"Салафит күйеуімнен алып кетті": Түркістан облысында никаб киген қыз 13 жасынан бастап "ваххабит" танысының зорлап келгенін айтты
Түркістан облысында никаб киген қыз 13 жасынан бастап ваххабит танысының зорлап келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Айгүл Орынбек-LIVE YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Айшаның сөзінше, ол әпкесінің танысы Жеңісбек Тағаев есімді ер адаммен 13 жасынан бастап таныс екен.
“Сол Жеңісбек Тағаев деген 15 жасыма толғанда ислам дінінде әйел адам әурет жерін жауып жүруі керек деп айтты. Сосын никаб киюге көштім. Ол адам мені 13 жасымнан бастап зорлап келді. Үйіңдегілерге айтпа деп бопсалап, қорқытты. Бір-екі рет кездескен соң қолымда бар жалаңаш түскен фото-видеоларыңды бауырларыма көрсетіп, масқараңды шығарамын деп қорқытып жүрді”, – дейді Айша есімді қыз.
Айшаның сөзінше, Тағаевпен арадағы қарым-қатынас 2021 жылға дейін жалғасыпты. Қыз ол адамнан тұрмысқа шығып құтылдым дейді.
“2021 жылы басқа салафитке тұрмысқа шықтым. Ол адаммен арада неке болды, 3 жыл бірге тұрдық. Ол адам мені бір көріп, ұнатып, сол жерде некемізді қиып, алып кетті. Менің алдымда ол 2 әйелімен ажырасып кетіпті. Менен кейін, 2 жылдан соң тағы бір әйел алды. Ол әйелдің бес бала-шағасы бар. Сосын 2024 жылы Жеңісбек келіп күйеуіме фото-видеоларды көрсетіп, “бұл менің әйелім” деп айтқан соң, оған қайтарып берді. Жеңісбекпен қайта бірге тұрдым. Оның айтқанын істеп жүрдім. Қазір жасым 18-де. Негізі ислам дінінде неке қию керек. Бірақ салафиттер ондай затқа маңыз беріп қарамайды. Олар үшін үйлену – басқалардың көзіне әйелі бар сияқты көрсетіп жүру. Жеңісбек бауырларына біздің арамызда неке бар деп айтқан. Басқалары солай ойлап жүр. Неге неке қимаймыз десем, қолым босамай жүр, уақытым жоқ дейді. Ол өзін салафитпін дейді, бірақ ваххабит ағымында”, – дейді қыз.
Айшаның сөзінше, жолдасымын деп жанында жүрген адам Шымкент-Алматы бағытында автобуспен жолаушылар тасымалдайды екен.
“Ата-анасын танимын. Бірақ ол өзі туралы, жеке өмірі жайында ашып ештеңе айтқан емес. Біз Сарыағаш қаласында тұрамыз. Мүлдем үйден шықпаймын. Жұмысына кеткен кезде сыртымнан құлыптап кетеді. Ол үнемі “әйел адам барына да, жоғына да шыдау керек” деп айтады. Мен тұрып жатқан үйге ешкім келмейді, келуіне де рұқсат бермейді. Ешкіммен араластырмайды”, – деді қыз.
Сондай-ақ Айша 13 жасынан бастап, яғни 7-сыныптан соң мектепке бармаған екен.
“Мен хиджабқа келген соң олар мектепке кіргізбейміз деді. Үйдегілер де ауырып жатыр деп айтты. Үйде отырдым, ешқайда бармадым. 9-сыныпта басқа мектепке ақша төлеп ауыстырды. Бірақ ол оқу ордасына да барған жоқпын. Ақша төлеп сабаққа келіп жүр деген ақша алдыртты. Мектепке бармай аттестат алып, оқу бітірдім”, – деді қыз.
Қазіргі жолдасымын деп бірге өмір сүріп жатқан Жеңісбек Тағаев қыздан 24 жас үлкен екен.
“Үйленбеген адам. Себебі ол әйелдің айтқанын, қалауын жасап бере алмайды. Ол үшін әйел оның айтқанының бәрін істеу керек”, – деді қыз.
Сондай-ақ 18 жастағы қыз “ваххабит” ағымында күйеудің разылығы үшін барлығын істеу керегі айтылғанын жеткізді. Оның сөзінше, үлкен “ахи” бауырлары дінге қарсы кез келген тапсырманы істе десе, жасауға дайын екенін айтты.
“Ислам дініне қарсы шықса, болмайтын іс-әрекетке баратын болса, амал қалмаса істеуім мүмкін. Негізі ислам дініне кіріп келген кезде осы бүкіл зат айтылады. “Ислам дініне қарсы шықса, сенің орамалыңа, дініңе тиіссе дайынсың ба” деген сынды сөздер айтылады. Мүмкін біреуді өлтіру ме, білмеймін, қалай айтуды, бірақ соның “бәріне дайынсың ба” дейді. Уақыты келгенде “Сирияға баруға дайынсың ба” деп сұрақ қоятындар да бар. Бірден айтылмайды, бәрін үйреніп, қорықпайтын дәрежеге жеткенде айтады”, – деді Айша.
Сондай-ақ ол қазіргі күйеуі Жеңісбек Тағаевтың арабиялық ұстаздардың уағызын тыңдауға кеңес беретінін айтты.
“Ол маған уағызды өз телефонынан тыңдатады. Бірақ шейхтардың түрі қандай екенін, аты-жөні кім екенін мүлде айтпайды. Қазақ тіліне аударма жасалған уағызды тыңдатады. Арабияда тұратын бауырлар, “сестралар” бар солармен араласып тұрамыз. Біз көппіз. Екіге бөлінеміз. Сарыағашта “матруди” деген бар. Оларға бауыр, “ахи” деп айтпаймыз. Матрудилер деп “ваххабиттерді” айтамыз. Ал біз өзімізді “ахлус сүннет уал жамағат” деп атаймыз. “Ахлус сүннет уал жамағат” пен “матрудилердің” айырмасына тоқталайын. “Уал жамағаттағылардың” балағы қысқа, әйелдеріне теледидар көрсетпейді және үйден шығармайды. Матрудиде ата-ата-енесімен және қайныларымен араласып жүре береді. Ал Әбу-Ханифа мазһабындағылармен араласпаймыз. Олар ата-ене, қайын жұртымен бір дастархан басында отырады. Ал біз отырмаймыз. Шариғат бойынша ағасы інісінің әйелін көруге болмайды. Інісі ағасының әйелін көрмеуі керек”, – дейді қыз.
Айшаның сөзінше, намаз оқымаған адам кәпір саналады. Ал әйел кісі болса хиджабқа келгенше кәпір саналады дейді.
Сондай-ақ оның сөзінше, күйеуі есіміңді ауыстырайық деп алты есім ұсыныпты. Қыз сол есімдердің ішінен “Айшаны” таңдап алыпты.
“Атыңды кәпірлердің есімі деп айтпас үшін ауыстыру маңызды. Ислам дініндегі қайтыс болған әйелдердің аты болмаса, кәпірдің есімі деп саналады. “Хадиша, Айша, Әмина, Зейнеп, Гүлсім, Маймуна, Мәриям, Фатима” сынды есімдер болуы маңызды”, – дейді Айша.
Сондай-ақ оның сөзінше, ваххабит ағымы бойынша жүрсең, кәпірлермен араласуға, үйге қонақ шақыруға болмайды.
“Олардың үйіне баруға, жанында орамалыңды шешуге, бетіңді көрсетуге және олардың тамағын жеуге болмайды. Біздің 5-6 ахи дүкен ашқан, барлық азық-түлікті сол жерден аламыз. Себебі көпшілік жейтін кей тағамдар кәпір саналады”, – дейді қыз.
Айшаның сөзінше, анасы қара киім киюіне қарсы шыққан.
“Анам қазіргі ваххабит күйеуімді таниды. Анам оған қызым 18 жасқа толған соң саған тұрмысқа беремін деп айтқан. Себебі Жеңісбектің анаммен жақын қарым-қатынасы бар. Анам ол адаммен жыныстық қатынасқа түсіп жүргенімді 13 жасымда білді. Бірақ кәмелет жасына толған соң күйеуге беремін деп айтты. Алайда ол “қызыңыз әке-шешемнің қолында тұрады” деп, анамды көндіріп алып кетті. Алайда анама маған көрсетіп жүрген зорлық-зомбылық әрекеттерін мүлде айтпады”, – дейді қыз.
Сондай-ақ ол ваххабиттерде әйел мен ер адам некелескен соң ата-енемен бірге тұрмайтынын айтты.
“Бізде әйел мен ер адам үйленген соң беташар болмайды. Ата-енемен тұрмаймыз, сондықтан сәлем салу деген салт жоқ. Махр деген зат бар. Оған тек қана “Құран кітап” сұрайды. Алтын сынды дүние сұрасаң, қайырсыз неке деп айтады. Неке кезінде көлік сұраса “ахи” сол кезде тастап кетеді”, – дейді қыз.