Ресейлік аспаз бешбармақтың дәмін сынап тастады
Ресейлік аспаз Сергей Кагилев қазақтың ұлттық тағамы бешбармақтың дәміне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Аспаз Сергей Кагилев желідегі парақшасында қазақтың ұлттық тағамы бешбармақтан алған әсерін бөліскен видео жариялады.
"Мен өмірімде бірінші рет бешбармақты жеп көрдім, шынымды айтсам, менде түсініксіз әсер қалдырды. Бір жағынан дәмді, иә, бірақ екінші жағынан, өте қарапайым тағам. Таңғаларлық ерекшеліктері жоқ, жай ғана жақсы сорпа, қайнатылған ет және қамыр", – дейді аспаз.
Сондай-ақ аспаз видеода сиыр етінен жасалған бешбармақтың бюджеттік тағам емес екенін атап өтеді.
"Бір жағынан, өте қарапайым, етті 3 сағатқа пісуге қалдырып, ұмытып кетсең болғаны, бірақ екінші жағынан, қамырмен жұмыс істеу керек. Оны илеу және жаю өте көп энергияны талап етеді, ұнмен жұмыс істеу бәрі бірдей ұнай бермейді ", – дейді аспаз.
Аспаз бешбармақтан толық ләззат ала алмағанын айтты.
"Бұл тағам дәмді болып көрінді, тіпті танымал дер едім, бірақ мен бұл тағамды сезіне алмадым", – дейді Сергей Кагилев.
Видео жарияланған соң аспаз өзінің видеосына түзету енгізіп, бешбармақ дайындаудың барлық қыр-сырын ескермеген болуы мүмкін екенін де атап өтті.
"Видеоға жазылған пікірлерді оқып, бұл тағамның мен пісірер алдында көрген видеолардың ешқайсысында естімеген көптеген тұстары бар екенін түсіндім. Мен бешбармақты тым асығыс дайындаған екенмін, әрине, менің жасағанымды бешбармақ деуге келсе", – дейді аспаз.