушының ата-аналары пайдаланатын ақылы сервистерге, онлайн-дүкендерге, кинотеатрларға, такси қызметтеріне, музыкалық қосымшаларға, азық-түлік жеткізу қызметтеріне және бұлтты сервистерге қолжетімділік бар. Балалардың қателері отбасылық бюджетке 400 мың теңгеден астам шығын келтіруі мүмкін.
- Ата-аналар баласының кіммен сөйлескенін көре алады: Instagram жасөспірімдерге арналған аккаунттар ашпақ
- Алматыда оқушы қыздардың мәйіті табылғаннан кейін балалар жаппай өз-өзіне қол жұмсады деген қауесет тарады
Мүмкін болатын тәуекелдерден қалай аулақ болуға болады?
Сарапшылар балалардың гаджеттеріне "ата-ана бақылауы" функциясын орнатуды, телефонның параметрлерімен жұмыс істеуді ұсынады. Мысалы, балаға белгісіз нөмірлерден қоңырау шалуға мүмкіндік бермеу. Аккаунттарды сенімді және уникалды 12 таңбадан кем емес парольдермен қорғаудың маңызын түсіндіру қажет.
Балаларды жеке және банк деректерін бөтен адамдарға хабарламауға, сондай-ақ күмәнді ресурстарда енгізбеуге үйрету, киберқауіпсіздік бойынша оқу құралдарын немесе курстарды бірге қарап шығу қажет. Арнайы техникалық шешімдер баланың потенциалды деструктивті контенті бар топқа қосылғанын немесе оған жасы бойынша үлкен пайдаланушының хат жазғанын білуге мүмкіндік береді.
Жалпы, мектеп оқушысын қызықтыратын контентті зерттеп шығу зиян болмайды. Тіпті бұл зиянсыз мультфильм болса да, деструктивті астардың болуы мүмкін екенін естен шығармау керек деді маман.
Еске салайық, бұған дейін еліміздегі әрбір бесінші ата-ана баласының әлеуметтік желіде қандай ақпарат жариялап, кіммен сөйлесетінін білмейтіні туралы жазған едік. Соның салдарынан жеткіншектердің 5%-ы кибербуллингке тап болады. Мәліметтерде 11 жасқа дейінгі балалардың жартысына жуығында жеке парақша бар. Онда жасөспірімдер жеке суреттерінен бөлек мекенжайын да жариялайды екен. Ұялы телефон нөмірін көрсететіндер де аз емес. Ал балалар онлайн қауіпсіздігі бағытының мамандары жеке деректерді ашық жариялау алаяқтардың жұмысын жеңілдетеді деп отыр.