Қайраттың негізгі қақпашысы Заруцкийдің қазіргі жағдайы белгілі болды

Фото Кайрат ФК
Алматылық “Қайрат” футбол клубының негізгі қақпашысы Александр Заруцкий сырт алаңда Селтикке қарсы ойында ауыр жарақат алып қалған еді. Осыдан кейін оның орнына Темірлан Анарбеков шаршы алаңға шықты. Бірақ ішкі чемпионатта Ақтөбеге қарсы ойында Анарбеков те жарақат алғандықтан орнына 18 жастағы Шерхан Қалмұрза шықты.
Қазір Заруцкийдің денсаулығы мен қашан шаршы алаңға шығатынына қатысты “Қайраттың” бас бапкері пікір білдірді.
“Заруцкий жәймендеп жаттығуларға кірісті. Әзірге оның қашан қатарға қосылатыны жайында дөп басып айта алмаймын. Оның жарақат алған аяғының жүктемелерге қалай шыдап бергенін бақылауымыз керек. Бұған дейін залда жаттығып жүрген Александр бүгінде доппен жұмыс істеуде. Алдағы үзіліс кезінде Заруцкий қайта қалыпқа келіп алуға тиіс. Жаттығуын жалғастыра берсе, барлығы жақсы болады деген үміттеміз”, – деді Рафаэль Уразбахтин.
Айта кетейік, “Қайраттың” іріктеу кезеңінде сүрінбей өтуіне мол септігін тигізген осы – Александр Заруцкий. Жанкүйерлер арасында Александр Заруцкийдің еңбегі тасада қалып қойғаны жайлы әртүрлі пікір таралып жатыр. Сол себепті бұл қақпашының шаршы алаңға оралуын футбол сүйер қауым асыға күтіп жүр. Енді Заруцкий қараша айында “Интерге” қарсы ойында алаңға оралуы әбден мүмкін.
Талқылау

