Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ринатты сақтауымыз керек": Мұхамеджан Тазабек ақынды жөнсіз айдақтамауға шақырды

Мұхамеджан Тазабек Ринат Зайытовты жөнсіз айдақтамауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жайлы Мұхамеджан Тазабеков өзінің желідегі парақшасында жазды. Қазақ тарихында қалып, ақындық өнердің әдемі көріністерін көрсетуге қауқарлы өнер иесін алаңға айдап, біреуіміз қой, болашағыңды ойла  демедік деп ашынды ол. Жан-жақтан жабылып, билікке қарсы сөйлетпей, мәселені шешу үшін іс-әрекет жасағанымыз жөн деп пікір білдірді Мұхамеджан Тазабеков. 

"Біз Ринатты сақтауымыз керек. Кешелі-бері жаны ашып отырған жанды байқамадым. Бәрі пайдаланғысы келеді. Алдыға сап қойып, арқасынан қызықтап қарағысы келеді. Лап-лап етіп от боп тұрған ақынды, орманға қарай бағыттағысы келеді. Алаңға барса арқасын қоздырып, "алдандым" десе жүйкесін тоздырып, көптің емес, топтың мүддесіне пайдаланғысы келеді. Отты жырларымен 100 жылдықтың ақыны болатын адамды, эмоциясын қоздырып, 1 күндіктің бүлігіне итергісі келеді. Әйтпесе, Ринат не айтам десе айтыс саxынасы мен эфир мінбері ешуақытта есігін жапқан жоқ. Түсініксіз жер мен түсініксіз жандардың ортасынан ол тұғыр мың есе қолайлы екені бәрімізге белгілі. Қара ниетті адамдар неге мұнша көбейген. Жүрсін ағам көзімен көріпті, қызуы тасып, қисалаңдағандар да сонда жүр екен, бетін бүркеп, ниетін жасырғандар да, жан-жақтан кеп жатса керек. Екі ортаға біреу кеп от тастаса, кім кінәлі? Әрине, Ринатты көрсетеріне күмәнім жоқ. Сондықтан да, ақын бауырымыз "тарқаңдар да, тарқаңдар" деп зар иледі. "Ешкімнің қанын мойныма жүктегім келмейді" деді", - деп айтты Мұхамеджан Тазабеков.

Ринат Зайытовтың өз ойы мен пікірі болса да, ақыл айтып, дұрыс жасап жатқан жоқ екенін түсіндіретін үлкендер қауымында айта кетті Тазабеков. Ринаттың елі үшін бүкіл ғұмырын қорлап, талантын тұншықтырмайық деген үндеу айтты ол. Қазақта Ринаттай ақын көп емес, сондықтан Зайытовты бағалап, болашағын ойлайықшы деп өтінді Тазабеков.

"Ия, Зайтовтың өз ойы, өз пікірі бар. Алаңға бару да өз шешімі. Бірақ неге ағалық ақыл айтпаймыз. Неге асықпай алысқа барғанын қаламаймыз. Құлды бәрекелді өлтіреді. "Елім, жерім" деген жүрегі бар екен, неге оны сақтамасқа, неге оның Абайдай дана, Қазтуғандай қазына болғанын күтпеске. Ия, Ринат батыл сөйлейді. "Сіздер үшін жаным құрбан" деп жатыр. Жастығы шығар, жалыны шығар. Бірақ батырдың артында би тұрмаушы ма еді?! "Елге батыр құт емес, би құт" дегенді талай бәлені бастан өткерген бабаларымыз айтпап па еді?!Батыл-ақынның ақыл айтар абызы кім?! Топқа барар жері мен тоқтайтын жерін айтатын биі кім?! Абыз бен би болуға жарамасақ, ақынды алдыға салып, Алашты алаңдата бермейік. Алақтаған топ пен абақтының арасында құрбандыққа шалына беретіндей қазақтың қайсар ақыны көп емес. Алаң алақтаған топ пен жалақтаған жасақтың жолығатын жері емес, балалардың балмұздақ жеп, ата-әжелер немелерелерін емін-еркін қыдыртатын жер. Алла артық қылам деп, тыртық қылғаннан, еселеймін деп, есең кеткеннен сақтасын!" - дейді Мұхамеджан Тазабеков.

Талқылау