Ресейлік компания Ақтау маңындағы Embraer AZAL апаты үшін өтемақы төледі
"АльфаСтрахование" сақтандыру компаниясы Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы үшін авиа-каско бойынша өтемақыны толық төледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ
Компанияның авиациялық және ғарыштық сақтандыру жөніндегі бас директорының орынбасары Илья Кабачник жолаушыларға өтемақы төлеу басталғанын айтты.
"Ұшаққа төлем толық көлемде ақпанда жасалған. Тәуекелдің негізгі бөлігі Ресейдің Ұлттық қайта сақтандыру компаниясында қайта сақтандырылған", – деді Илья Кабачник.
Өтемақы мөлшері жарияланбады, бірақ сарапшылардың бағалауы бойынша шамамен 25-30 миллион доллар (14 993 400 000 теңге) болады.
Кабачниктің айтуынша, жолаушыларға сақтандыру төлемдері қаңтар айында басталған. Бұл төлемдер 1999 жылғы Монреаль конвенциясымен және Ресейдің міндетті сақтандыру туралы (ОСГОП) заңымен реттеледі. Бұған сәйкес өмірі мен денсаулығына зиян келген жағдайда әр жолаушыға шамамен 22 мың долларға (10 995 160 теңге) дейін өтемақы қарастырылған.
Үшінші тұлғаларға келтірілген мүмкін зиянға қатысты әзірге сақтандыру компаниясына шағымдар түспеген.
"Егер шағымдар түссе, авиакомпаниямен белгіленген тәртіпте жұмыс істейміз", – деді "АльфаСтрахование" өкілі.
Еске салайық, қайғылы апат 2024 жылғы 25 желтоқсанда, AZAL әуе компаниясының ұшағы Бакуден Грозныйға рейс жасаған кезде болды. Ұшақ сыртқы әсерге байланысты құлады. Кейін апаттың Ресейдің әуе қорғаныс жүйелері соққы жасап, зақымдалғаны белгілі болды. Алайда Мәскеу бұған өзінің қатысы барын жоққа шығарып отыр.
Бұдан бөлек Ақтауда апатқа ұшыраған ұшқыштар мен диспетчерлердің соңғы диалогы пайда болғанын жаздық. Аудиода Грозныйға қонбау, Махачкалаға ұшпау, одан кейін Бакуге қайтып оралу, соның нәтижесінде Ақтауға ұшу туралы барлық шешімді Әзірбайжан әуе жолдарының экипажы дербес қабылдағаны естіледі. Диспетчерлер әуелі Грозныйға, сосын Махачкалаға қонуды ұсынып, экипажға Ресейдің басқа әуежайлары туралы ақпарат берді, бірақ экипаж бұл жерге қонбауды ұйғарды. Оның үстіне жазбалардан құстармен соқтығысу, борттағы жарылған газ баллоны туралы нұсқаны ұшақ экипажы диспетчерлермен сөйлесіп жатқан кезінде айтқаны белгілі болды.