Ресеймен серіктестікті дамытқан Қырғызстан суды Қазақстанға қысым жасаудың құралына айналдырды – БАҚ
Қазақстан мен Қырғызстан арасында су мәселесіне қатысты жаңа дау туындады. Бүгінгі күні Бішкек суға байланысты Қазақстанның Қырғызстанға деген тәуелділігін қысым жасаудың басты құралына айналдырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Asiatimes халықаралық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Украинадағы жағдайға байланысты Ресейге бірқатар санкция енгізілгені белгілі. Дегенмен Ресеймен серіктестікті дамыта отырып, Қырғызстан бұл санкцияларды айналып өтуде қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан АҚШ санкциялардың келесін пакетін Қырғызстан мен Қазақстанға қарсы енгізбекші.
Басылым мәліметінше санкцияны айналып өту үшін Қырғызстанда Қытай мен Еуропа және т.б. елдерден тауар сатып алып, мұны Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Каспий теңізі арқылы жасырын түрде Ресейге жеткізіп отыр.
Дереккөздер ұсынған мәліметке сүйенсек Қырғызстанның Қазақстанға қысым жасауы күшейе түскен. Себебі еліміз Шу мен Талас өзендеріндегі суға тәуелді. Ал бұл өзендер Қырғызстан аумағында бастау алады, сондықтан су қоймалары мен бөгеттерді де Қырғызстан бақылап отыр.
Көрші мемлекет Қазақстанға бұған дейін де су арқылы қысым жасаған. Мәселен, 2005 жылы елге жіберілетін суды өшіріп тастаса, 2018 жылы суды бөгейтінін айтқан. Ал 2022 жылы Қырғызстандағы су тапшылығын желеу етіп, тағы да сес көрсеткен.
Енді Қырғызстан суға деген тәуелділікті пайдалана отырып, Қазақстанды Ресейге қарсы санкция режимін айналып өтуде көмек көрсетуге мәжбүрлемек. Бірақ Қазақстан бұл қысымға қарсы тұра алғанымен, елде қазіргі уақытта су тапшылығы байқалып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, 8 жылдан кейін Қазақстанда су тапшылығы 15%-ға, 2040 жылға қарай көрсеткіш 50%-ға дейін өседі. Ал 2050 жылы еліміз суға аса мұқтаж мемлекеттер қатарына қосылуы әбден мүмкін.