Сәкен Майғазиев: Біреуге зиян келтіріп байымай-ақ қояйық
МузАРТ тобының әншісі Сәкен Майғазиев жаңа жыл мейрамын тойлағанда отшашу атуды құптамайтындығын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өнерпаз өзінің Instagram парақшасына жазды.
"Достарымның бірі баласының отшашудан (пиротехника, салют, фейерверк) қалай зардап шеккенін, қолын күйдіріп алып ауруханаға барғанын, ақ халатты абзал жандар түнгі 12:00-ден бастап, отбасын тастап, емшарамен айналысатынын көріп таң қалыпты. Сақ болайық. Ұлт дұшпандары теріс қарай атылатын етіп шығарыпты-мыс (3-ші видеода ). Қытайды жамандағанда алдымызға жан салмаймыз, солар шығарған жарылғыш заттарға жанымыз құмар", - деп жазыпты әнші.
Бұған қоса ол келесі жылдан бастап, отшашу атуға тыйым салуға шақырып, 2020 жылы ел-жұртқа аманшылық тіледі.
"Жақындарымызға жанымыз ашыса келесі жылы үзілді-кесілді тыйым салуға үндеймін. Біреуге зиян келтіріп байымай-ақ қояйық. Санаулы күндерде жаңа күнтізбенің парақтары ашылады. 2020 жылға тыныштықпен, жақсылықпен, игілікпен, берекемен, құтты қадаммен бастауымызды бұйыртқай", - деп аяқтады сөзін Сәкен Майғазиев.
Әншілінің желідегі оқырмандары оның бұл айтқанына қосылатындығын жеткізіп жатты.
"Дұрыс айтасыз", "Бұған кеткен ақшаны одан да ізгі істерге, қайырымдылыққа жұмсаған дұрыс" дегенжазба қалдырыпты желі қолданушылары.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
