Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Риддерде үйлер қайта суып кетті

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында үйлер қайта суытып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

1 желтоқсан күні Риддер тұрғындары пәтерлерінде жылудың қайта азайып кеткендігіне шағымданған. Төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб өкілдері мұның себебін түсіндірді.

"Жылу электр орталығы суды Громотуха өзенінен алады. Өзендегі "Лениногорск" СЭС учаскесінде қабыршақ мұз жиналуына байланысты осындай жағдай болып отыр. Риддер тұрғындары бұл табиғи құбылысты бұрыннан жақсы біледі. Өзенді тазарту бойынша барлық қажетті жұмыстарды СЭС қызметкерлері жүргізіп жатыр. Жағдай тұрақтанып келеді", - делінген ақпаратта.

Қазір орталықтағы № 2,3 және 6-шы – үш қазандық жұмыс істеп тұр. Жүйеде температура 60 градусқа дейін көтерілді. Төртінші жоғары қысымды қазандықта барлық техникалық жұмыстар жүргізілді, ол қосылуға дайын.

"Жұртшылықтан түсіністік танытып, сабыр сақтауды сұраймыз. Мамандар ЖЭО-да тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Олар жылу электр орталығының агрегаттарын қалыпқа келтіру үшін барлығын жасауда", - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20.00-де Риддердегі ЖЭО-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.

10 қараша күні Риддердегі жылу электр орталығында тағы да апат болды.

14 қарашада жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүріп жатқаны хабарланды.

Сондай-ақ жылу орталығындағы қазандықтарды жөндеуге ресейлік мамандар тартылған болатын.

Талқылау