Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Салымшылар жабылған банктердегі депозиттерін қалай ала алады?

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2021 жылдың 1 мамырынан бастап кепілдендірілген өтемақы төлеудің жаңа тәртібі жұмыс істей бастайтынын хабарлады. Лицензиядан айырылған банктің салымшылары өтінімді банк филиалдарына бармай-ақ эклектронды түрде бере алады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"2021 жылдың 1 мамырынан бастап агент-банкке төлем жасау туралы әлі өтініш білдірмеген 450 мыңнан астам салымшы кепілдік ақшаны онлайн режимінде қайтаруға өтініш бере алады", - делінген хабарламада.

Мұндай мүмкіндік "Tengri Bank" АҚ салымшылары үшін, сондай-ақ қазіргі уақытта таратылу сатысында тұрған банктердің клиенттері үшін қарастырылады. Олардың қатарына "Валют-Транзит Банк" АҚ, "Казинвестбанк" АҚ, "Delta Bank" АҚ, "Qazaq Banki" АҚ, "Қазақстан Эксимбанкі" АҚ және "Астана Банкі" АҚ кіреді. 

Кепілдік өтемақы төлеуге өтінімдер депозиттерге кепілдік беру қорына  электронды түрде де, жазбаша түрде де төлем басталған күннен бір жыл уақыт ішінде қабылданады. 

Депозиттерге кепілдік беру қоры кепілдік өтемақысын төлеу туралы өтінішті онлайн режимінде беру қолданыстағы процедураны жеңілдететінін және салымшылар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, төлемдерді қабылдаудың тартымды әдісі болатындығын атап өтті.

"Бұл олардың жеке уақытын үнемдеуге, агент-банктің филиалына бару шығындарын азайтуға және төлемдердің алғашқы күндеріндегі адамдар санын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе COVID-19 коронавирус пандемиясы кезінде маңызды", - дейді ұйым.

Сонымен қатар, Қор 2021 жылдың 1 мамырынан бастап салымшылар талап еткен кепілдік өтемақы сомаларын төлем басталған күннен бастап бір жыл ішінде олардың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарына ерікті зейнетақы жарналары ретінде аударады.



Төлем басталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе 2022 жылдың 1 мамырына дейін дәлелді себептер бойынша өтемақы алуға өтініш бере алмаған салымшылар депозиттерге кепілдік беру қорына растайтын құжаттарымен жазбаша өтініш бере алады.

Дәлелді себептер тізімі «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» заңда қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтарда мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтауға бағытталған "Кейбір заңнамалық актілерге экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Онда азаматтарға кепілдік өтемақысын төлеу процедурасын жеңілдетіп, депозиттерге кепілдік беру жүйесінде жаңалықтар қарастырылған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 05 Қаңтар, 2021 11:47
Талқылау