Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Самұрық-Қазына" Қазақстанда АЭС салу жобасын жүзеге асыруға кірісті

"Самұрық-Қазына" қоры Қазақстанда АЭС құрылыс жобасын іске асыруға кірісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жөнінде басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді.

атом энергиясы

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан атом электр стансасын қай компания салатыны туралы бір шешімге келмегенін атап өткен.

"Энергетикалық балансқа жасалған болжам 2032 жылға дейін қуаты 2400 мегаваттқа дейін атом электр станциясын салу қажеттілігін көрсетті. Сол себепті үкімет басшылығымен қор аталған жобаны іске асыруға кірісті", - деді Сатқалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол бұл бағыттағы жұмыс туралы мүдделі тұлғаларға, журналистерге және қоғамға хабар беретінін жеткізген.



Сәтқалиевтің сөзінше, Қазақстан Франция, Түркия, Венгрия, Кореядағы атом электр станцияларын зерделеген. Қытайдағы атом электр станциясына барған.

"Жалпы Самұрық-Қазына, үкімет және энергетика министрлігі аталған жобаны барлық ең үздік технологияны ескеретін халықаралық инвесторлар пулымен жүзеге асырылуы керек деген пайымға келді", – деп қосты ол.

2022 жылдың маусым айында ведомствоаралық комиссия Қазақстандағы бірінші атом электр стансасын Алматы облысындағы Үлкен ауылында салу туралы шешім қабылдаған.

Айта кетейік, Қазақстан кореялық KHNP компаниясының, қытайлық CNNC, ресейлік "Росатом" және француздық Electricité de France (EDF) компанияларының технологиялық шешімдерін қарастырып жатыр.

Талқылау