Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бөтен біреу паналап жүр": Шығыс Қазақстандағы әлеуметтік орталықтың былығы ашылды

Жуырда еріктілер мен қоғам белсенділері "Риддер арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына" барып, бірқатар олқылық барын байқады. Ғимарат қабырғаларында жарық пайда болып, терезе жақтауларынан су аққан. Одан бөлек, бейнекамерадан бөтен адамның жүргені біршама сауал туындатты. Stan.kz тілшісі мәселемен толығырақ танысты.

Мұнда ақыл-есі кем, психикалық ауытқуы бар адамдар ем алып жатыр. "Әділдік жолы" РҚБ ШҚО филиалының директоры Әділ Пшеновтің айтуынша, 18 бөлімі бар. 1972 жылы салынған ғимаратта бүгінге дейін төрт рет басшы ауысыпты. Психикасының ауытқушылығына орай науқастар бөлімдерге бөлінген.

"Қараша айының 29-ы күні барған едік, іші аяқ асты тап-таза, заттары жинастырылып қойыпты. Жұмыс кабинеттерін тексеріп жүргенде массаж кабинеті жабық тұрған болатын.  Біз айтқан соң есігін ашып берді. Мәлім болғандай, бертінге дейін сол бөлмені біреу паналап жүріпті. Қоқыс жәшігінде чипсы, су, кофенің қағаздары мен бөтелкелері жатты. Науқастар барып ем алатын жерде қалайша алдын ала матрац төселіп қойған?", – деді филиал директоры.

Кейін бейнекамера арқылы шаруашылық блок дәлізі арқылы ер адамның өткені байқалды. Персоналдар оны "танымаймыз" деген. Не істеп жүргені белгісіз. Бейтаныс адамның кім екенін білу үшін Әділ Пшеновтің атынан ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына хат жолданды. Сөзінше, ресми жауапта жазда жылыту маусымы алдындағы жөндеу жұмыстары кезінде орталық бөлмелерінде бөтен ешкімнің тұрмағаны жазылды.

"Аталған орталық директоры қазір "Б" корпусындағы массаж кабинетінде ешкім тұрып жатпағанын айтты. Әлеуметтік орталық жұмысшысы жөндеу біткен соң кем-кетікті реттеу кезінде дәлізбен өтті", – делінген басқарма ұсынған мәліметте.

Дегенмен Әділ Пшенов келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстарына  ҚР ІІМ "Еңбек" қылмыстық атқару жүйесі комитеті" шаруашылықты жүргізу құқығы өкілдері жауапты екендігін алға тартты.

"Сонда анау жүрген бөтен адам кім? Қандай негізбен ол бөлмені паналап жүрді? Қызметкелердің бірі асханада тамақ ішіп, массаж кабинетінде бір айдай тұрғанын айтты" – деді филиал директоры.  

Қоғам белсенділерінің айтуларынша, қызметкерлер мекемедегі жаңа заттарды көрсеткендерімен, ескілері кір жуатын орында жатқан. Киім-кешек пен аяқ киімді әлі де мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы сатып алатын көрінеді.

Тексеріс кезінде құрал-жабдықтар сақталатын бөлім қабырғасының бірнеше жылдан бері жарылып тұрғаны анықталды. Еденнің бір жағы отырып қалған, оқшаулау бөлмесінің қабырғасында жарық пайда болыпты. 

"Әлеуметтік орталық директоры Н.Н.Банникова тарапынан олқылыққа жол берілгендігі анық. Облыстық басқарманың нұсқаулығы аясында шара қолдануға құлықсыз. Науқастардың қышымамен ауырғандығын жасырып келгендігі тағы бар. Мұны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы растап отыр. Менің ойымша, ол директор болуға лайық емес", – деді Әділ Пшенов.

Қоғам белсенділерінің ақпаратынша, санитарлық талап сақталмаған. Асхана іші де таза емес, терезе жақтауларынан су аққан сияқты. Тіпті әжетхана қағазының қалыңдығы да келісімшарттағыдай емес, бір қабаттан тұратын жұп-жұқа десті.

"Заңнамаға сәйкес жоспардан тыс тексеріс жүргізілмек. Бұзушылықтар бойынша өтініш түкен. Санитарлық-эпимедиологиялық қызмет құзыретіне қарай тиісті ақпараттармен бөлісетін боламыз", – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасындағылар.

Риддер әкімі Дәулет Батырбаевтың мәліметінше, алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалмақ. Қаржы бөлінуіне қарай, келер жылы жөндеу жұмыстарын жүргізетін көрінеді.

Талқылау