Сәкен Бибосынов алғаш рет кәсіби бокс кешінде жекпе-жек өткізбек
Фото: olympic.kz
Токио олимпиадасының қола жүлдегері, қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов алдағы кәсіби аренадегі дебюттік кездесуі туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бибосыновтың алғашқы кәсіби жекпе-жегі 20 шілде күні Қырғызстан астанасы Бішкекте өтпек. Оның қарсыласы — он кездесу өткізген тәжірибелі филиппиндік боксшы. Сәкеннің айтуынша, бұл таңдаудың басты себебі — рейтинг ұпайларын тез жинау қажеттілігі.
"Қазір жаттығу үдерісі жоспар бойынша жүріп жатыр. Алла бұйырса, 20 шілдеде дайындықтың нақты нәтижесін көрсетемін. Қарсыласым кәсіби деңгейде менен әлдеқайда тәжірибелі, бірақ әуесқой бокстағы жолым маған артықшылық береді деп сенемін. Жапониялық промоутерлер бірнеше нұсқа ұсынды, барлығы осал емес еді. Біз мықтысын таңдадық," — деді спортшы.
Сондай-ақ, Бибосынов Олимпиада чемпионы атану мақсатын әлі де көздеп жүргенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық құрамамен байланысы үзілген жоқ, ал кәсіби жекпе-жекке шығуға бапкерлер мен федерация рұқсат берген.
"Мен әлі де ұлттық құраманың қатарындамын. Қазір халықаралық жарыстар жоқ болғандықтан, бапкерлерім мен федерация басшылығы рұқсатын берді," — деді ол.
Сонымен қатар, боксшы бұл қадам кәсіби спортқа толық ауысу емес екенін, мұндай тәсілді көрші Өзбекстан құрамасының боксшылары да қолданатынын мысалға келтірді:
"Өзбек спортшылары да осы жолмен жүріп жатыр. Бізге де сол тәжірибені қолдануға болады," — деп түйіндеді Сәкен Бибосынов.

Қазақстандық қыз жігіттен қалыңмалын алып, артынша полицейге тұрмысқа шығып кеткен
