Сафар Шәкеевке ұқсайтын жігітті 3 күн бұрын көрген куәгер табылды
16 шілде күні танымал композитор Еркеш Шәкеевтің ұлы жоғалғандығы туралы ақпарат барша қазақстандықты тікесінен тік тұрғызды. Алматы қаласының барлық дерлік күзет ұйымдары мен еріктілері оны іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал танымал жұлдыздар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы қолдау көрсетуде. Бүгін Stan.kz тілшісі күзет ұйымдарымен бірге іздеу жұмыстарына қатысты. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде бір куәгердің Сафар Шәкеевке ұқсайтын жігітті 18 шілде күні Ремизовка көшесінің бойынан көргені анықталды.
16 маусым күні Алматы қаласында танымал композитордың ұлы Сафар Шәкеевтің ұлы із-түссіз жоғалған болатын. Соңғы рет оны әл-Фараби даңғылындағы “Казкоммерцбанк” орталық бөлімшесінде таңғы сағат 7.00-де көргендер бар. Алайда бұдан кейін 25 жастағы жігітті іздестіру жұмыстары Алматыда болған қанды оқиға салдарынан бәсеңдеп қалған. Екі күннен бері іздестіру шаралары қайта қолға алынып, бүгін барша ерікті мен күзет ұйымдары оны әл-Фараби даңғылындағы шаңғы трамплині маңынан іздестерді.
“Құрметті еріктілер мен достар, ертең штаб шаңғы трамплиніне көшіріледі. Сол жерде таңертеңгі сағат 10 шамасында жиналамыз. Барлықтарына фейсбук және инстаграм желілері арқылы хабар таратуларыңызды сұраймын”, – деп жазған болатын Серік Бишібек.
Осы хабарламадан кейін бүгін 10-нан астам күзет ұйымы мен еріктілер шаңғы трамплині маңына жиналды. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан бағыт-бағдар берілмес бұрын қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Қандай заттарға мұқият назар аударулары керектігі айтылды.
Кейін күзет ұйымдарының қызметкерлері 4-5 адамнан топтасып, Сафарды ашық алаңнан, жеке секторлардан, құрылыс жұмыстары маңынан, өзен жағасынан іздестірді. Күдік тудырған адамдар жіті бақыланды. Көптеген куәгер соңғы бірнеше күнде оқыс оқиға болмағанын тілге тиек еткен.
Десе де, құрылысшылардың бірі оған ұқсайтын жігітті 18 шілде күні сағат 04:30 шамасында көргенін айтып қалды. Айтуынша, алқызыл футболка мен көк джинсы шалбар киген жігіт Ремизовка бойымен жоғары көтеріліп бара жатқан. Мұнымен қатар, дүкен сатушыларының бірі де оны жақын маңайдан көргенін айтқан.
“Өзіңнің де балаң болған соң іштей ата-анасының қайғысына ортақтасады екенсің. Мүмкін композитордың жалғыз ұлы да шығар. Тірі табылса екен деген ниеттемін. Осы маңайдан емес, бірақ жуырда бір жерден көргенім анық. Теледидардан хабарландыру таратқан кезде онша мән бермеген едім. Еріктілер дүкенге суретін алып келгенде көзіме оттай басылды. Бір жерден көргендей болдым. Бірақ әлі де есіме анық түсіре алар емеспін”, – дейді дүкен сатушысы.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл ғой. Сафардың табылып кетуіне барлығымыз шын жүректен тілектеспіз. Оны іздестіру жұмыстарына тағы да еріктілер қажет сияқты. Сондықтан, барша алматылықты көмекке шақырғым келіп отыр”, – дейді ерікті Айжан Такирова.
GNN Security күзет ұйымы Сафарды көрген куәгерді тапқанмен, ол туралы ақпаратты әзірге ресми таратпайтындарын айтты. Іздестіру жұмыстары әзір де жалғасып жатыр. Оны көргендер мен мәлімет барлардан мына телефондар арқылы хабарласу сұралады: 8 (747) 626-48-54, 8 (701) 787-88-87, 8 (775) 478-87-71. Сафардың қай жерде екені туралы ақпарат берген адамға 10 млн. теңге сыйақы беріледі.
Жіберіп алмаңыз:
Алматы облысында 22 жастағы азамат жоғалды
ОҚО-да 12 жасар Балнұр Насыр есімді қыз жоғалды
Оралда қыдырымпаз студент қыз өзін жоғалды деп жалған ақпарат айтқан