Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуің төртінші әйел аламын десе де қарсы шықпауың керек": Қазақстандық келіншек 15 жыл салафи ағымынан шыға алмаған

алмара қайратқызыФото: Stan.kz

Қазақстандық келіншек Алмара Қайратқызы өзге ағымда жүрген күндерін есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дін жолында жүріп, бас тартқан келіншек тақырыпты қозғау ауыр екенін жасырмады. Құқық қорғаушы Айгүл Орынбектің “Жүйе” подкастында қонақ болды. 

“Көп адамдар мені сұхбатқа шақырады. Бірақ қоғам әлі менің әңгімемді тыңдауға дайын емес. Бір жерге сұхбат берген едім, ертеңіне адамдардың сөзіне көтере алмай ауырып қалдым. “Сен тозақта өмір сүресің, тірідей жанып кетесің” деген пікір мені сындырып жіберді. 15 жыл бұрын ағымда жүргенімде өзімді жалғыз сезінбедім. Өйткені бір қауым сөзімді сөйлейтін жамағатым бар еді. Хиджабты шешіп, діннен кетіп қалғанымда жалғыз қалдым. Қоғам қабылдаған жоқ. Менің сөздерім көп адамға ұнамады. Әлі күнге дейін құрбыларым жоқ. Мен оранып алған қыздардың бұл жолға түспегенін қалаймын. 15 жыл уақытымды оранып өткіздім. Білім алмадым, шетелге шықпадым. Қазір заман басқа. 21 жасымда оранып, 35 жасымда түгел шешіп, діннен бас тарттым. Арада қаншама жыл босқа өтті. Соны ойласам, өзімді қоярға жер таппаймын. Орталық мешітке барып, бірден хиджаб кидім. Намаз бастамай жатып, түгел оранып алдым. Қап-қара көйлек киіп жүрдім. Алдымен ата-ананы құрметтеуге қатысты уағыз тыңдадым. Бірде-бірде тұрмысқа шығу, үйде отыру деген уағыз тыңдадым. 21 жасымда күйеуге тиіп, бала туамын деп ойламадым”, – дейді Алмара. 

  “Күйеуің төртінші әйел аламын десе де, қарсы шықпауың керек”

Салафи ағымының жетегінде кеткен Алмара дінтанушылар психикамен қатты жұмыс істейтінін айтты. 

“Ағымдағы уағызшылар психологияны қатты меңгерген. Алдымен, ата-анаңмен қарым-қатынастан бастайды. егер олармен жақсы болсаң, “Ата-ананы құрметтеу” деген уағыз тыңдатады. Қарым-қатынасың нашар болып, қатыгез болып өссең, бірден терроризмге қатысты уағыз тыңдайсың. Олар сенің әлсіз тұсыңды біледі. Мен де оқудан шығып, депрессия болып жүргенде кірдім. Журналист болғым келді бірақ анам мені есепші-финансистке түсірді. Журналистке мақала жазу керек ондай менде болмады содан басқа мамандық игердім. Оны өзім ұнатпағандықтан, сырттайға ауысып кеттім. Сол кезде өмірім бітіп, күл-талқаны шыққандай болды. Дін өкілдері де сондай сәтті байқады. Әлі күнге дейін неге журналист болмадым деп ойлаймын. Ағымда жүргенде ғана ойлаған жоқпын. Өйткені тұлға, адам ретінде өзімді жоғалттым. Бар білетінім, күйеуге шығу, бала табу, күйеудің разылығын алу. Басқа артық ой болған жоқ. Күйеуің төртінші әйел аламын десе де, қарсы шықпауың керек”, – деді қазақстандық келіншек. 

“Тұрмысқа шығып, Египетке кетуді армандадым”

Алмара Қайратқызы жеке өмірін де жасырып қалмады. Уағыз-насихаттың әсерімен тұрмыс құрғанын да айтты. 

“Ол кезде жалындап тұрмын. Небәрі 21 жастамын. Ұстаздарыма “Салафизм ағымын меңгерген жігіт керек” деймін. Діни білімі күшті жігітке тұрмысқа шыққым келді. Санам сол кезде-ақ уланып қалған. Мықты салафиз өкілдері Мекке мен Мединада тұрады. Бізге тек дауыстарын тыңдады. Соған елітіп, күйеуге шыққымыз келетін. Олар дінмен ғана өмір сүреді. Дүние, білім, ғылым керек емес. Бір күні Астанаға Мединада оқитын, елге уақытша келген жігіт келді. Пойызға отырып, Астанаға бардым. Жиенімді ертіп алдым. Кездесу кезінде басыңды көтермейсің. Мен секундқа басымды көтеріп қарап едім, жігіттің жүзі суық екен. Жүрегім жылымай қалды. Одан кейін Египетте оқитын бір жігітпен таныстым. Ол ажырасу дәрежесінде жүргендіктен, қосылуға рұқсат етпеді. Өйткені ол кісі қазақ қызымен некелескен, бірақ қыз ұнатпаған. Содан жасым 24-ке келді. Шынымды айтсам, жігіт іздеп шаршадым. Жамағатым жігіт іздей бастады. Шетелде оқыған адам керек екенін айналам біледі. “Бір жігіт бар, Египетке кеткісі келеді. Егер қаласаң таныстырайық” деді. Жүзі жылы, жуас жігіт екен. Бірден келістім. 3 рет кездесіп, күйеуге шығып кеттім. Бірақ әкем қатты қарсы болды. 13 жыл некеде тұрдық. Екі баламыз болды. Бірақ Мысырға кете алмадық. Үш жылдай сәби күттік. Сол кезде шығып кетуге мүмкіндік болды, бірақ қолданбадым. "Тозақ, тозақ" деп сананы қорқытып тастағандықтан қорықтым. Тағдырыма көнемін, Мысырға бармайтынымды сеземін. 4 қабырғада отырамын. Арзан үй жалдап отырамыз. Әкем келеді де "сені осы үшін өсірдім бе" дейді. Ағымда болу – тозақта болу. Бірақ, түп санаңды улап тастағаннан кейін оны сезбейсің. Ұрыс-кикілжің басталды. Балалы болсақ та, жүрегім тынышталмады. Ағымда жүру – тозақта болумен бірдей ", – деді Алмара Қайратқызы.

Гүлдана Нұрлыханова
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 17:50
Талқылау