"Басшылықтың бонусына 7 миллиард теңге": Самұрық-Қазына” қорының топ-менеджерлері соңғы үш жылда қанша сыйақы алды

“Самұрық-Қазына” топ-менеджерлері биыл 9 ай ішінде жалпы 6,7 миллиард теңге сыйақы алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 31% артық. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі ұлттық қор топ-менеджерлерінің үш жыл ішінде қанша сыйақы алғанын анықтап көрді.
Топ-менеджерлер соңғы 3 жылда қанша сыйақы алды?
2025 жылдың үш тоқсанына арналған “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры қаржылық есептілігінде топ-менеджерлерге қанша ақша төленгені көрсетілген. Құжатқа сәйкес, қордың және оның еншілес компанияларының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелерінен тұратын негізгі басқарушы қызметкерлер тоғыз ай ішінде барлығы 6 миллиард 738 миллион теңге табыс тапқан.
Айта кетейік, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда “Самұрық-Қазына” топ-менеджерлеріне төленген сома 31% өскен. 2024 жылы топ-менеджерлер 7 миллиард 687 миллион теңге алған. Өткен жылы тоғыз ай ішінде директорлар кеңесі мен топ менеджерлерге 5 миллиард 136 миллион теңге төленген. Бұл қордың топ-менеджментіне кеткен шығындардың бір жыл ішінде шамамен 1,6 миллиард теңгеге артқанын білдіреді.
Құжаттарда көрсетілгендей, бұл сомаға келісімшарт бойынша бекітілген айлық жалақылар және операциялық нәтижелерге жетуге байланысты қосымша төлемдер кіреді. Ал сыйақылардың жалпы төлемдегі үлесі жарияланбайды.
Скрин: Қаржылық есептілік
Ал 2023 жылы Қор мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне 7 миллиард 649 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген.
Скрин: Қаржылық есептілік
Топ-менеджерлер 2022 жылы 6 миллиард 637 миллион теңге көлемінде сыйақы алған. Демек, топ-менеджерлер инфляция үшін қатты алаңдамаса да болады деген сөз.
Скрин: Қаржылық есептілік
Негізінен көрсетілген сома директорлар мен басқарма мүшелерінің айлық жалақыларынан құралған. Дегенмен, сыйақылар да бар, бірақ олардың нақты үлесі көрсетілмеген.
Қаржылық есептілікте былай делінген:
“Негізгі басқарушы қызметкерге төленетін сыйақы негізінен келісімшартпен белгіленген жалақы және операциялық нәтижелерге жетуге негізделген басқа төлемдерден тұрады”.
“Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын кімдер басқарады?
“Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесіне жеті адам және бір нейрожелі кіреді.
Олардың қатарында:
- премьер-министр әрі қордың директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов;
- қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов;
- директорлар кеңесінің мүшесі Ерболат Досаев (қорға биыл 23 желтоқсанда қосылды);
- тәуелсіз директор Болат Жәмішев;
- үш шетелдік мүше Вонг Хэн Файн, Сутера Лука және Мұхаммед Жәмил әл Рамахи бар.
Жақында бұл қатарға SKAI деп аталатын жасанды интеллект те қосылды. Алайда нейрожелінің құқықтық мәртебесі айқындалмаған және оған ешқандай төлем қарастырылмаған.
"Самұрық-Қазына" мен еншілес компанияларының басшылары бір жылда 7,7 миллиард теңге сыйақы алған
Қордың басқарма құрамына Нұрлан Жақыповтың жетекшілігімен жеті адам кіреді. Олар:
- Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директор Айдар Рысқұлов;
- Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Сәтжан;
- Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Елжас Отыншиев;
- Құқықтық сүйемелдеу, қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директор Николай Казутин;
- Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директор Бақытжан Таубаев;
- Цифрландыру жөніндегі басқарушы директор Абылайхан Оспанов.
Ал корпоративтік басқаруда Корпоративтік хатшының қызметінің басшысы Әсел Қарашева мен омбудсмен Серікбай Трұмов бар. “Самұрық-Қазына” өзінің қаржылық есептілігінде көрсеткен төлемдердің жалпы сомасына қордың барлық еншілес кәсіпорындарының басшыларына төленген сыйақылар да енгізілген.
Демек басшылық қызметте жасанды интеллектіні есептемесек 15 адам бар.
“Мемлекетте ақша жоқ, бірақ қор топ-менеджерлерге кеңпейілділік танытып отыр”
Ал саясаттанушы Ералы Нұржұма “Самұрық-Қазына” құрылымының легитимдігіне қауіп төнуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, биыл тоғыз ай ішінде “Самұрық-Қазына” қорының басшылары шамамен 7 миллиард теңге алған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%-ға өскен. Мәліметтер қордың аралық қаржылық есептілігінде көрсетілгенімен, қор осы сома қанша бөлігі топ-менеджерлерге премия ретінде берілгенін жарияламауды жөн көрген.
Ералы Нұржұма бұл мәселені тек бухгалтерлік тұрғыдан емес, саяси-қоғамдық контексте қарастыру қажет деп санайды.
Саясаттанушы Ералы Нұржұма «Самұрық-Қазынадағы» миллиардтық бонус төлемдері қоғамда сенімді төмендететінін айтты. Оның пікірінше, мемлекет “ақша жоқ” деп айтып жатқанда, қор ішінде кеңпейілділік көрсету түсініксіз көрінеді.
“Қазір корпоративтік мәдениет қоғамдық миссиядан басым болып кеткендей. Бұл қауіпті дисбаланс, алдағы уақытта қордың легитимдігіне де нұқсан келтіруі мүмкін”, – деді саясаттанушы.
Ол жоғары бонус төлемдері әлемдік тәжірибеде ашық көрсеткіштер мен қатаң бақылауға негізделетінін айтты.
Саясаттанушының сөзінше қор басшысы Нұрлан Жақыповтың ірі батыстық капиталмен тәжірибесі бар. Десе де оның басқаруы мен марапаттау практикасы жаһандық стандарттарға сай ма деген сұрақ туындайды дейді.
Депутат "Самұрық-Қазына" қорын тексеруді сұрады
Биыл маусым айында Мәжіліс депутаты Асқар Жұбанов "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының жұмысына қатысты соңғы кездері көп сұрақ туындағанын айтып, қорға тексеру жүргізуді ұсынды. Оның пікірінше, қор экономиканы дамытудың орнына нарықтың дамуын тежеп отыр.
Жұбановтың сөзінше, 2023 жылы қор компанияларының сатып алуының 60%-дан астамы бір көзден жүргізілген, бұл нарықтық экономика қағидаттарына сай емес. Сонымен қатар, қорға елдегі Жалпы ішкі өнімнің жартысына жуығы шоғырланған. Бірақ сыртқы аудит кешіктіріліп жүргізіледі. Негізгі активтер – "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "KEGOC" АҚ-ның табысы төмендеп, транспаренттік стратегиялардың жоқтығынан қарыз жүктемесі артып барады.
Депутат Жұбанов бұл мәселелерді шешу үшін мына ұсыныстарды айтқан еді:
корпоративтік басқаруды, сатып алуды және ресурстарды пайдалануды бағалауды қоса алғанда, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, кешенді сыртқы аудит жүргізу;
логистика, құрылыс, жер қойнауын пайдалану және телекоммуникация сияқты салалардағы активтерді бәсекелес ортаға беру;
қорды кезең-кезеңімен транформациялау механизмін әзірлеу, оның ішінде бір көзден сатып алуды жою, бейінді емес активтерді алып қою, тендерлердің ашықтығын арттыру, директорлар кеңесінің құрамын жаңарту;
қордың қазіргі күйде сақталуының мақсатқа сәйкестігін қарастыру. Егер реформалар сәтсіз болса, активтерді тиісті министрліктер арасында бөлуге көшу.
Жұбанов қорды жабық құрылымнан экономиканың нақты секторын дамытуға және адал бәсекелестік алаңына айналдыру қажет екенін айтты.
“122 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылған”
Ал биыл қараша айында Жоғары аудиторлық палата "Самұрық Қазына" қорына және оның еншілес компанияларына тексеріс жүргізіп, нәтижесін жариялады. Палатапалата төрағасы Әлихан Смайылов қорға тексерісті жыл басында жүргізетінін айтқан еді. Арға 9 ай салып уәдесінде тұрды.
Тексеріс нәтижесінде, мемлекетке тиесілі ірі компанияларды басқаратын холдинг жұмысынан біраз кемшіліктер анықталған.
Жоғары аудиторлық палата “Самұрық-Қазына” қорына жүргізілген тексеріс нәтижесін жариялады. Тексеріс “Қазатомөнеркәсіп”, Samruk-Kazyna Ondeu және тағы бірнеше компанияны қамтыды. Жалпы 18 заңды тұлғаға аудит жүргізілді.
Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, 2018-2021 жылдарға арналған қорды трансформациялау бағдарламасының аясында 8 компания халықаралық деңгейге шығу керек болған. Алайда бұл мақсат орындалмаған. Бағдарламадан тек 154,5 миллиард теңге пайда түскен. Бұл бастапқы түсуі керек сомадан екі есе аз болып шықты.
Қордың корпоративтік басқару деңгейі әлсіз болған. Ал стратегиялық құжаттар дұрыс дайындалмаған.
2024 жылы Қор тобының кірісі 16,5 триллион теңге, таза пайдасы 2,4 триллион теңге болған. Мемлекетке төленген қаражат — 2,37 триллион теңге (оның 779,9 миллиард — дивиденд, 1,6 триллион — активтерді беру). Бұдан бөлек, Қор президент пен Үкімет тапсырмаларына 673 миллиард теңге жұмсаған.
Қор құрамында 326 компания бар (6 деңгей). 2020–2024 жылдары 23 компания белсенді болмаған. Ал 2024 жылы 41 компания шығынмен жұмыс істеген. 175 инвестициялық жобаның тек 49-ы аяқталған.
Тексеріс нәтижесінде:
- 351,8 миллион теңге — қаржылық бұзушылықтар;
- 122,2 миллиард теңге — тиімсіз жоспарлау және қаражат пайдалану;
- 119 жүйелік кемшілік анықталды.
“Самұрық-Қазына” қоры төңірегіндегі дау
Жақында Маңғыстау облысында “Қазақтелеком” компаниясының бір топ қызметкері компания басшылығына және басқарма төрағасы Бағдат Мусинге видеоүндеу жолдап, жалақыларын көтеруді талап еткени еді. Қызметкерлердің айтуынша, жалақыларының деңгейі қазіргі экономикалық жағдайға сәй емес. Жалақымыз барлық қажеттілігімізді өтеуге, азық-түлік сатып алуға және коммуналдық қызмет ақысын төлеуге жетпейді деді олар.
Сондай-ақ оларға жеткен мәліметке сәйкес, компанияның жоғарғы басшылығы бір реттік төлем ретінде 10 айлық жалақы көлемінде сыйақы алған. Ал қарапайым мамандарға тек 20 мың теңге ғана төленген. Қызметкерлердің сөзінше, бұл әділетсіздіктің белгісі.
Қызметкерлер компания басшылығынан жағдайға назар аударып, негізгі техникалық және өндірістік жұмыстарды атқаратын мамандардың жалақысын өсіруді сұраған.
“Қазақтелеком” компаниясы қызметкерлер үндеуіне жауап берді. Алайда бұл жауап нақты емес. Олар аймақта омбудсмен және кәсіподақ өкілдерімен кездесу өткізілді, кездесу барысында қызметкерлерден түскен өтініштер мен ұсыныстар қаралатынын айтқан да, жауапты қысқа қайырған.
“Самұрық-Қазына” басшысы Нұрлан Жақыпов сыйақыға қатысты не деді?
“Самұрық-Қазына” басшысы Нұрлан Жақыпов биыл қазан айында "Қазақтелеком" топ-менеджерлеріне миллиондаған бонус төленетіні туралы ақпаратты тексеруге уәде берген еді.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков “Қазақтелеком” басшылары қызметкерлердің жалақысы төмен болуына қарамастан, ондаған миллион теңге көлемінде бонус алатынын хабарлаған еді.
Фото: “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры
Қазан айында өткен баспасөз мәслихатында журналистер Жақыповқа: "Топ-менеджерлер 50 миллион теңге алады да, сегіз айдан кейін қызметтен кетеді. Ал қарапайым қызметкерлер 120–160 мың теңге көлемінде жалақы алатынын білесіз бе" деген сауал қойды.
Ал сауалға қор басшысы мемлекеттік компанияларда сыйақының әділдігі мәселесі қордың бақылауында екенін және жағдайды толық зерттейтінін айтқан. Сондай-ақ бонус жүйесі "Самұрық-Қазына" портфельдік компаниялары мен қордың өзінде топ-менеджерлерді ынталандыру саясатының маңызды бөлігі саналатынын айтқан.
Қорды кімдер басқарды?
2008 жылы “Самұрық-Қазына” қорын Қайрат Келімбетов басқарды. Ол кезде бұл ұйымның нақты қандай құрылым екенін ешкім жақсы білмеді. Сол кезде қазақстандық қорды Норвегияның әл-ауқат қорына немесе Сингапурдың Temasek Holdings қорымен салыстырды. Десе де шетелдік екі қор негізінен елді басқарып, өз азаматтарының жағдайын жақсартуға тырысады.
2011–2017 жылдары “Самұрық-Қазына” қорын Әмірзақ Шөкеев басқарды. Ол кезде айта кететін бір жетістік, 2013 жылы “Самұрық-Қазына” АҚ Ресейде өткен V “Жылдың баспасөз қызметі” байқауында “Инновация саласындағы үздік PR-жоба” номинациясы бойынша 2-орын иеленген.
2017–2021 жылдары қорды Ахметжан Есімов басқарды. Ол ең тиімді басшылардың бірі болды. Оның басқаруында қор әлемдегі осы типтегі ең тиімді 10 қордың қатарына кірді. Шындығында, қысқа мерзімге ғана кірген.
2021–2023 жылдары қорды Алмасадам Саткалиев басқарды. Үлкен бизнес өкілдерімен кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қорды түбегейлі реформалау керек екенін айтты.
“Бұл туралы мен Саткалиевпен сөйлестім. Егер реформаны жүзеге асыра алмаса қор жойылады. Қордың қазіргі құрылымы өте күрделі: ашықтық жоқ, саяси маңызды адамдар тағайындалады, сатып алу жүйесі тиімсіз, еңбек даулары бар, жобалар толық жүзеге аспаған, шығыны жоғары. Бұл қоғамда наразылық тудырады”, – деді Тоқаев.
Алмасадам Сәтқалиев Тоқаевтың реформалау идеясын жүзеге асыра алмады. Десе де қор жойылған жоқ. 2023 жылы оның орнына Нұрлан Жақыпов келді. Дегенмен, нақты жағдай жақсарған жоқ. Тек миллиондаған сыйақы алатын топ-менеджерлердің жағдайы ғана жақсарған сыңайлы.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата “Самұрық Қазына” қорына және оның еншілес компанияларына тексеріс жүргізген еді. Олар тексеріс барысында 122 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылғанын анықтаған.