Сәбиіңіздің ұйқыдағы қалпына қарап мінезін таныңыз
Қатарынан үшінші ертегі оқылып, еркелей өтінген қалауын да орындадыңыз. Әйтеуір сәбиіңіз тынышталып, тәтті ұйқыға батты. Көрпесін қымтап жауып, жастығын түзедіңіз. Сәл кідіріңіз! Төсекке мұқият зер салыңызшы. Балаңыздың қалай жатқанына қараңызшы. Бәлкім, дәл қазір оның болмысы, мінезі жайлы қызықты дүниелерге қанық боларсыз…
Бұл тест ұйқыдағы тәнімізде бұғып жатқан сырды ұғынуға себін тигізеді. Сәбиіңізге қарап, төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз.
№1. Бала ұйықтағанда
а) арқасына не қырынан жатып, қолын жастанады;
б) малдас құрғандай қалыпта жиырылып жатады;
в) етпетінен керіліп жатады;
г) қандай қалыпта жататынын білмеймін.
№2. Баланың басы
а) жастықта;
б) жастықтың астында;
в) жастықтың бір шетінде;
г) жастықтан төмен.
№ 3. Ұйықтағанда қолдары
а) Симметриялы орналасқан не сәл бүгіліп жастықта жатыр;
б) біреуі бос, екіншісін мықтап жұмып алған;
в) ойыншығына, жастығына не көрпесіне жармасып алған.
г) ол өзін-өзі құшақтап жатады.
№ 4. Алақаны
а) бос және ашық, еркін жатыр;
б) біреуін жұмылған, екіншісі ашық;
в) жұдырығын түйіп алған;
г) бетін басып жатады.
№ 5. Ал аяқтары
а) еркін әрі екі жаққа жазылған;
б) біреуі бүгіліп, екіншісі жазылған күйде;
в) төсектің қырына ілінген;
г) айқасқан не ішіне қарай жиырылған.
№ 6. Әдетте балаңыз ұйықтағанда
а) төсектің дәл ортасында жатады;
б) қиғашынан жатады;
в) көлденеңінен жатады;
г) төсектің бұрышында бүрісіп жатады.
№ 7. Сәбиіңіздің көрпесі
а) баланың үстінде;
б) баланың астында не мүлдем ысырылып қалған;
в) денесіне ораталып қалған;
г) басына не кеудесіне жабылған, аяғы шығып қалған.
№ 8. Ізіңізді басқан балапаныңыз
а) еркін жатып, ханзада не ханшайым сынды ұйықтайды;
б) түйеқұс балапаны не төбелесшіл қораз сынды ұйықтайды;
в) індегі күзен сынды малдас құрғандай қалыпта бұралып жатады;
г) көрпеге оралған қуыршақ сынды.
№ 9. Ол түнде әлденені ұстап жата ма?
а) жоқ, тіпті ойыншығы да түсіп қалады;
б) ия, төсегін ұстап жатады;
в) ия, аяғымен төсекке жармасып алады;
г) өзін-өзі ұстап ұйықтайды.
№ 10. Әдетте бала кереуеті
а) аздап шашылған;
б) жинақы, бірақ салыстырмалы түрде;
в) үстінде не түрлінің бәрі бар;
г) астаң-кестеңі шыққан.
№ 11. Сіз оның ешқашан мынадай қалыпта ұйықтамайтынын білесіз
а) бұралып;
б) аяқ-қолын жазып арқасына жатып;
в) қолын жастанып бір қырынан;
г) етпетінен.
№ 12. Таңертеңгісін
а) баланың көрпе-жастығы шашылған;
б) бала да, көрпе де бұратылып, жастықты құшақтаған;
в) балаңыз сіздің төсегіңізге асығады;
г) енді ұйқыңызды жалғастыра алмайтыныңыз анық.
Қай әріпті көп таңдағаныңызға назар салыңыз.
А) Сенімділік пен жан тыныштығы. Сіздің балаңыз өзін жайлы сезінеді. Ол әлемді өз қалпында қабылдап, өзін де әлемнің қабылдайтынына сенімді. Мұндай жан өз бағасын біледі әрі көпшілік оған әрдайым құрмет көрсетеді. Бойындағы үрейдің себебінен мазасызданбайды, ол бақытты өмір сүруге кедергі бола алмайды. Сіздердің махаббатыңызға, қашан да қолдау білдіретініңізге сенімді болғандықтан, әрқашан өзіне сенімді. Қауіпсіздік пен қамқорлықтарыңызды сезіну арқылы сенімділігі арта түсіп, бойындағы кемшіліктерінен арланбайды.
Б) Сіздің балаңызда қиындықтар орын алып, ол түнде әлденеден құтылуға тырысады. Неден? Қандай да бір қорқынышты сәттер мен қайшылықтардан. Қазір онда қарым-қатынасқа байланысты қиындықтар болуы мүмкін. Оған әлем қатал көрінеді, сондықтан қиналып, қорғануға дайындалады. Оның үстіне ол сезімін өзгелерден жасыруға тырысады. Бәлкім ол өзінің ішкі әлемінің сізге ұнамауынан қорқатын шығар? Не десек те, балаңызды өздігінен шешуге қауқарсыз қиындықтар мазалайтынын білгейсіз.
В) Өзіне сенімсіз. Балаңыз өзіне, өз әл-дәрменіне сенбейтін сияқты. Мүмкін ол не істерін де білмейтін шығар? Не себепті? Ол күтпеген жайсыздықтардан үрейленіп, қайтсе де одан қашып құтылуға тырысады. Өзін де өзгелерді де бақылауға тырсатындықтан, өзін бос әрі еркін сезіне алмайды. Өміріндегі кез-келген өзгеріс қиындық пен жайсыздық туғызады. Алды-артын болжаудан қорқып, қобалжып, салдарынан жақындарын пана тұтқанды жөн көреді. Десе де еркіндікті жаны қалайды. Бірақ санасындағы «Ал қолдаусыз қалсам ше?» деген сұрақ маза таптырмайды. Мұның барлығы баланың ішкі әлемін шырмап, бәрінен қорқақтауына жол ашады.
Г) Мазасыздық тұтқыны. Қазір балаңыздың өмірінде не сізбен, не өзімен күрес кезеңі өтуде. Бәлкім соңғы күндері оның көңіліне жақпайтын жағдайлар орын алған болар. Алайда ол қиындықтарға көнуге мәжбүр. Қандай да бір себептер үшін балаңыз өз қажеттіліктерін ашық білдіре алмай, «ешетең көрмеймін, ештеңе естімеймін» деген сипатта наразылық танытады. Шындығында ол – мазасыздық тұтқыны. Және ол мазасыздық балаңызға сізден беріледі. Құшағыңыздағы балапаныңызға сенімділік сезімі жетіспейді. Тек сіз ғана бұл сезімді сыйлай аласыз. Сонда ғана бала мазасыздықтан арылып, емін-еркін ойнап, оқып, қуанышты өмір сүре алады.