Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейлік БАҚ: Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мерзімін ұзартуы мүмкін

Қазақстанда латын әліпбиіне көшу мерзімі 2030-2035 жылдарға дейін созылуы мүмкін. Бұл туралы Ресей БАҚ өкілдері жазады деп хабаралайды Stan.kz ақпараттық тілшісі.  

латын

«Известия» басылымының жазуынша, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың және латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы қолдаған ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайты әлі күнге дейін кириллица графикасын қолданыстан шығармаған. 

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың айтуынша, орыс тілі мемлекетімізде қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылып келеді және солай қала бермек.

«Орыс тілінің өз ресми мәртебесі бар. Бұл біздің Конституциямызда бекітілген», - деді ол ресейлік журналистерге берген сұхбатында.

Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешовтің айтуынша, қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары 2030-2035 жылдарға дейін созылатындығы туралы «Известия» газетіне шыққан мақала шындыққа сәйкес келмейді.

«Тұңғыш президенттің Жарлығына сәйкес «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» жұмыстары жүргізілуде. Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоспарланған мерзімге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Бірінші, 2018-2020 жылдары нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру бойынша жұмыстарды жүргізу, жаңа әліпбиде емле ережесін және латын әліпбиіне мәтіндік қайта көшіруге арналған IT қосымшасын әзірлеу;  Екінші, 2021-2023 жылдары мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді, паспорттар, куәліктер және басқа да құжаттарды латын қарпіне ауыстыру; Үшінші, 2024-2025 жылдары орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік БАҚ, сондай-ақ білім беру ұйымдарының іс қағаздарын латын қарпіне көшіру», – дейді Ғалымжан Мелдешов.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы латын негізді қазақ әліпбиін жаңғырту жұмыстарын жетілдіруге бағытталған тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы әзірленуде екен. Осы ретте Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоспарланған мерзімге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады.
 

Талқылау