"Ресейлік легионерлерден ақша жинаған": "Құлагер" хоккей клубының басшысы ұсталды
Фото: "Құлагер" ХК
Солтүстік Қазақстан облысында "Құлагер" хоккей клубының басшысы Сергей Филь алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Оны тәртіп сақшылары 5 қазанда қолға түсіріп, Петропавл қаласына жеткізді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Сергей Филь ресейлік легионерлерден Қазақстан азаматтығын жедел алып беремін деген уәдемен ақша алған. Аталған факт бойынша төрт спортшы полицияға шағым түсірген.
Бұған дейін Филь 24 қыркүйектен бастап жұмысқа келмей, басшылықпен байланысқа шықпаған. Осыған байланысты оған қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған болатын.
"Құлагер" хоккей клубының директоры Игорь Шерстов күдіктінің әрекеттерінен клуб басшылығының бейхабар екенін жеткізді.
"Сергей Филь өткен жылдың желтоқсан айында клубқа жұмысқа қабылданған. Ол команда сапарларын, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен айналысқан. Ал аталған заң бұзушылықтар оның қызметтік міндеттеріне кірмейді. Бұл — жеке азаматтық-құқықтық сипаттағы қарым-қатынас", — деді Игорь Шерстов.
Клубтың кадр бөлімі қызметкердің жұмыс орнында болмағаны туралы акт толтырып, бір айдан соң еңбек шартын біржақты тәртіппен бұзатынын мәлімдеді.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
