"Samgau UpShift" бағдарламасы: Қазақстандық жастар енді грант ұтып, кәсіп аша алады
Алматы қаласында Жастар ресурстық орталығының аясында биылдан бастап "Samgau UpShift" атты жоба жүзеге асырылып келеді. Жастардың кез келген категориясы, соның ішінде ерекше қажеттіліктері барлар бағдарламаға қатысып, заманауи қабілеттерін дамытып қана қоймай, кәсіп ашуға бағытталған ақшалай көлемдегі грант ұтып ала алады. Samgau UpShift бағдарламасының қазақстандық жастарға қандай пайдасы бар екенін Stan.kz тілшісі анықтады.
Бағдарлама кімдерге арналған?
- 10 жастан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар;
- Қоғамның ең осал топтарына, соның ішінде АИТВ және басқа созылмалы аурулары бар, мүгедектігі бар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға;
Samgau UpShift – БҰҰ-ның Балалар қоры (UNICEF) мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Жастар қызметкерлерінің қауымдастығы"қоғамдық бірлестігі ұсынатын жастарға арналған бірегей бағдарламасы.
Алматы қаласында 2021 жылдың көктемінен бастап жүзеге асырыла бастады. Қазіргі уақытта республиканың барлық өңірінде іске асуда. Бағдарлама жастарды өмір сүру үшін қажетті қабілеттерді дамытуға бағытталған курстарды ұсынады.
Шілде айында Жастар ресурстық орталығы базасында жобаның офисі Алматы қаласынан Медеу және Алмалы ауданында ашылды. Осылайша, қала жастары өздерінің идеяларын, инновациялық бастамаларын жүзеге асыруға тағы бір жаңа мүмкіндік алды.
Жастар жоба туралы қайдан біле алады?
- Медициналық-әлеуметтік мекеме қызметкерлерінен;
- Үй жайындағы әлеуметтік көмек беретін бөлімшелерден;
- Жұмыспен қамту ортылықтары мен осал топтағы жастар мен жеткіншектерге арналған Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтары арқылы;
- Әлеуметтік желілер;
- Қиындықтармен бетпе-бет келген жеткіншектер мен жастармен жұмыс істейтін ҮЕҰ-ның ақпараттық-түсіндіру жұмысы;
- Ата-аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарынан.
Бағдарлама ұсынатын мүмкіндіктер:
Бағдарлама жастарға келешек өмірде қажет болатын қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Оқу негізгі жеті бағыт бойынша жүреді:
- Командадағы келесім мен серіктестік;
- Сыни ойлау;
- Креативті ойлау;
- Шешім қабылдау;
- Мақсат қою;
- Уақытты тиімді пайдалану;
- Қажеттіліктерді анықтау мен команда қалыптастыру.
Жобаның артықшылығы әлі де жұмыс істеп үлгермеген, тәжірибесі жоқ жастарға қажетті білім алып, отандық нарықтың талаптарына сәйкес келу үшін, қоғамға бейімделуге үйренеді. "Samgau UpShift" инклюзиялық білімнің көрінісі.
Қалай қатысуға болады?
Жобаға қатысушылар jashome.org сайтына кіріп, өтініш қалдырады. Қазақстанның барлық аймағынан өтініштер қарастырылады. Одан кейін қатысушы ақпараттық-түсіндірме жұмысына жазылу қажет.
Жастар ресурстық ортылығының PR маманы Александра Мартынчик жоба жеңімпазы қалай таңдалатынын айтып берді.
“Алматы қаласында Жастар ресурстық орталықтары бар және әрбір ауданда сегіз бөлім жұмыс істейді. Одан бөлек әлеуметтік желілер мен сайттағы жаңалықтар таратылады, насихаттық шаралар жүргізіледі. Осылайша қатысушылар Samgau UpShif бағдарламасы жайлы біле алады.
Сайтқа өтініш қалдырған соң, біз қатысушыларды өмір сүруге қажетті қабілеттер курсынан өткіземіз. Содан соң жастар идеяларын жүзеге асырады. Ал грантқа өтініш қалдыру үшін қатысушылар сауалнама толтырады. Жастар ресурстық орталығы оларды қарастырып, ішінен іріктеп, республика деңгейіне өткізеді. Онда Еңбек министрлігі мен Юнисеф қоры жеңімпаздарды өздері таңдап алады”, – дейді маман.
Бағдарламаның өзгешелігі – ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдердің оған қатысуы. Олардың белсенді позициясы, эмансипациясы, топ мүшелерінің бір-бірін қолдауы, жеке жобаларды талқылауға және дайындауға ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялардың тууына, жаңаша бағатта өзгерістер жасауға және оны бөлісуге деген ұмтылысқа ықпал етеді.
“Ерекше қажеттіліктері бар балалар осы жобаға қатысып, өз бағдарламаларын ұсынуда. Қатысушылардың бірі мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған самокаттардың жобасын әзірледі. Тағы бір қатысушымыз әлеуметтендіру бойынша желіге видео дайындауды үйретумен айналысады”, – дейді Жастар ресурстық ортылығы маманы.
Орталық маманы оқу курсында кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілетінін айтады.
“Көктемде әріптестеріммен Samgau Upshift курстарынан өттік. Ал шілдеде біз Алматыдағы Жастар Ресурстық орталығында Samgau Upshift жобалық кеңсесін ашып, жастарды өз бетімізбен оқыта бастадық. Қатысушылардың жобаларын әзірлеу мен оны жүзеге асрыуға көмектестік. Осы жобаға қатысу арқылы біз өз қаламыздың жастарына бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береміз. Меніңше, бұл өте жақсы шешім, себебі жастардың идеясы көп және оларға қолдау қажет.
Бұл жоба жасөспірімдер мен жастардың инновациялық әлеуметтік жобаларды ұйымдастыру дағдыларын дамытуға және нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жаһандық Upshift жобасының қазақша локализацияланған нұсқасы жастарға өздерінің кәсіпкерлік жоспарларын жүзеге асыруда қолдау мен көмек береді”, – дейді Александра Мартынчик.
Қазіргі таңда курстарды толық өтіп, грант ұтқан төрт жоба бар. Олар менторлық қолдаудың көмегімен жұмыс істеп жатыр.
“Бастапқыда кез келген бағыттағы жобалар қарастырылады деп хабарлаған болатын. Алматы қаласының жастары әлеуметтік бағыттағы жобаларға көбірек көңіл бөлді. Басқа адамдардың дамуына көмек беру, әлеуметтену. Осы жобаларға Юнисеф қоры мен Еңбек министрлігі әр жобаға 220 мың теңгеден бөлді.
Бұл грант ұтқан жобалар менторлардың көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Бізде қатысушылардың арасында 18 жасқа дейінгі жастар бар. Қазір менторлық бағдарлама жүзеге асып жатыр, – дейді маман.
ЮНИСЕФ-тің инновациялық зертханасының шамшырағы, негізі – UPSHIFT әдіснамасы. Бағдарлама жастарды дамыту, кәсіпкерлік, инновациялық бағыттарды біріктіреді,
Халықаралық UPSHIFT бағдарламасына қазақ тілінің самғау сөзі қосарланып жазылып, осылайша қазақстандық нұсқасы пайда болған. Жоба авторлары осымен адамдарға ерекше сезім ұялатқысы келген. Өмір сүруге қажетті дағдыларды дамытатын онлайн тренингтер, практикалық семинарларды өткен қатысушы осы білімнің негізінде пайда болған жобаларды іске асыру үшін шағын гранттар бөлген.
Республикалық Физика-математика мектебінің түлегі, 17 жастағы Алишер Махмут “Эко лето” жобасы үшін 220 мың теңге грант ұтып алғанын айтады.
“Дебаттарға қатысып жүрген таныстарыммен бірге жобаны жүзеге асыру идеясы ойыма келді. Бір ай көлемінде оқу оқыдық, оның ішінде көшбасшылық қабілеттерді дамытатын курстар өттік. Қазір біз ментордың көмегін алып, зерттеу жүргізіп, жобамыздың концепциясын жасап шықтық. Дебатерлер мен экологиялық ұйымдармен сөйлестік. Еріктілер лигасының құрамында болғандықтан, осы мүмкіндік туралы еріктілерден естідім. Маған әлеуметтік көмек саласы өте қызық. Жобалармен айналысу арқылы үлкен тәжірибе жинаймын деп ойладым, шынында солай болды да. Түрлі қызықты спикерлерден дәріс алдық.
Идеяны іске асыру жолын түсіндіру өте пайдалы әрі қызықты деңгейде өтті. Менің командамның жобасы экология тақырыбына арналып отыр. “Эко-Лето” аталатын жоба аясында біз балаларды тәжірибе негізінде экологияны қорғауға үйретеміз. Бұл сенбіліктер, ауланы тазалау, ағаш отырғызу сияқты әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Экология жобасы бойынша командамызда үш адам, дебаттар командасында төрт адам бар. Жобамыз 220 мың теңге көлемінде грант ұтты”, – дейді ол.
Айтуынша, екінші команда қалада дебаттар өткізуді қолға алып отыр. Қазір жоба жоспарлау деңгейінде.
“Ментор бізге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дебатты өткізу бойынша қаржыны үлкен турнир өткізуге жұмсамақпыз. Бұл тәжірибесі жоқ жастарға арналған турнир болғалы тұр. Қарашаның басында Нұр-Сұлтан, Бішкектен мықты спикерлерді тәжірибесін бөлісу мақсатында шақырып отырмыз. Эко жобаға балаларға арналған лекциялар сериясын өткізбекпіз. Қоқысты сұрыптау, сенбілікті эко сенбіліктен айыру сияқты мәселелерді түсіндіреміз.
Бұл жоба менің жеке бастамам. Өзім дебатқа да белсене қатысқан соң осындай әлемдік деңгейдегі проблемаларды жиі талқылаймыз. Кез келген проблеманы шешуде өз қалаңнан бастау керек. Ал Алматыда экологиялық проблемалар шаш-етектен. Біз бұл проблеманы жүйелі түрде шешуге тырыспақпыз. Балаларға білім беру арқылы экологияға қалай көмектесе алатынын олар түсіну керек. Желілер, Телеграм каналардарда осындай жобалар жайлы көп ақпараттар бар. Ең бастысы мақсат қойсақ, соған жете аламыз”, – дейді ол.
Айтуынша, қазіргі кезде жастарға қолдау көрсетуге тырысатын қорлар мен ұйымдар өте көп, оларды тауып, қатысу қиын емес.
Samgau UpShift жобасы бұрын тек онлайн режимде іске асырылған болатын. Мәселен, карантин кезінде оқуға мыңнан астам жас қатысып, оларға сертификатталған менторлар дәріс берді. Өмірлік маңызы бар дағдыларды оқыту бойынша 30-дан астам семинар, 2 онлайн буткамп өткізілді. 9 команда шағын грант алып, өз бизнес идеяларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ, жобаға Қазақстанның түрлі өңірлерінен 11 мектеп пен 6 Жастар ресурстық орталығы қатысып жатыр.
Айта кетейік, бағдарламаны жүзе асырушылар отбасында қиындықтары бар 5 500 жеткіншек, мүгедектігі бар, АИТВ, созылмалы аурулары бар 2000 жасөсіпірімді жұмысқа тұру мен өз бетімен өмір сүру дағдыларын үйретіп, 800 жеткіншекті UPSHIFT әдісі бойынша әлеуметтік бизнес жобалар жасауды мақсат етіп отыр.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
